Шымкентте жаңа ипподромның құрылысы басталды

Б.СӘРСЕНБИ

05.06.2021, 08:40

1516

Шымкент қаласында жаңа атшабар кешенінің құрылысы басталды. Жуырда үшінші мегаполисмәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған ынталы топ және БАҚ өкілдері жаңа ипподромның орны мен жобасымен танысып қайтты.

Қаланың бас жоспарына сәйкес, заманауи атшабар кешені Бозарық тұрғын алабында бой көтереді. Оның алаңы 39 гектарды құрайды. Жаңа нысанда жабыны бар жасанды жүгіру жолы, жаттығу алаңы, ат спорты бойынша жарыстар өткізуге арналған алаң, жабық мінбер, атқоралар, ветеринариялық-профилактикалық бекет, сондай-ақ құрама жемге арналған қоймалар мен сыйымдылығы 310 көлікті құрайтын автотұрақ салу жоспарланған.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, атшабар құрылысын 2022 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарлануда. Бұл жобаны BI Group компаниясы уәде еткендей, өз қаржысы есебінен әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асырады. Құрылыс жұмыстарына он шақты жергілікті компаниядан 200-ге жуық адам тартылатын болады.

Қоғамдық кеңес төрағасы Н.Бұхарбаев жаңа ипподром құрылысының сапасын бақылау мақсатында белсенді топ арасынан арнайы комиссия құруды ұсынды. Яғни комиссия мүшелері атшабар құрылысына қатысты өз талаптары мен ұсыныстарын жеткізе алады. Бұл ұсынысты жобаны жүзеге асыратын BI Group компаниясы қолдады.

Айта кетейік, Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан қазіргі ипподром жаңа орынға көшірілмек. Бұл ипподром осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын салынған, дендробақ, зообақ, Тұлпар көлімен бірге, тұтастай демалыс аймағын құрайды. Демалыс аймағы 80-жылдардың басында облыстың сол кездегі басшысы Асанбай Асқаровтың тікелей бастамасымен, қаланың көптеген  мекемелерінің күшімен тұрғызылған-ды. Былтыр BI Group компаниясы осы ипподромның орнынан тұрғын үй кешенін салуды, ал оның есесіне Бозарықтан заманауи талаптарға сәйкес келетін ипподром салып беруге ұсыныс білдірген болатын. Компанияның осы мақсатта салып отырған  инвестициясының көлемі 135 миллиард теңгені құрайды. Алайда жоба қоғам арасында қызу пікірталас тудырды.  

Сол кездері Шымкент қаласы әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, компания жаңа ипподромды 2 миллиард теңге қаражатқа салады.   Ипподромнан бөлек, тұрғын үй салатын аумақтан мектеп пен емхана, бұған қоса, арғы жағы Шымситиге жалғасып кететін променад, бергі жағы дендропаркке дейін өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір салуы тиіс.

­– Мемлекет есебінен үй салу қиын емес. Бюджетте ақша болса, сала бер. Ең қиыны ­­– коммерциялық тұрғын үй салу. Себебі жеке компания өз ақшасына салады, өзі сатады, барлық тәуекелді өз мойнына алады. Сондықтан коммерциялық тұрғын үй құрылысын қолдауымыз керек. Қазір Нұр-Сұлтанда құрылыстың 80 пайызы коммерциялық тұрғын үй. Ал Шымкентте тек 25 пайыз, қалғанын әкімдік бюджет есебінен салып жатыр. Бәсекелестік ұлғайған сайын құрылыс нарығы дамиды.  Бұл жерде тек инвестиция ғана маңызды емес, BI Group, Bazis, Highvill сияқты компаниялар құрылыс мәдениетін әкеледі. Әлеуметтік топтарға мемлекет онсыз да жылда үй салып жатыр. Бірақ бағасы шектеулі әлеуметтік үйлермен қала сала алмаймыз. Қаланың көркін ашатын ­– еңселі зәулім үйлер. Бұл – бір. Екіншіден, тұрғын үй – бұл баспана ғана емес, инвестициялық құрал, былайша айтсақ, мүлік. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Шымкенттің қыз-жігіттері жұмыс істеп жүр. Олар тапқан ақшасын Нұр-Сұлтан мен Алматыдан пәтер сатып алып, сол қалаларға құяды. Егер Шымкентте сондай инвестициялық құрал бола алатындай жылжымайтын мүлік нарығы қалыптасса, қаржы Шымкентке салынады.

 Шыны керек, республикалық қала болғанымен, тұрғын үй салуда Шымкент артта қалды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда жылына 3 миллион шаршы метр үй салынады. Тіпті халқы 200 мың адамға жетпейтін Ақтаудың өзі жылына 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салады. Ал миллион халық тұратын Шымкентте қанша шаршы метр тұрғын үй салынады деп ойлайсыз? Жарты миллион шаршы метр. Жарты-ақ миллион! Мұндай баяу қарқынмен қала дамуын тежеп тастаймыз. BI Group сияқты бірнеше компания 100 миллиардтап инвестиция салса, қала Нұр-Сұлтан сияқты көздің жауын алатын зәулім үйлерге толып, еңсесін тіктер еді, ­– деген болатын сол кезде «Жас Алашқа» берген сұхбатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Жалпы, Шымкент қаласында тұрғын үй қарқынының жоғары екені жыл басында үкіметте де атап өтілді. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжановтың мәлімдеуінше, биыл мегаполисте  368  отбасы баспанамен  қамтылады. 

­– Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтар қатарында. Биыл  976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда құрылыс басқармасы тарапынан 696 пәтер пайдалануға тапсырылып, оның ішінде 300 пәтер жұмыс істейтін жастарға табыс етілді. 308 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі қабылданып, жалдау шарттарын беру толығымен аяқталып, азаматтарға кезек реті бойынша  берілді. Ал жыл соңына дейін 368 отбасы жалдамалы баспанаға қол жеткізеді, – деді  А.Рысжанов.

Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде  44 940 азамат тіркелген.  Жыл басынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының несиелік бағыттары бойынша 1299 азамат өз баспанасына қол жеткізді. Оның 286-сы тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02