«QazVac» Түркістанға жеткізілді

М.СӘУЛЕБЕК

30.04.2021, 13:38

1723

Жамбыл облысында жасалған  коронавирус індетіне қарсы  «QazVac» вакцинасы Түркістан облысына жеткізілді. Екпенің 2000  дозасы вакцина салатын бекеттерге таратылды.

Отандық вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған. Түркістан облыстық әкімдігінің хабарлауынша, жалпы, COVID-19 індетіне қарсы егу шаралары өңірде 1 ақпаннан басталған. Сол уақыттан бері  45 мыңға жуық адам екпе қабылдаған. Вакцинаны алдымен халықпен тығыз жұмыс істейтін мамандар салдыруда. Оның ішінде бірінші кезекте медицина қызметкерлері тұр. Облыста қазір екпе қабылдаған ақ халаттылардың саны 17 мыңға жуықтаған. Бұдан бөлек, 19 мыңға жуық мұғалім мен полицейлер бар. Өзге топтағы азаматтар 4000-нан асады. 22 ақпаннан бергі аралықта облыста екпенің екінші компоненті (ревакцинация) 14 мыңнан астам адамға салынған.

«Соңғы тәулікте Түркістан облысында COVID-19 індеті 49 адамда   анықталды. Тәуліктік өсім 0,94  пайызды құрайды. Облыс еліміз бойынша «жасыл аймақта» тұр. Пандемия белең алғалы 657 442 ПТР-сынамалары алынған. Ал соңғы тәулікте зертханаларда 3000-нан астам адам тексерілді. Аймақта бүгінде жалпы 23 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігер, қалғандары орта буынды мамандар. Өңірде қауіпті індетті жұқтырған 4642 науқас толық жазылып шықты. Жалпы, пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясы расталған 5255 жағдай тіркелді. Олардың 3407-сінде ауру симптомсыз өткен болатын. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартасыз немесе салдыруға келісім бересіз», – делінген облыстық әкімдік таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 2 миллионнан астам адам тұрады. Халықтың көптігі мен тығыз қоныстанғанына қарамастан, өңірдегі коронавирус індетіне қатысты ахуалдың тұрақты болуы ауруға қарсы күрестің, алдын алу, сақтық шараларының дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді. Жалпы, Түркістан облысының медицинасында, әлеуметтік саласында биыл біршама жақсы жетістіктер бар.

Айталық, облыс табиғи өсім бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері өңірде бала туу көрсеткіші 6,5 пайызға өскен. Ал  сәби өлімі  27,7 пайызға азайған. Бұл туралы жуырда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысында баяндалды. Аталған басқарманың басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, былтыр өңірдің денсаулық сақтау саласына 13,7 миллиард теңге бөлінген. Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау және жедел жәрдем қызметін күшейтуге баса көңіл бөлінген. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында 2,5 миллиард теңгеге  205 медициналық техника сатып алынып, жабдықтау 79,2 пайызға жеткен. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 9 фельдшерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның бесеуі пайдалануға берілсе, биыл төртеуі ашылады.

Сонымен қатар жедел медициналық көмек қызметі 122  автокөлік сатып алу арқылы күшейтілді. Бұл көліктер жедел жәрдем паркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік берді. Аймақта дәрігерлердің біліктілігін арттыруға да ерекше назар аударылып келеді. Жалпы, 2000 медицина қызметкері біліктілігін жоғарылатты. Осы жиында облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов COVID-19 індетіне қарсы вакцинация мәселесіне тоқталды. Вакцинаның жетіспеушілігі байқалмауы тиістігін ескертіп, осыған байланысты облыстың бас дәрігеріне нақты тапсырмалар берді. Жалпы, елімізде вакцина алу бойынша Түркістан облысы Алматы, Қарағанды облыстарынан кейін үшінші орында тұр. Өңірде екпе салатын 80 пункт ұйымдастырылған.

Коронавирус індетін жұқтырған науқастарға ауруханаларда мейлінше сапалы қызмет көрсетілуде. Мәселен, жуырда дәрігерлер COVID-19 індетімен ауыратын 20 жастағы жүкті әйелді аман-есен босандырды. Науқас Сайрам аудандық инфекциялық ауруханасына жүктіліктің 39-шы аптасында суық тию симптомдарымен жеткізілген. Сынама нәтижесі оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Айы-күні толып, толғағы қысқан әйел мен оның сәбиінің өмірін аман алып қалу үшін шұғыл түрде білікті дәрігерлердің қатысуымен арнайы консилиум өткізілген. Әйел аман-есен тұңғышын дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы – 3400 грамм. Одан бірден коронавирусқа сынама алынды. Жаңа туған ұл бала анасынан оқшауландырылды. Тест қорытындысы нәрестенің бойынан COVID-19 инфекциясының табылмағанын көрсетті. Мамандардың айтуынша, сәбидің жағдайы жақсы.

Былтыр өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 122 жүкті әйел аман-есен босанған. Жалпы алғанда, Түркістан облысында жыл басынан бері 15 мыңға жуық сәби дүниеге келген.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58