Өлілерден өшін алып, зират талқандағандар жазасыз қала ма?
29.09.2020, 05:16
1312
Қарағандыда Пришахтинскінің жанындағы мұсылмандар зиратына жүк көлігімен кіріп кеткен бейтаныс біреулер он шақты зиратты қиратып кеткен. Көліктің зират ішіне не себепті кіргені белгісіз. Зираттың бір шетінен кірген қаскүнемдер жолындағы он шақты зиратты таптап, қиратқан. Кейбір бейіттің қабырғалары қираса, енді бірінің құлпытастары талқандалыпты. Сол маңда тұратын тұрғынның бірі зираттағы жағдайды көріп, талқандалған бейітті бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салыпты.«Қираған бейітте жатқан марқұмдардың туыстары бар шығар, солар көріп, кейін мына қираған жерлерді қоршап қоятын шығар деген оймен бейнежазбаға түсіріп алдым. Кейбір бейіттің құлпытастары қатты талқандалып, аты жөндері көрінбей қалған. Көлік жүргізушісінің зираттың арасына не себепті кіргені белгісіз»,- деп жазыпты Пришахтинск тұрғыны.Зираттарда өші қалғандай, талқандап шыққан күдікті бірер апта өтсе де табылған жоқ. Полиция қызметі мұсылмандар зираты орналасқан шеткі аумақта бейнекамераның жоқ екенін, марқұмдардың туыстары жазған шағымның тіркелгенін мәлімдеумен ғана шектелді.Марқұмдардың туыстары мұндай жағдайда не істерін білмей, абдырап қалғандықтан, мешітке барып, имамдардан кеңес алыпты. Шариғатта құлаған зиратты қайта көтеруге рұқсат етпейтін қағида бар.«Марқұмдардың туыстары бізге хабарласып кеңес алды. Шариғатта бірнеше жыл тұрып, әбден тозып, құлап қалған бейітті қайта көтеруге болмайтыны айтылған. Қазіргідей жағдайда біреулер қиратып кеткендіктен, оны қайта көтеруге жөндеуге тыйым салынбайды»,- дейді облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.Бүгінде Пришахтинск қаласының тұрғындары қираған зираттарды біртіндеп, қалпына келтіре бастаған. Ал текке тұрған зиратты талқандаған көлік жүргізушісі, әзірше, табылған жоқ. Тұрғындар жүгенсіз тентек жазасыз құтылып кете ме деп, тәртіп сақшыларының шарасыздығына налып отыр.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР