«Қорқып қалғансыз-ау, Әблязов мырза!»

                                 Павлодарда белсенділік жоғары

Мариям МАҚСАТ

13.01.2021, 06:55

3405

ҚР парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау Павлодар облысында у-шусыз өтті. Көшеге шығып бойкот жариялағандар, митинг ұйымдастырып, тәртіп сақшыларының «садағына» ұшырағандар болған жоқ. Қалалық мәслихатқа «Ауылдан», облыстық мәслихатқа «Қазақстан Халық партиясынан» ұсынылғандар да көзге түспеді. Бұл партиялардан лайықтылар болмағаны ма, әлде саяси додаға түспей жатып ысырылып қалғаны ма?

Жексенбі күні дауыс берушілердің сайлау учаскесіне қиындықсыз жетуі үшін Павлодар облысындағы Екібастұз, Ақсу қалаларында қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады. Ал облыс орталығының тұрғындары үшін мұндай жеңілдік жасалған жоқ. Ол былай тұрсын, жолға бірнеше автобус қана шығарылып, жылы аялдамалардың есігі тарс жабылды. Бұған налыған қала тұрғындары сайлауға адамның көп келуі үшін олардың жүріп-тұруына жағдай жасау керек деп есептейді. «Әдетте әр 10 минут сайын жүретін №18 автобусты жарты сағаттан аса күттім. Соңғы күндері өңірді «тұрақтап» алған сақылдаған сары аяздың беті қайтқанымен, жел ызғарлы. Содан жылы аялдамада автобус күтейін десем, ол жабық. Бармайын десем, кеңестік кезеңнен «Сайлауға бару – міндет» деген қағиданы санамызға мықтап сіңіріп тастаған. Бармауға тағы болмайды. Әйтеуір, не керек, сайлау учаскесіне жабырқаулы көңіл күймен келдім. Қайта кіреберістегі еріктілер жылы шыраймен қарсы алып, медициналық маска мен қолғап беріп, түскен көңілімді көтеріп алды», – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Амангелді Зейкенов.

Зейнеткер сайлау учаскесіне жетудің ауыртпалығына қарамастан, өз таңдауын жасады. Ал Марат Мақатов «Мен үшін бәрі шешіліп қойған» деп, дауыс беруге барудан бас тартты. «Nur Otan» партиясының мәжілістен де, мәслихаттардан да ойып тұрып орын алатыны кім-кімге болсын түсінікті жайт. Мен барып, бюллетеньдерге белгі қойғаннан не пайда? Бәрібір нәтижесін өз қалауларына қарай шығарады. Қауіпті індет өршіп тұрған кезде басымызды қатерге тігіп, уақытымызды жоғалтып, сайлау учаскесіне барудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – дейді ол.

Ал Алма Оразбаеваның ойы басқаша. «Азаматтық борышымды өтеп, арым таза болуы үшін сайлауға барамын», – дейді ол. «Кейбіреулер «Нәтижесін өзгертіп тастайды, сайлауға барудың не керегі бар?» деген ойын білдіріп жатады. Меніңше, бұл – саяси сананың төмендігі. Біріншіден, депутат атанатындардың қатарында тек «Nur Otan» партиясының емес, басқа саяси партиялардың да өкілдері болуы керек. Көшбасшы партия өтеді дегенмен, онымен бірге қызмет ететін тағы бірнеше партияның мүшелерін біз таңдаймыз. Былайша айтқанда, нағыз бәсеке қалған төрт партияның арасында болады. Олардың ішінен кім лайықты – соны сайлаушылар шешуі тиіс. Екіншіден, мен ҚР азаматы ретінде конституциялық құқығымды пайдаланып, дауысты өзім бергенді дұрыс деп санаймын. Кейін менің бюллетенім өзгерер-өзгермес, мәселе онда емес. Бастысы, менің арым таза. Мен таңдауымды жасадым», – дейді павлодарлық тұрғын.

Бір қызығы, Павлодар қалалық мәслихатының бұған дейінгі шақырылымында «Ауыл» партиясының жалғыз өкілі болған-ды. Биыл ол да жоқ. Павлодарлықтар «Nur Otan», «Ақ жол», «Адал», «Қазақстан Халық партиясының» бірін таңдауы тиіс. Облыстық мәслихат депутаттарын анықтайтын бюллетеньде де төрт партияның ғана аты бар. Ал бұрынғы коммунистер, қазіргі «Қазақстан Халық партиясы» облыстық мәслихаттағы орынға таласпайтын болыпты.

Айтпақшы, Мұхтар Әблязов Facebook әлеуметтік желісінде «Павлодар. №41 мектеп. Сағат 10. Жәшік толық. Бюллетеньдерді артық салған» деген пост қалдырды. Дәл осы учаскедегі бақылаушы Әмір Байысов бұл сөзді бірден жоққа шығарды. «Бәрі ашық әрі әділ өтіп жатыр», – деп сендірді ол.

 Бұл мәселеге павлодарлықтар да бірден назар аударды. «Тұрғындардың, әсіресе орта буын мен үлкендердің көбі сайлау учаскесі ашыла сала барады. Тіпті біраз уақыт кезек күтіп қалдық. Бұл – бір. Екіншіден, бір адамның үш бюллетеньді толтырып, жәшікке салатынын ұмытпаңыз! Халықтың белсенділігі қандай екенін көріп, қорқып қалғансыз-ау, Әблязов мырза! Өзіңізді де, өзгені де алдаудың қажеті жоқ», – деп жауап қайтарды оған павлодарлық Наталья Федорова.

Белсенділік демекші, бұл жолғы сайлауда павлодарлықтардың белсенділігі жоғары екенін айтпасқа болмас. Дауыс беруге келушілердің саны бойынша облыс үздік бестіктің сапында тұрды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 16:00-ге дейін облыстың 57,8 пайызы таңдау жасап үлгерген.

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.01.2021, 10:02
Бөлекбаев қарағандылықтардың қалтырап отырғаны үшін кешірім сұрады
Миуа БАЙНАЗАРОВА 15.01.2021, 09:54
Жол сапасы неге нашар?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.01.2021, 08:53
Жедел жәрдем мамандары қысым көргендерін айтып шу шығарды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.01.2021, 16:52
Шахтадағы апат: кеншілердің бірі қаза болды, қалғандары ауруханада ем алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 14.01.2021, 13:07
Ленин шахтасында апатты жағдайдан машинист шыға алмады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 14.01.2021, 12:19
Таразда Қонаевқа ескерткіш қойылады

Аңдатпа


  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01
  • «Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
    14.01.2021, 11:41
  • "Жас Алаш" жазды, Егіндібұлақ елінің еңсесі көтерілді
    13.01.2021, 07:11