Қарағандылық қайсар ана депутаттыққа неге ілікпеді?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

19.01.2021, 14:46

2656

Қарағанды облысында Ләззат Қожахметованы білмейтін жан жоқ.  Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі әлеуметтік жаңғыру тобының мүшесі, облыстағы  «Талбесік»  көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік  университеті  журналистика кафедрасының оқытушысы.  Қайсар ана соңғы жылдары қоғамда тысқары қалған ана мен бала тағдырына қатысты қадау-қадау мәселелерді көтеріп, түйінді проблемалардың шешілуіне орасан зор септігін тигізді.  Көпбалалы белсенді  ана биыл  «Нұр Отан»  партиясына мүшелікке қабылданды.

       «Шынымды айтсам, аяқастынан депутат боп шыға келгеніме өзім де  сенбегенмін.  Екі жыл бұрын облыста тұңғыш рет көпбалалы аналардың басын біріктіремін,  оларды  осы шаруаны көтеруге жұмылдырамын, әлеуметтік сала бойынша ел арнайы іздеп келетін «первоклассный» кеңесші боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді.  Сол миссияны атқаруға Алланың назары маған түсіпті.  Ол үшін көпбалалы ана атандырған балаларым мен қарбалас жұмысымнан көп зиян шеккен отбасыма қарыздармын», – деп әлеуметтік желіде жазба қалдырды Ләззат Қожахметова.

Қоғам белсендісі күзгі «праймериз»  науқанында қалада омалып отырмады. Шалғай ауылдарды адақтап, мүдделестерінің үнін естіп, ұсыныс-пікірлерін  көңілге түйіп, шешімін келер күнге жоспарлап қайтты.  Алайда бүгін аян болғандай,  облыстық мәслихатқа «Нұр Отан» партиясы атынан енген  депутаттар тізіміне  Ләззат Қожахметованың аты-жөні  енбей қалды.  Осылайша ел сыйлайтын қаhарман ана мен оны қолдаушы қалың жұрттың үміті ақталмады. 

— Мен артымда тұрған қалың қол – аналардың мәселесін айтып,  талай басшының мазасын қашырдым.  Басқарма басшыларының, облыс, қала әкімдерінің,   министрлердің алдында кез келген мәселені тайсалмай айттым.  Ол үшін ешкім бетімді қақпады.  Айтқан мәселелерім  жерде қалмады.  Облыстық қоғамдық кеңес отырысында қалаған басқарма басшысын шақырып есеп алуға,  Ұлттық кеңесте апта сайын  министрлермен кездесіп, кез келген мәселені көтеруге әкімқараларға хабарласып, әр ананың жағдайын айтуға еркіндік берілді. Содан ба,  депутаттық мандатсыз да ел жағдайын көтеріп, мемлекеттік бағдарламаларды өзгертуге болатынын түсіндім, – дейді күрескер ана.

Қоғамның қозғаушы күші болып отырған  осындай әйелдер саяси ортадан неге ысырылады?  Әлде бәсекелестері бөгесін тудыра ма?  Қайсар ананың бүгін әлеуметтік желіде жазған сайлаудағы жеңілісі жайлы толғанысы жүздеген  оқырманды толғандырды.   Авторға осы сағат ішінде  ұзын саны 130-ға жуық адам  жұбаныш пікірін  жолдап үлгерді.  Мәселен, тарихшы-ғалым Нұрсахан Ахметқызы: «Мен үшін сен депутат болмасаң да, Алаштың нағыз ақберген қызысың! Халық үшін сендей қызмет атқаратындар көп болсын!  Біз біргеміз!» – десе, зейнеткер-журналист Сүйіндік Жанысбай: «Ләззат айналдым,  мүмкін, бұл дұрыс та болатын шығар.  Көпбалалы аналардың қамқоры болу үшін тәуелсіз болсаң,  шаруаға алаңсыз кірісесің», –  деп,  кейіпкердің көңілін демдеген. 

      «Не ғылымда, не журналистикада қамал алмаған адамның ел сөзін сөйлеуіне әлі ерте деп қабылдадым.  Маған партиядан шығуға,  басқа партияға өтуге ұсыныстар айтылып жатыр.  Мен саясаткер емеспін.  Депутат боламын деп, партиядан партияға ауысу мен үшін жеңілтектік. Адам қандай жағдайда болсын өз ұстанымына адал болуы керек. Әлемді жеке адамдар өзгертеді.  Партия – тек құрал», – деген ана өз ұстанымына адал екенін білдіріпті.

Рухы биік, көпбалалы  зиялы ана – Ләззат Қожахметова  саяси жолда қарбаласпен жүріп, қол үзіп қалған докторлық диссертациясын жалғастыруға бекінгенін жеткізді. Жас болса да, сөзі сүбелі,  ісі ілгері, қайратты  нәзік жанның депутаттыққа сайланбай  қалуы  аймақтағы саяси элитаның арына сын.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым Еркебаева 09:25
Зейнеткерлердің зейнетақысы бес жыл бойы ұрланып келген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.01.2022, 12:00
Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»
Мариям МАҚСАТ 20.01.2022, 08:53
Кім кімді алдады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.01.2022, 17:45
Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?
Қайрат Балабиев 19.01.2022, 16:57
Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 19.01.2022, 15:33
Шымкент: шығын әлі есептеліп жатыр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48