Шенеуніктердің өтірігі кімге керек?

Түркістандағы тексерудің қорытындысы жарияланды

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

04.03.2022, 12:15

4802

Есеп комитеті Түркістан облысында тексеру жұмыстарын жүргізіп, біраз келеңсіздіктерді анықтады. Бұл келеңсіздік пе әлде салғырттық па? Айналып келгенде, бәрі көзбояушылыққа барып тіреледі.  Облыста сол баяғы кеңес дәуіріндегі социалистік жарыстардың салдары әлі де бар болып шықты.

 Айталық, ауыл шаруашылығына жауапты атқамінерлер 2019 жылы 19,9 мың тонна ірі қара мал етінің экспортына 19,8 мың тонна тірі малдың экспортын қосып жіберген. 2019-2020 жылдары өңірдегі тракторлардың саны 6,6 мыңға артық көрсетілген. 2020 жылы сүт өнімдерінің көлемі 1,5 есеге  артық жазылған. Бұл не үшін қажет? Жоғарыдан берілген тапсырмалардың толық немесе артығымен орындалғанын көрсету үшін бе? Соңғы жылдары облыс басшылары Түркістанның ет экспорты бойынша республикада бірінші орын алатындығын айтумен келеді. Егер бұдан жоғарыдағы өтірік цифрларды алып тастасақ, нешінші орынға сырғуы мүмкін?

 Ауыл шаруашылығында анықталған кемшіліктер бұл ғана емес. Өңірде «Өрістен сөреге дейін» кооперациясын дамыту үшін фермерлерге мемлекеттік қолдау көрсету жай ғана құжат жүзінде жүргізілген. Импортқа тәуелділікті төмендету үшін Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қойма нысандары салынбай қалған. Ал осы  2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда, Өзбекстаннан қызанақ импорты төрт есеге, пияз импорты екі есеге өскен.

Халықты ауыз сумен, газбен қамтамасыз етуге қатысты деректерде қарама-қайшылықтар, тіптен көп. Аймақтық даму бағдарламалары бойынша  2020 жылы облыста орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі қала халқында 98,9 пайызға,  ауыл халқында – 92,1 пайызға жетуі тиіс болған-ды.Ал нақты статистика деректері бойынша бұл көрсеткіш 71,5 пайызды құраған. 2019-2020 жылдары пайдалануға берілген су нысандары мен құжат жүзіндегі нысандардың арасындағы айырмашылықтар екі есені құрап отыр. Ал енді сол 2020 жылдың соңында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамту қалаларда – 97,9  пайызды, ауылдық елді мекендерде 91  пайызды құрып отырғанын мәлім еткен екен. Былтыр оны 98,9 пайызға жеткізу көзделген. Ауыз су саласындағы өтіріктердің қаншалықты деңгейде дамып кеткендігін осыдан-ақ біле беріңіз.

Облыста ауыз суды үздіксіз беруде проблемалар көп. 697 елді мекеннің 151-і суды кестемен ішеді.

2018 жылы Сайрам ауданының Ханқорған және Жаңатұрмыс ауылдарында орамішілік газбен жабдықтау желілері пайдалануға берілгенімен, ол магистральдық желіге тек 2021 жылы қосылған. Осы себепті 2018 жылы облыстың 1700 тұрғынын газбен қамтамасыз ету жоспары орындалмаған. Сонымен қатар энергетика басқармасының 2020 жылдың қорытындысы бойынша 423 елді мекеннің газдандырылғаны туралы деректері шындыққа сәйкес келмейді. «ҚазТрансГаз Аймақ» кәсіпорнының ақпараты бойынша 423 елді мекеннің тек 356-сы газдандырылған. Сонда мұндай өтіріктер кімге керек?

Есеп комитеті тексеру қорытындысы бойынша облыс әкімдігіне тисті ұсыныстар беріп отыр. Бірқатар фактілер құзырлы органдарға жолданды.

Тегтер: тексеру тергеу қорытынды

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 17:47
Республикалық референдумға қатысу – азаматтық борыш
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16.05.2022, 16:50
Қарағандылық шаруалар қауырт қимыл үстінде
Әділ АҚЫЛБАЙ 13.05.2022, 11:45
Отандық спортқа отандық бизнес демеуші
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2022, 17:11
Қайырымдылық қоғамға пайдалы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12.05.2022, 08:07
Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
Сайт әкімшілігі 10.05.2022, 06:43
Қостанайда 11 отбасы баспанасыз қалды

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27