Шөліркеген Шардара

Президент әкімшілігінің бақылауындағы жоба неге жүзеге аспады?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

13.10.2021, 12:47

633

 Шардара қаласындағы ауызсу проблемасы  жөніндегі материалды «Жас Алашта» бұған дейін жариялағанбыз. Бәрі  Шардара суқоймасында балықтардың қырылуынан басталған болатын. Балық қырылған суды халықтың тұтынатынын жазғанбыз. Ауызсуға жауапты басшылардың пікірлерін де берген едік.

Міне, содан бергі аралықта екі жылға жуық уақыт өтіпті. Мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.  Бір жақсысы – жергілікті әкімдер Шардарадағы ауызсу проблемасын жасырып отырған жоқ. Ал жаманы – шенеуніктердің осы уақытқа дейін ауызсуға қатысты берген уәделері әлі орындалмаған.

  Шардараның халқы әлі күнге дейін ауызсуды түрлі өндірістік қалдықтармен ластанған Шардара суқоймасынан ішеді. Рас, су тазартудан өтеді. Бірақ су тазарту станциясының әбден тозығы жеткен. Одан шыққан суды тұрғындар тек тұрмыстық мақсатта қолданады. Ал ауызсуды көпшілік сатып алып ішеді. Бұдан басқа амал жоқ. Шардарадағы ауызсу мәселесі соңғы 15 жыл бойы көтеріліп келеді.  Жергілікті әкімдік оны шешу үшін біраз жобаларды қолға алған болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, олар іске аспайды.

2019 жылы облысқа әкім болып келген Өмірзақ Шөкеев те Шардара қаласындағы ауызсу проблемасының өте өзекті екенін айтқан болатын. 2020 жылдың басында біз Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың халық алдында берген есебіне арнайы барып қатысқанбыз. Сол кезде аудан басшысы биыл Шардара қаласындағы су тазарту станциясының толығымен жаңғыртудан өтетінін айтқан еді. «Жас Алаштың» тілшісіне берген түсініктемесінде аудан әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров Шардараға суды жаңа технологиямен тазартатын қондырғы орнату мәселесінің Президент әкімшілігінің бақылауына алынғанын,  жоба жасалып, сараптамадан өтіп қойғанын, енді оған республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген-ді. Жобаның құны 3 миллиард теңгені құрапты.  Өкінішке қарай, содан бергі аралықта екі жылға жуық уақыт өтсе де, Шардараның ауызсуын тазартатын қондырғы алуға  және оны орнатуға бюджеттен қаржы бөлінбеді. Сонда бұл жобаның Президент әкімшілігінің бақылауына алынғаны қайда?

Жуырда ауданға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов арнайы іссапармен барды. Тұрғындар ауызсу проблемасын қос шенеуніктің алдына тағы қойды. Биыл құрғақшылықтың салдарынан Шардара суқоймасы толмай қалып,  судың сапасы нашарлаған, залалсыздандыру жұмыстары қиындаған. Себебі су тазалайтын станцияның жұмысы тікелей судың деңгейіне байланысты. Сексенінші жылдары қолданысқа берілген қаланың су тарататын бас станциясы әбден ескірген, ал оның қондырғылары қазір ешқандай зауытта жасалмайды екен.

Облыс әкімі Шардарадағы ауызсу проблемасын түбегейлі шешу үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құм ішінде орналасқан  «Тама-Тастанбек» жерасты суын жеткізу қолға алынғанын мәлімдеді. Су сапасы сынақтан өткен. Ендігі кезекте  республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Облыс басшысы жоба келер жылы толық жүзеге асырылатынын айтты.

Оның артынша Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай  мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде осы уәдені тағы қайталады.

– Шардара – облыс бойынша ауызсуды ашық айдыннан алатын жалғыз аудан. Биыл Шардара суқоймасындағы су деңгейінің түсіп кетуі ауызсу сапасына әсер етіп, біршама қиындықтар тудырғаны белгілі. Енді  «Тама-Тастанбек» жерасты су қорынан су тарту жұмыстарына кірістік. Егер жобаға қаржы бөлінсе, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталатын болады, – деді аудан әкімі.

Біз хабарласқан Шардара аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Шағырбаевтың айтуынша, «Тама-Тастанбек» су қорынан су тарту жобасы екі ай бұрын қолға алынған.

– Жобаны дайындауға аудандық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы қарастырылды. Мердігермен келісімшартқа отырдық. Жобалау жұмыстары жаңа жылға дейін бітеді деп отырмыз, – деді бөлім басшысы.  

Бұл жобаның қаншалықты іске асатынын, әкімдердің елге берген уәдесінің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсете жатар. Ал шөліркеген шардаралықтарға тағы да күтуден басқа амал қалмай тұр.

Тегтер: ауыз су мәселе әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым Еркебаева 28.01.2022, 21:08
Бұрынғы атауы қайтарылсын!
Сайт әкімшілігі 28.01.2022, 09:31
Түркістан облысындағы экономиканы жаңғыртудың бүгіні мен келешегі
Сайт әкімшілігі 27.01.2022, 17:08
Павлодарлық полицейлер басшылықтан қашанғы қысым көреді?
Сайт әкімшілігі 27.01.2022, 16:13
Ауылды «еститін Үкімет» қайда?
Сайт әкімшілігі 27.01.2022, 13:23
Түркістандағы қайғылы оқиға бойынша сот үкімі шықты
Арайлым Еркебаева 26.01.2022, 09:25
Зейнеткерлердің зейнетақысы бес жыл бойы ұрланып келген

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48