Сатылған бақтан бақ тайды ма?..

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

12.05.2022, 08:07

1594

Қорғалуы тиісті табиғи аймақ та ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

«Естімеген елде көп», дегенді заман өзгерген сайын жиі қолданатын болдық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағанды жұртының мақтанышына айналған Ботаникалық баққа тиесілі жер аумағы сатылып кетіпті. Айта кету керек, өңірдегі жер телімдерін заңсыз сатып жіберу жағдайлары 2000 жылдардан бастап орын алған. Мемлекет тарапынан қорғалуы тиіс Ботаникалық бақ аумағының сатылып кетуі  –  өткен жылдардардағы ең үлкен сорақылық деп айтуға болады. Жергілікті жұртшылық бұрын өздері еркін қыдырып жүретін бақтың жекеменшіктің қолына өтіп кеткенін 2010 жылы бірақ білген. Аталмыш баққа тиесілі жердің бір бөлігі «Фитохимия» АҚ компаниясына сатылып кетсе, екінші бір бөлігіне бай-бағландардың зәулім сарайы мен көп қабатты үйлер тұрғызып қойғанына қаншама уақыт өтіп кетті. Ең сорақысы, ботаникалық бақ аумағының жекеменшікке сатылатыны туралы жұрт естіген де жоқ, ешқандай қоғамдық тыңдалым өткізілмеді. Еске сала кетсек, ботаникалық бақта 2700-ден астам өсімдіктер, ағаштар болған, олардың он төрт түрі Қызыл кітаптың құрамына енген. Кезінде халықтың көзайымына айналған жасыл алқап бүгінде солып, құрып барады.«Шенеуніктер көз алдымызда білдей бір бақты құртып тынды, ботаникалық бақтың құрығанына қаншама жылдар өтті. Жер құрып қалғандай, Баққа ауыз салғаны не деген сұмдық! Жемқорлық деген осы, бұл қазіргі әкімдер тағайындалмай тұрып, орын алған-ды. Қорғалуы тиіс аймақты сатып жіберу  –  біздің елдің шенеуніктерінің ғана қолынан келетін шығар, айтар сөз де жоқ», – дейді қала тұрғыны Серік Жұмабеков.Ботаникалық бақ  –  қорғалуы тиіс арнайы табиғи зона. Алайда 1996 жылы шенеуніктер бақты қорғалуы тиісті табиғи зона тізімінен шығарып жіберген. Кейін бұл аумақты сатып жіберу де оңайға түскен. Ең сорақысы, бұл жерлер нарықтық құнынан бірнеше есе арзанға сатылып кеткен.Бүгінде ботаникалық бақтың сатылып кеткені жаңалық емес, бірақ қарағандылықтар «осы аумақтан жер сатып алғандар бұл маңға кісі жолатуды қойды», деп облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке халықпен кездескенде, арыз-шағымдарын жеткізді.

Бұрын бақтың ішімен кесіп өтіп, мектепке, балабақша мен дүкенге баратын жұрт осы аумақтағы жерді сатып алған адамның жолды жауып, қоршап тастағанын айтады. Жұртшылықтың ботаникалық бақтан айрылғаны аздай, енді бұл жерге қадам баса алмай қалды. «Бұрын ботаникалық бақ пен Ғазалиев көшесі арасында өтетін саңылау жол бар еді. Тұрғындар сол арқылы балабақшаға, дүкенге, мектепке өтетін. «Фитохимия» кәсіпорны сол жолды жауып тастады. Енді Ермеков көшесіне қарай айналып өту керек, көп жерді жүруге тура келеді», – дейді ренішін білдірген қала тұрғындары.Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «сол жерге барып көрейік, егер жолды қалдыруға мүмкіндік болатын болса, сөйлесіп, талқылайық мәселені», – деген жауап айтты.

Қарағандылықтар табиғи зонадағы қорғалуы тиісті аумақтың жекеменшікке өтуін мемлекеттік қызметтегілердің бір кездегі көз жұма қараған қателігі, не болмаса, қитұрқы әрекеті деп есептейді. Сондықтан аймақ басшылығы мұндай бассыздықты қайта қарауы тиіс, деген базынасын айтады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01