14.05.2021, 10:49
6079
Сенат депутаттары Түркістан облысының аудандарында болып, кездесулер өткізуде. Жергілікті тұрғындардың жай-күйіне қанығып, өзекті мәселелерге қатысты ұсыныс – пікірлерін қаперге алуда.
Сенаторлар Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев өңірге сапары барысында мәслихат депутаттарымен және Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарының активімен онлайн-кездесу өткізді. Кездесу барысында мәслихат депутаттары әлі де өз шешімін талап ететін мәселелерді көтеріп, бірқатар ұсыныстар айтты. Олардың қатарында облыстың Шардара және Жетісай аудандарында фермерлерді отынмен және тыңайтқыштармен дер кезінде қамтамасыз ету, сондай-ақ сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесі бар.
Сондай-ақ, Әли Бектаев Сайрам ауданынағы бірқатар нысандарды аралады.
Қайнарбұлақ ауылдық округі, Құрлық елді мекеніндегі егіншілікті кәсіп еткен «Малике» шаруа қожалығы алғаш өнімін жақында ғана экспортқа шығарған. Шаруа қожалығының басшылығы 3 гектар жерге өткен жылдың соңында түркиялық агрономдармен бірігіп, бірінші рет қияр еккен. Бүгінде 600 тоннаны құрайтын өнімін жинап үлгерген жылыжайдан жылына екі өнім алуды көздейді. Сондай-ақ сенатор сүт өнімдерін өндіретін «Айкан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен де танысты.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР