Шенеуніктер әкімдікті сатып жіберген

Рашид Аюповтың ендігі ақталуы ақылға қона ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

25.05.2021, 08:49

1919

 Өткен аптада республикалық ақпарат құралдарында Түркістан қаласы әкімдігі бұрын өзі отырған ғимаратты арзан бағаға сатып жібергені, прокуратураның сотқа талап арыз беріп, сатып алушымен жасасқан келісімді бұздырғаны туралы материалдар жарияланды. Шенеуніктердің жерді, зауыт-фабрикаларды сатқанын естіп едік, әкімдіктің ғимаратын саудаға салыпты дегенді бұрын-соңды құлағымыз шалмаған еді. Ел аң-таң.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов осыдан кейін әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып,  мәлімдеме жасады.  Шаһар басшысының айтқанынан түсінгеніміз, Түркістан қалалық әкімдігіне өзі отырған ғимаратты сатып, оны қонақүйге айналдыру туралы тапсырма 2019 жылы Түркістан облысы әкімдігінен түскен.

– Қалада саммит кезінде қонақүйлерді көбейту бойынша мәселе туындаған, – деді әкім.

 Алайда бұл себеп құлаққа қонымсыздау сияқты. Түркістанда өтетін бір саммит үшін (былтыр күзге, кейін биылғы наурызға жоспарланған саммиттің Түркістанда ақыр аяғында өтпей қалғаны белгілі) қаланың қақ ортасындағы төрт қабатты әкімдіктің зәулім ғимаратын сатып жіберу қисынға келмейтін сияқты. Бір қонақүй салатын инвестор табылмады дегенге сенуге бола ма?  

Былтыр тамызда Рашид Аюпов  2018 жылы 257 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен ғимаратты электрондық сауда-саттыққа қойып, жекешелендіру туралы қаулы қабылдайды. Осы кездері қалалық әкімдік бұрын Түркістан облыстық әкімдігі отырған мұражай (дәлірегі – тарихи этнографиялық орталық)  ғимаратына көшіп алады. Ал екі жыл бұрын ғана қатырып тұрып жөнделген әкімдіктің ішінде бұзу жұмыстары басталған.

Түркістан қалалық сотының 4 мамыр күні шығарған шешіміне қарағанда, әкімдік өзіне тиесілі, әлі сатылмаған ғимаратты сақтап қалу шараларын жүргізбеген. Бұзу жұмыстарының салдарынан бағалау кезінде ғимараттың  шаршы метрінің нарықтық құны 29, 17 пайызға дейін төмендеген.  Әлі сатылмаған әкімдіктің ғимаратында бұзу жұмыстарын кім жүргізген? Оған кім рұқсат берген? Аюпов өзінің мәлімдемесінде бұл туралы ештеңе айтпайды.  Мұның арғы жағында бір гәптің бары анық.  Себебі  кейіннен ғимаратты аукционда  сатып алған жеке кәсіпкер К.Бектасова sn.kz сайтына берген сұхбатында: «Түркістанға статус берілген кезде BI Group бір нәрсе жасағысы келген, сондықтан оның іші бұзылған. Ғимараттың іші цемент пен сынған, шашылып жатқан құрылыс заттарына толы», – дегенді айтады. Кәсіпкердің сөзінен кейін шенеуніктердің әу баста ғимаратты Түркістандағы ірі нысандардың құрылысын жүргізіп жатқан алпауыт BI Group компаниясына бермек болған ба деген күдік қылаң береді.  

Әкімдіктің ескі ғимаратын бағалауға қатысты істе құпия жайттар тіптен көп.  Аюпов ғимараттың бағасын шығару әкімдіктің құзырында еместігін алға тартып отыр. Бірақ түркістандық атқамінерлер бағалаушылардың күдікті-күмәнді әрекеттерінің бәріне бас шұлғып отыра берген сияқты. 18 тамызда қалалық әкімдік «Бағалау және сараптама» ЖШС-мен  ғимаратқа бағалау жұмыстарын жүргізу жөнінде келісім жасайды. Дәл сол күні аталған серіктестік нысанды 313 736 279 теңгеге бағалап берген. Түркістан қалалық сотының шығарған шешімінде: «Бағалау және сараптама» ЖШС нысанның құнын физикалық сипаттамалары тура келмейтін, бәсекелес бола алмайтын жылжымайтын мүліктің шаршы метрі үш есе төмен объектілермен салыстырып, яғни ғимараттың құны нарықта мағыналас нысандардың жоқтығына қарамастан, баламалы әдісті негізсіз қолдану арқылы шығарған», – деп жазылған.

2018 жылы ғимаратқа 257 миллион теңгеге  жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жоғарыда айттық. Рашид Аюпов өзінің мәлімдемесінде бағалау құнына осы жөндеу жұмыстарына кеткен шығындардың да қосылғанын айтып отыр. Сонда төрт қабатты ғимарат жерімен бірге 50-60 миллион теңгеге  бағаланған ба?  Сот шешімінде былтыр желтоқсанда Түркістан облысы сот сараптамалары институтының берген қорытындысы бойынша ғимараттың құны  438 604 616 теңгені құрайтыны, ал оны қалпына келтіру жұмыстары 146 941 361 теңгені қажет ететіні жазылған.  Аюпов «әкімдік ғимаратты арзан бағаға сатып жіберген» деген ақпарат құралдарындағы сөздердің дәлелсіз екенін алға тартып отыр. Сонда сот шешімі ешқандай дәлелге жүрмей ме? Бір қызығы, бағалаушы компания өкілдері сотқа шақырылғанымен, келмеген.  

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, аукцион қазан айында өтіп,  жоғарыда айтқан жеке кәсіпкер К.Бектасова ғимаратты бағаланған құнына ешқандай өзгеріс енгізбестен,   313 736 279 теңгеге сатып алған. Енді, міне, Түркістан қалалық прокуратурасының сотқа берген талап арызы қанағаттандырылып, әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісімнің күші жойылды. Бірақ әзірге сот шешімі күшіне енген жоқ. Аюпов прокуратураның талабымен келіспейтінін, енді облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданатынын айтып отыр. Егер сот шешімі күшінде қалып, ғимарат қайтадан әкімдіктің меншігіне өтсе, оның келешектегі тағдыры не болады?  Қайтадан сатылып кете ме, әлде мемлекеттік ғимарат ретінде пайдаланыла ма? Мұның бәрі де шенеуніктердің көңіл күйіне байланысты. Ал ғимаратқа бұзу кезінде келтірілген 146 миллион теңге шығынды кім өтейді?

Қазіргі уақытта Түркістан қалалық әкімдігі қаладағы тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың бұрынғы ғимаратына қоныстанған. 2018 жылы осы ғимаратқа алдымен Түркістан облыстық әкімдігі көшіп келіп, былтырға дейін отырды. Түркістан қалалық әкімдігінің таратқан ақпаратына қарағанда, әкімдік осы нысанды біржолата иемденіп қалғысы келетін сияқты. Қазір ғимарат ішін шыны кабинеттерге көшіру жұмыстары жүріп жатыр екен.

Түркістан қалалық тарихи-мәдени этнографиялық орталығының ғимараты 2010 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен салынған республикадағы өзіндік сәулеті бар, бірегей ірі мәдени нысандардың бірі болып табылатын. Бюджеттің миллиардтаған қаражатымен салынған орталықтың жұмысы осымен тамамдалатын сияқты. Өкінішті-ақ.

Әкімдікті қонақүйге, мұражайды әкімдікке айналдырып жатқан түркістандық шенеуніктердің шеберлігіне таңғалмасқа амалың жоқ.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02