Семейліктер ескі мен жаңаның ортасында жүр

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

22.04.2021, 13:43

1949

Өткен аптаның соңына қарай Семей қаласы әкімдігі мен «Semey Bus» ЖШС-ның арасындағы шарттық міндеттері тоқтатылып, қаладағы қоғамдық көліктердің қатынауы күтпеген жерден басқа бағытқа бұрылды. Онсыз да автобустардың жолаушы тасымалдау қызметі жұрттың жүйкесін жұқартып тұрғанда, жоқтан бардың кейпіндегі «Semey Bus» автопаркінің тығырыққа тірелгені  жығылған үстіне жұдырық болды. Ең қызығы, екі жыл бұрын құрылған жаңа автопарк автобустары қолданысқа берілген кезде қатынауын тоқтатқан «Семавтопарк» серіктестігінің иелігіндегі ескі қоғамдық көліктердің көшеге шығып кеткені болды.

Расын айту керек, қала билігі алдын-ала құлағдар етпегендіктен,  семейліктер бұл «құбылысты» қалай түсінерін білмей дағдарып қалды. Дүйсенбіден бастап қана  қала басшылығы конкурс өткізгенге және жаңа тұрақты тасымалдаушымен негізгі келісімшарт жасасқанға дейін «Семавтопарк» ЖШС-і қызмет көрсететіні белгілі болды.  Аталған серіктестіктің бұл тасымал қызметі екі ай мерзімге белгіленіп,  өтпелі кезең ретінде жарияланып отыр. Соған орай Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен «Семавтопарк» басшылығы «Semey Bus» ЖШС қызметкерлерімен кездесу өткізіп те үлгерді. Қала әкімінің айтуынша, «Semey Bus» ЖШС-нің «БРК-лизинг» АҚ-ы алдында 1 млрд 147 млн теңге қарызы бар.

-Амал жоқ біз осы «SEMEY BUS» пен келісімшартты бұзамыз. Қосымша мына автобустар тоқтап қалмас үшін, біз уақытша басқа кәсіпорынмен келісімшартқа отырамыз,- деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Н. Сақтағанов.

 Ал, «Semey Bus» ЖШС директоры Болат Қылышбеков жағдайдың шиеленісуіне облыстық әкімдікті кінәлі санайды. Оның дерегінше, өткен жылы Алматы қаласында тасымалдаушылар 23 миллиард  ал,  Нұр-Сұлтанда 15 миллиар көлемінде, Атырауда 4 миллардқа жуық субсидия алған екен. «Ал біз екі жылда ештеңе алған жоқпыз. Біз әкімшіліктен ақша сұрап отырған жоқпыз. Олар бізге заң бойынша беруге міндетті»,-деп кесіп айтты Б. Қылышбеков.

«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» керін келтірген облыстық, қалалық әкімдік пен аталған серіктестіктің арасындағы тартыстың «көрігі қызып» тұрғанда жергілікті билікпен уақытша келісімшартқа отырған ескі автобцстардың қожайыны «Семавтопарк» ЖШС басшысы Григорий Пинчук те өз уәжін көлденең тартты.

 –Мен де бір жарым жылдан кейін бұрынғы компания сияқты жағдайға тап болғанымызды қаламаймын. Сондықтан жалақыны бір кестеге сәйкес 300-350 мың аралығында төлеу қарастырылады. Егер жүргізуші үлкен және тіркемелі автобустарда жұмыс істесе, олар, әрине, қосымша ақы алады. Кондукторларға келсек, біз олармен де өтпелі кезеңге дейін екі айға келісімшарт жасасамыз. Жалақының бір кесте бойынша 150-180 мың аралығында төленуін қарастырамыз. Барлығын ресми түрде жұмысқа орналастырамыз, тұрақты жалақы алып, өз жұмыстарыңызды, әлеуметтік аударымдарыңызды уақытылы қарай алатын боласыздар, — деп сендірді Г. Пинчук. Қызығы сол, қызметі тоқтатылғаны ресми түрд жарияланған «SEMEY BUS» иелігіндегі 170 автобус пен оның жүргізушілері осы серіктестік қарамағына өтуі мүмкін.

Ал, әзірге заты ескі дегенімен, «Семавтопарктің» автобустары жолаушы тасымалдау қызметін жалғастырып жатыр. Бір анығы – аялдамаға келгенде кілт тоқтайтын «бәсекелесіне» қарағанда, бұл компанияның қоғамдық көліктерінің жүрісі жайлы.  Серіктестік басшылығының келтірген мәліметіне сүйенсек, «Семавтопарк» иелігіндегі автобустардың 37-і жоғары санатты. Қолданысқа енбегеніне екі жылдың жүзі болғандықтан,  оның ендігі бабы үнемі назарда ұсталатын болады. Осы тұста айтар жайт, компанияның автобустарға арналған базасында қажетті мүмкіндіктердің барлығы да қарастырылған.

-Әрине, біздегі автобустардың жаңа еместігін жоққа шығармаймыз. Білікті мамандарымыздың күтіп, қадағалауы нәтижесінде қиын сәтте сыр бермей қала ішінде қатынауды бастап кетті. Біздің автобустар қызмет көрсету жағынан кейінгі сатып алынған жаңа автобустардан ешқандай да кем түспейді,-дейді «Семавтопарк» ЖШС директорының орынбасары С. Должиков.

 Қызметі бәсекелестікке қабілетті болып көрінгенімен, тығырыққа тірелген «Semeu bus» серіктестігінің иелігіндегі автобустардағы бір артықшылықтарды да айта кеткен абзал. Қала тұрғындары бүгінде осы компанияға қарасты автобустардың салонына кіргенде жүру картасын арнайы орнатылған валидаторға тигізу арқылы жолақысын төлеп жүр. Тіпті, ұялы телефоны арқылы төлей салуға да мүмкіндік бар. Және аялдамада автобус тосып тұрғандар қоғамдық көліктің қай жерде келе жатқанын  »Infobus" қосымшасы арқылы көріп тұрады. Жолаушы уақытын үнемдеуге әрі кондукторды іздеп әуреге түспейтіндігі үшін бұл қызмет түрлері өте тиімді болғаны даусыз. Ал, ескі автобустардың әзірге ондай «өркениетке» қашан қол жеткізері белгісіз. Белгілісі – «Семавтопарк» автобустарының кондукторлары валидатор орнатылғанша, жолақысын төлеген (80 теңге) адамға бұрынғыдай талон жыртып беругемәжбүр.

Автобустардың қозғалыс кестесіне әзірге ешқандай өзгеріс ене қоймайтын сыңайлы. «Семавтопарк» басшылығы болса, қала билігіне ұсыныстарын айтуға әзір екендігін де жасырмайды.

 - Біз тендер өткізгенге дейін көлік басқармасымен және қалалық басшылықпен кейбір мәселелерді қайта қарайтынымызды айтқан болатынбыз. Мәселен, кейбір аудандар көлік қатынасымен аз қамтылған. Соған орай белгілі бір мөлшерде өз ұсыныстарымызды енгіземіз. Бизнес үшін де, қала тұрғындары үшін де бәрі қалыпты әрі ыңғайлы болуын ескереміз, – дейді Г. Пинчук.

  Жалпы, «Семавтопарк» өкілдері кәсіпорын толық көлемде қызмет көрсетуге дайын екенін мәлімдеп отыр. Қазір қала көшелеріндегі бағыттардың қайсына қарасаңыз да «Semey Bus» автобустары да, «Семавтопарк» ЖШС де қатарласа жүйткіп жүргенін көресіз. Соңғы екі жылдан бері қоғамдық көліктердің қатынауына қатысты небір «қызықтардың» куәсі болған семейліктерге әзірге «қай жеңгенің менікі» дегендей тамашалай тұрудан басқа амал жоқ.

Тегтер: автобус қоғамдық көлік қызмет кәсіпорын

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті
Еркежан АРЫН 11:37
Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Расул ЖҰМАЛЫ 21.10.2021, 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31