Құс еті мен жұмыртқа өндірісіне қолдау қажет

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

17.03.2021, 09:33

1519

Қызылордада құстың етінен бөлек, жұмыртқасы да әжептеуір пұл болып тұр. Құс шаруашылығы дамымай қалған өңірге оның еті мен жұмыртқасы сырттан тасымалданады. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы әмәнда құбылмалы.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қатарындағы жұмыртқа биылғы қыста 70 теңгеге дейін жетті. Бірақ дүкен сөрелерінде тұрып қалған бірі жоқ. Жоқ затқа халық қашанда әуес қой. Бәсі биіктеп кеткен жұмыртқаны өндіретін құс шаруашылықтары да облыста ілуде біреу. Сол біреудің бірі «Шиелі құс» шаруашылығы.

Облыс­та алғаш­ болып тауық фермасын құрған кәсіпкер Насыр Мырзабеков құс шаруашылығының қиыншылығынан бөлек жем бағасының да ұшып тұрғанын айтады.

– Соңғы 10 жылда «жұмыртқаны неге сырттан алдырамыз, өзіміз неге өндірмеске?» деген ойда жүретінмін. 2016 жылы 10 мың тауық алып, істі бастап кеттік. Бұрын білмейді екенбіз, бұл кәсіпте де кедергі көп екен. Сонда да тауық санын көбейтіп, қазір жылына 7 млн жұмыртқа өндіріп отырмыз. Күзде дақыл арзан болғандықтан бар ақшамызға жем алып қоямыз, әйтпесе удай қымбат. Осыдан да шаруашылықты дамытуға шамамыз келмей қалады, – дейді кәсіпкер.

Құс шаруашылығын өрістетуге арналған субсидиядан да қызылордалық кәсіпкерлер қағылып отыр. Оны облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары да мойындайды.

– Құс шаруашылығын субсидиялау шарттарына еліміздегі ең ірі компаниялар ғана сай келеді. Олардың қатарына біздің облыс енбейді. Ену былай тұрсын, маңайлай алмайды. Мысалы, шаруа­шылық жылына кем дегенде 20 млн жұмыртқа өндіргенде ғана әр данасына 1 теңгеден субсидия беріледі. Өндіру көрсеткіші ұлғайған сайын мемлекеттік қол­дау да арта береді. Ал біздің ай­мақта ең көп өнім өндіретін «Шиелі құс» шаруашылығының өзі былтыр нарыққа 7 млн дана жұмыртқа ғана шы­ғарды, – дейді аталған палатадағы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков.

Кәсіпкерлер біле бермейтін тағы бір құпия, құс фабрикасын салуға қарастырыл­ған инвестициялық субсидия да бар екен. Бі­рақ ол да Сыр өңіріне бұйырмайтын боп шықты. Ол үшін кәсіпорындар өнімдерін 50 млн-ға жеткізу керек. Сонда ғана мемлекет құ­­ры­­лысқа кеткен шығынның 25 пайызын қай­тарып береді екен. Сонымен шағын шаруашы­лықтарды субсидиялаудың осы екі талабы да аймаққа сай келмейтін болып шықты. Енді қайтпек керек? Палата ма­ман­дары осыны негізге алып облыстық ауыл-шаруашылық бас­қармасы өкіл­дерімен бірлесіп ми­нистр­­­лікке шағын құс фермаларына субси­дия беру туралы бірнеше мәр­те ұсы­­­ныс жолдапты. Өйткені санаулы ірі компания­ларды қол­да­­й бергеннен гөрі, республикадағы мыңдаған ұсақ шаруа­­шы­лық­тарға демеу жасаған жөн дейді. Бі­рақ әзірше ол ұсыныс ретінде ғана қалып отыр. Министрліктің «құлағына алтын сырға», шағын құс шаруашы­лық­­тарынан бөлек, үйінде 100-500 тауық асырап отырған­дар­ды да субсидиямен қолдаса, жұмыртқа бағасы да күрт көтерілмес еді.

Облыстық кәсіпкерлік палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Мұрат Балабаев аймаққа жұмыртқаның 97 пайызы сырттан әкелініп отырғанын айтады. Өйткені өзіміз өндірген 7 млн дана жұмыртқа облыс тұрғындарына шақ­қанда жан басына жеті-сегізден келеді екен. Ал жұмыртқа тұтынудың ұлттық нор­масы адам басына 142 данадан келіп тұр. Осыдан келе облыстағы жұмыртқа өндірісі ұлттық нормадан 18,2, ал физиологиялық норма­дан 31,1 есе төмен көрсеткіште екен. «Осы нормалар үдесі­нен шығу үшін жұмыртқа өндірісін айтарлықтай арттыруымыз қажет», дейді.

– Жер жүзіндегі халық санының жедел өсуінен алда адам­зат­тың етке сұранысын мал шаруа­шылы­ғы өтей алмайды. Бұл тарапта құс ш­аруашылығы әлдеқайда тиімді. Мәселен, баққан малыңыздың пайдасын көру үшін кемінде бір жыл жұмсайсыз. Құс­тың өсімділігі де өнімділігі де одан әлдеқайда тез. Мы­салы, бройлер тауықты 40-50 күнде со­йып, 2-3 кило ет аласыз. Одан бөлек жылына 300 рет жұмыртқалайтын ломан, леггорн, хайсекс тұқымды түрлері бар. Тек таңдай білу қажет. Тауық бағуға да тиянақты дайындық керектігін көп адам ескере бермейді. Қай түрі болса да мекиені 8-9 ай ғана өнімді жақсы бе­ре­ді. Одан асқан соң жеген жемін де ақ­та­майды, алмастырып тұрған дұрыс, – дейді Мұрат Балабаев.

Елімізде импортқа тәуелді азық-түлік түрінің бірі құс еті. Әлі күнге оның 40 пайызын сырттан тасып отырмыз.

«Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші, тауық­қа керек бидайдың өзін сырттан сатып алады екен. Жергі­лікті жердің бидайы жұмыртқа беретін тауыққа жарамайтын боп шықты. «Басында білместікпен беріп, өні­мін төмендетіп алдым», дейді кәсіпкер Насыр Мырзабеков.

Балапан екеш балапанға 4 айға дейін 18 түрлі вакцина салып, беретін жұмыртқасы сапалы болу үшін құс жеміне 19 түрлі қоспа қосылады екен. Бірақ нарықта оның бәрінің бағасы былтыр еселеп өсіп кеткен. Және осы қажеттіліктің бәрі сырттан келеді. Осының барлығын ескерген кәсіпкер жүгері, соя, күнбағыс егу мақсатымен жергілікті әкімдіктен жер сұрап көрген. Бірақ бос жер жоқ. Қолы ұзындар әлдеқашан иеленіп кеткен. Не өздері екпейді, не өзгеге бермейді. Кәсіп­ті дамытуға көлеңкеде тұрған осындай «көкелердіңде» кесірі көпке тиіп тұр.

– Осы мәселенің бәрін жақында өткен облыс әкімінің есепті кездесуінде көтердім. Мәселе шешілетін сияқты. Алда «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп кәсіпті кеңейткім келеді, – дейді кәсіпкер.

Осылайша қиыншылығы мен кедергісі көп құс шаруашылығы да қал-қадерінше дамып келеді. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын облыста 86 мың бас құс өсірілсе, бүгінде олардың саны 124 мыңға жеткен. Ал құс етін өндіру  2,2 есеге артқан. Жұмыртқа жетпей жатса да дамуында жылжу бар, әйтеуір.

Құс шаруашылығына қатысты жағымды жаңалық, биыл Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығы жылына 3 мың тон­на құс етін өндіретін кәсіпорын салуға кіріспек. Құны 4 млрд тең­ге­лік жобаны жүзеге асыру үшін 20 гек­­тар жер телімі тегістеліп, қажетті ин­ф­­ра­құрылым тарту жұмыстары жүріп жа­тыр. Фабрикаға қажетті азықтық база дайын­дау үшін мың гектар жер телімін бөлу қарастырылған.

Ал, Қармақшы ауданында 1500 тонна құс еті өндіруі тиіс фабриканың салынып жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Осы «сақалды құрылыста» биыл бітетін шығар. Екі бірдей өндіріс орны іске қосылса, сырттың өніміне тәуелділік те азаяр еді. Дегенмен, мұның бәрі жоба. Бірақ құс еті мен жұмыртқа өндірісін өрістету үшін билік тарапы­нан тегеурінді қолдау болмаса аймақ халқы амалсыз сырттан келген өнімге күні қарамақ.

Тегтер: құс еті өндіріс шаруашылық фабрика импорт қолдау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:17
Нұр-Сұлтанның сол жағалауы отқа оранды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24