Сақтағанов Сәлімов салған соқпақпен есеп берді

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

11.02.2021, 12:19

2443

Осыдан он шақты күн бұрын ғана Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалған Нұрымбет Сақтағанов қала халқы алдында онлайн түрінде дәстүрге сай есеп беру жиынын өткізді. Қаланың «свежи» басшысы одан бұрын әкімшілік бағынысы Семейге қарайтын 14 ауылдық округ тұрғындары алдында да есеп беру кездесуін өткізген еді. Әрине, сырт қарағанда бұл жылда өткізілетін жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы жүздесуі екені түсінікті.

Алайда, қала әкімі қызметіне кіріскеніне әлі ай толмаған Сақтағановтың ауыл жұртымен кездесулерін есеп беруінен гөрі қала тіршілігімен танысу жайы десек, ақылға сыяры анық. Қызығы сол, Нұрымбет Аманұлының 2020 жылды қорытындылаған есебіне қарап, «ол кезде қала әкімі Ермак Сәлімов еді ғой. Сонда кім-кімді алдап отыр?» деген жауабы жоқ сұрақ та еріксіз көлденеңдейді екен. Осы тұста есеп беруіне санаулы күндер қалғанда облыс әкімі Даниал Ахметовтің құрылыс, тұрғын үй саласы бойынша кеңесшісі болып кеткен бұрынғы басшының әбжілдігіне қайран қаласың. Өйткені, Сақтағановтың шыт жаңа етіп жасап тұрған баяндамасында баяндалған жайлардың бәрі де Сәлімовтің кезінде атқарылған істер екенін ел өте жақсы біліп отырды. Осы тұста тағы да «Егер Ермак Бидахметұлы өткен жылдың қорытынды есебін дайындап кетпесе, дәл қазір Сақтағанов не оқып тұрған болар еді?» деген сауалдың да құлағы қылтияды. Жауап тапқандай болдық: оқушы кезімізде «Ұлы отан соғысында Александр Матросовтың ерлігін қайталаған Кеңес Одағының батыры Жанғазы Молдағалиевтің ерлігі» туралы үнемі еститінбіз. Демек, Сәлімовтің баяндамасын қайталаған Сақтағановтың да әрекеті осыған саяды ғой.

Хош, сонымен Нұрымбет Аманұлының есебіндегі мәліметке сүйенсек,  2020 жылғы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысы 2019 жылмен салыстырғанда оң нәтижелері баршылық.

Мәселен, өнеркәсіп саласы            бойынша, қаладағы кәсіпорындар өткен жылы 261 млрд. теңгеге өнім шығарған. Бұл 2019 жылғы деңгейден 48,6 млрд. теңгеге артқандығын аңғартады. Қаланың өнеркәсіп әлеуетінің жалпы көлемінің зор үлес салмағын өңдеуші өнеркәсіп алып отыр.

                        Экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып, сырттан қаржы тарту екені белгілі. Өткен жылы 93,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылған. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 18,3 % көп, оның ішінде бюджеттік қаражат – 43,6 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 50,1 млрд. теңге.

Ал, ауылшаруашылығы саласы бойынша айтар болсақ,           өткен жылы ауыл шаруашылығын қолдауға және дамытуға шамамен 2,0 млрд. теңге бөлінген. Оның 1,4 млрд. теңгесі субсидия, 553 млн. теңгесі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жұмсалған.

                        Өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және үйлесімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша өткен жылы 4 427,0 млн. теңгеге 184 жоба бойынша қолдау көрсетіліпті. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 42 жоба бойынша қолдау көрсетіліп, 365,3 млн. теңге сомасында кредиттер берілді.

            Өңірлік деңгейде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен» бірлесіп, «Ақ ниет» кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда, оның аясында 170,0 млн. теңгеге 5 жоба қаржыландырылды.

 Жалпы, көңіл қуантарлығы Семей қаласының даму барысы қай сала бойынша да қанағаттанарлық деуге болады. Мұндай мысалдарды қай саладан болсын көптеп келтіре беруге де болады. Бірақ, қаланың жаңа басшысының құрғақ баяндамасынан гөрі семейліктерге дәл қазіргі күнде (былтырғы емес) шешілуін күтіп тұрған мәселелерді күн тәртібіне қойып, батыл әрекет жасап жатқаны туралы айтқаны маңыздырақ еді. Бәлкім, Сақтағанов өзінің алдында қызмет атқарған Ермак Сәлімовтің Ахметовтің жанына «жайғасқанын» мықтап ескерді ме, әзірге қаланың сын көтермей тұрған саласына қарай аттап басқан жоқ. Соның бір көрінісі қала тұрғындар қазір қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмайтыны аздай электронды жол жүру карталарының жоғалып кеткеніне наразы. Яғни, қолында жол жүру картасы жоқ адам автобусқа кірсе, 140 теңге төлеуге мәжбүр. Алғашында қаладағы аялдамалардан, сауда нүктелерінен, кондукторлардың өзінен де 400 теңгеге жол картасын сатып алатын тұрғындар онысын жоғалтып, я болмаса ұмытып кетсе, қайтадан жаңасын қайдан сатып аларын білмей дал. Талайды әуре-сарсаңға салған жол жүру картасы ұшты-күйлі жоқ. Енді қазір жалақысының жартысын жолақыға жұтқызатын жұртқа барып-қайтқанға 280 теңгеге шығындалу оңай емес.

    Жоғарыда баяндағанымыздай Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қалаға қарасты ауыл тұрғындарымен кездесу барысы, Көкентау, Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас және Қараөлең ауылдық округтерінде де жалғасқан болатын. Сол тұрғыда Қараөлең ауылдық округінің әкімі Дәулет Әсембаевтың есеп беруі қанағаттанарлық деп бағаланды. Д. Әсембаевтың мәліметіне сүйенсек,  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша су құбыры тартылып, бүгінгі күні  145 үй, 4 мекеме орталық су құбырына қосылған. 2021 жылы Алғабас ауылына қарасты «Берікқара» кең орны ашылуына байланысты осы электростанцияның кернеуін жоғарылатуы жоспарға енген. Семей ядролық сынақ зардабы салдарынан тарап кеткен бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар халқы айтары аз емес еді. Жиынға куә болғанымызда сөз алған екі ересек ел ағасының Семейдің бұрынғы әкімі Ермак Сәлімовке деген разылығын жеткізуді (Өскеменге бара қалса) «қиылып өтінгені» сәл қисынсыздау көрінгенін жасыруға болмайды. Егер Ермак Бидахметұлы облысқа жоғарылап кетпей, орнынан босатылып қалса, соңынан тас боратып жатуы да бек мүмкін болатыны шындық.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Жәнібек Наурызбаев Алғабас, Қайнар, Абыралы  (арақшықтықтары 25-50 шақырым) ауылдары үшін бір ғана учаскелік инспектордың қызмет атқаруы өңірдегі ірілі-ұсақты құылмыстардың дер кезінде ашылуына кедергі келтіретінін жайып салды. Нұрымбет Аманұлы бұл жағдайды реттеу ішкі істер органдарының құзырында екендігін айтты. Расында бұл қала басшысының қолындағы шаруа емес-ті. Өңірдегі ауылдарда тұрғын санының азаюы полиция пунктінің жабылып, учаскелік инспекторлар санын қысқартуға әсер еткен.

Әзірге дәтке қуат етері – «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының өңір ауылдарына қол ұшын беруді үнемі қаперде ұстайтындығы. 

-Жерлесіміз «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қордың президенті, меценат Марат Серікжанұлының демеушілігімен қор тарапынан аз қамтылған отбасыларға азық- түлік таратылып, 3 үйге су  жүйесін кіргізіп берді, жалғыз басты мүгедек жанға үй әпергенін де атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар жыл сайын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге «Мектеп жол акциясы аясында»  оқуға қажетті құралдар сыйға тартатынына алғысымыз зор. Өткен жылғы пандемия кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында да бірнеше жүк көліктеріне тиелген азық-түліктерін таратты,-дейді ауыл әкімі Д. Әсембаев.

  Саралай келгенде Абыралы өңіріне сапарында қала басшысы Нұрымбет Сақтағанов биыл орындалатын жұмыстар жайымен де таныстырып, ауыл халқының талап-тілектерін назарға алатындығын айтып өтті.

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 22.09.2021, 17:15
Оралдық Қайрат бағбан Қазақстанды таңғалдырмақ
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 09:47
Жол сапасы неге шытынайды?
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 21.09.2021, 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 21.09.2021, 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 21.09.2021, 08:30
Қарағандыда үлескерлер пәтерлерін ала алмай жүр

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39