Сқақов ештеңе істеп үлгерген жоқ

Мариям МАҚСАТ

29.12.2020, 09:24

2358

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың аймақты басқару тізгінін қолға алғанына бір жыл толған жоқ. Ол осы жылдың қаңтарында ойламаған жерден топ ете түсіп, әкім болып тағайындалды. Өңірдің экс-әкіміне қатысты дау-дамайдан соң, солтүстіктегі индустриялық орталықтың тізгіні Тимур Сүлейменов, Жеңіс Қасымбек сынды есім-сойы елге танылып қалған шенеуніктерге берілер деп топшылаған еді жұрт. Бірақ бұған дейін ел көзіне көрінбеген, саяси аренада аты жиі аталмаған Павлодардың өз тумасы басшылыққа келгенде, көпшіліктің таңырқап қалғаны рас.

2020 жылдың 15 қаңтарында сол кезде Павлодар облысын басқарып тұрған Болат Бақауовтың қолына кісен салынып, екі айға қамауға алынды. Ресми ақпарат бойынша ол туысының салық бойынша берешегін жабу үшін қызметін асыра пайдаланыпты. Облыстық деңгейдегі салық органына «бауырымның 200 миллион теңгелік салықтық қарызын 3-5 миллион теңге көлемінде көрсетіңдер» деп, бұйрық берген-мыс. Сол үшін екі айға қамауға алынып, кейін үй қамауына жіберілді. Ал мамыр айында шартты түрде үш жарым жылға сотталды.

Бұрынғы әкімнің басына қара бұлт үйірілген соң, білдей бір облыс бір апта бойы басшысыз күнелтті. Тіпті сол кезде тұрғындарға мәселенің анық-қанығы толық айтылмады да. Әйтеуір, жұрт әлеуметтік желілер арқылы Бақауовтың ісі туралы естіп, топшылап, болжам жасап, сөз қылып жүрді.

Ал 21 қаңтар күні президент облыс әкімінің лауазымына Әбілқайыр  Сқақовтың кандидатурасын ұсынып, оны облыстық мәслихат депутаттары құптай салды. 1974 жылы Павлодар облысының Ақтоғай ауданында туып, аймақтың салық саласында 17 жыл жұмыс істеп, кейін бас қалада қорғаныс, қаржы министрліктерінде еңбек еткен Сқақовтың әкім болып тағайындалуы күтпеген жайт болды. 25 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ол бұрын-соңды қандай да бір істерімен көзге түспеген еді. Астана қаласындағы мемлекеттік кіріс департаментін басқарып тұрғанда  көлеңкелі бизнестің жолына тосқауыл қоюға талпынып, қорғаныс министрінің орынбасары болған кезде әскери қызметшілерге  тұрғын үй өтемақысын төлеуге қатысты жүйені өзгертуге ұмтылғанымен ғана есте қалды.

Павлодар облысының әкімі болып тағайындала сала көпшіліктің көңілін аудартуға тырысқандай. Себебі араға үш күн салып, Нұр-Сұлтан қаласына пойыздың жалпыға ортақ вагонымен жол тартты. Мұны өзі жариялаған жоқ, әрине. Су жаңа әкімнің ноутбукпен жұмыс істеп тұрған суреті «жасырын» түрде түсіріліп, ақпарат көздерінде таралды. «Мына әкім қарапайым екен» деген сөздер де жиі айтылды. Бірақ өзін жарнамалаудың мұндай жолын ол ғана емес, онымен бір күнде тағайындалған Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов те пайдаланды. Оның да пойыздағы суреті жарқ ете қалған-ды. Бұдан соң Павлодар облысының әкімі қоғамдық көліктермен жүріп, қарапайымдылықпен танылған жоқ. Айтпақшы, Әбілқайыр Сқақов алдыңғы әкімнен қалған «Lexus LX 570» маркалы көлікпен жүріп-тұрады.

Әкімнің креслосына отырғанына бір ай толар-толмаста белгіленген тәртіпке сәйкес, халық алдында есеп беруге шықты. Қалалық мәдениет сарайына жұртты жинап, есептік кездесуге дейін де, одан кейін де тұрғындарды жеке қабылдады. Әлбетте, бұрынғы әкімнің атқарған жұмыстарына көп тоқталып, қорытынды жасаған жоқ. Өзінің жұмысы үшін түртіп алған жеті басымдықты баяндап, тұрмысты жақсартуға бағытталған уәделерді үйіп-төкті. Басқа басшылар сияқты тұрғын үймен қамту, коммуналдық сала, білім мен денсаулыққа баса назар аударатынын айтты. Биік мінберден биыл 500 мың шаршы метр үй пайдалануға берілетінін баяндағанда жұрт қолпаштап, қуанды. Бірақ кейін бұл жоспардың орындалмайтынын іші сезді-ау. Енді бүгін барлығы 346 мың шаршы метр пәтерді қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр...

Халық алдында есеп берген сол кездесуде біздің өңірде көмірдің үштен бір бөлігі өндірілсе де, ауылдықтар қатты отынның тоннасын 18 мың теңгеден сатып алып отырғанына тоқталған еді. «Біз бағаны екі тарапқа да оңтайлы болар деңгейге дейін төмендетуді талап ететін боламыз», – деді сол тұста Әбілқайыр Сқақов.  Бұл сөзінде тұрды. Жергілікті көмірдің бағасын орта есеппен алғанда бақандай 900 теңгеге арзандатты.

Төрткіл дүниені теңселткен коронавирус келген сын сағат басшының іскерлігі көрінетін шақ еді. Бірақ оны жаңа әкім  толыққанды пайдалана алды ма, жоқ па – айту қиын. Иә, ресми мәліметтерді алға тартар болсақ, көп жұмыс атқарылғандай. Қысқа уақытта модульдік госпиталь салынып, ауруханалардағы төсек-орын мен жансақтау бөлімдеріндегі орындар көбейтілді. Стационарлар қажетті құралдармен жабдықталып, оттегі нүктелерінің саны алты есеге артты. Бірақ шикі тұстар да жоқ емес. Соның бірі 17,5 млн теңгеге сатып алынған өкпені жасанды желдететін аппараттар ескі болып шықты.

Қауіпті індет таралған шақта Әбілқайыр Сқақовтың өңір тұрғындарымен байланысының тұрақты еместігіне көз жетті. Мысалы, сәуір айында коронавирустық инфекция анықталған павлодарлықтар тұратын тұрғын үйлердегі подъездердің есіктері дәнекерленіп, тарс жабылды. Есіктерде ойық жасалып, сәлем-сауқаттар сол арқылы ғана берілетін болды. Тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынды. Олар дүкенге де шыға алмаған соң, еріктілер азық-түлік әкеліп, тамақпен қамтып отырды. Бұл «жаңашылдық» қабылданып, пәлен подъездің есігі бекітілгеніне бірнеше апта өткен соң ғана жиындардың бірінде облыс әкімі мұндай әрекеттің өркениетті заманға сай еместігін сынады. «Подъезд есіктерінде ешқандай құлып болмауы керек. Тек бақылауды күшейту қажет» деді. Сонда ол бірнеше апта бойы қайда қарап отырды? Пәтерлерде қамалып қалған тұрғындардың жанайқайын әлеуметтік желілер арқылы байқап, дер кезінде осы тапсырманы беруге болмас па еді? Бұл әкімнің көпшілік мәселесіне селқос қарап, «қалғып-мүлгіп» отырғанын көрсетсе керек.

Жалпы, Әбілқайыр Сқақов қалың жұртшылықпен қоян-қолтық жұмыс істеп, солардың қамы үшін тың тапсырмаларды берді деуге келмейді. Оның алдында облысты басқарған басшы бастауыш сынып оқушыларының барлығын ыстық тамақпен тегін қамту, көпбалалы аналардың қоғамдық көліктерде ақысыз жүруіне жағдай жасау сынды әлеуметтік маңызы бар істерді қолға алса, бұл әкім осы іспетті игі бастамаларымен есте қала қойған жоқ. Есесіне павлодарлық спортсүйер қауым Әбілқайыр Сқақовтың еліміздің футболдан бес дүркін чемпионы «Ертіс» командасының премьер-лига ойындарынан шеттетілуіне ықпал еткенін ұмыта қоймас. Футбол клубында жүргізілген аудиттен соң, қыруар қарызы бар екені анықталып, ойыншылар биылғы чемпионаттан құр қалды. Жанкүйерлердің көбі мұны да облыс басшылығының жергілікті кәсіби спортқа немқұрайды қарауымен байланыстырды.

Бұл ретте мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Әкім болып тағайындала сала жергілікті журналистермен жүздескен Әбілқайыр Бақтыбайұлы Павлодар атауын қазақыландыру өзекті мәселе емес екенін анық аңғартқан еді. «Облыс, қала, көше атауларын өзгерту тұрғындар мәселелерінің шешілуіне көмектесе ме? Керісінше, құжаттарды, маңдайшаларды ауыстыруға көп шығын жұмсалады, көп жұмыс атқару керек болады. Иә, тарих, мәдениет, қаланың қалыптасуына байланысты дүниелер бар. Бірақ, меніңше, қазақша атауларды беру қазіргі уақыттағы басты мәселе емес. Бар күшімізді көпшіліктің қордаланған мәселелерінің шешілуіне жұмсауымыз керек», – деген болатын.

Бұл сөзінде тұрды. Көшелерді, елді мекендерді қазақшаландыруда қарышты қадамдар жасалған жоқ. Соңғы уақытта пәлен жыл бойы аты ауыспай келген Кутузов, Ленин көшелері Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы және Астана көшесі деген қазақи атауларға ие болған-ды. Былтыр қарашада қоғам белсенділерінің ұсынысымен облыс орталығындағы тағы 13 көшеге белгілі жырау, ақын, біртуар тұлғалардың есімдері беріліп, қазақшаланды. Ал биыл мұндай бастамалар болған жоқ.

«Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тіл қолданылуы керек», – деген Әбілқайыр Сқақовтың өзі жиын, кездесулерде орыс тіліне басымдық беретіні байқалады. Осыдан бір ай бұрын орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде қазақша қойылған сұрақтың байыбына бармай жатып жауап беріп, дауға қалғаны тағы бар. Журналистің: «Тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегіне жындыханадан жедел жәрдем шақырған Павлодар қалалық әкімдігі аппаратының басшысына қандай шара қолданылды?» – деген сипаттағы сұрағына «Ол қызметтен босатылды», – деп қысқа қайырды. Бұл жауап ақпарат көздерінде жария болған соң, бұрынғы аппарат басшысы келеңсіз жағдай орын алғаннан кейін араға бірнеше ай салып, қызметтен өз еркімен кеткенін айтып сұхбат берді. Айтпақшы, жоғарыда аталған Руза Бейсенбайтегі, басқа да қоғам белсенділері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты бейбіт түрде митинг өткізгенімен, бұл мәселеге билік аса назар аудармады.  

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың биыл атқарған жұмысы осындай. Билік тізгінін қолына алған жылы оң істерімен, елге жағымды бастамаларымен елене қойған жоқ. Өңірдің әлеуметтік, экономикалық «қазанында» қайнау үшін уақыт керек болар, бәлкім. Сондықтан келер жылы жақсы қырларымен көрінер деген үміт жоқ емес. Ал биыл әкімнің тарапынан не жақтауға, не даттауға тұрарлық атқарылған жұмысты байқамадық.

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 21.01.2021, 17:44
"Ұлттық ат бәйгесін ас беру деңгейінде ғана қарастыруға болмайды"
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.01.2021, 16:13
Алименттен жалтарған әкенің көлігі тәркіленді
Мариям МАҚСАТ 21.01.2021, 14:14
Павлодар атауы өзгере ме?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 20.01.2021, 09:21
Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.01.2021, 14:46
Қарағандылық қайсар ана депутаттыққа неге ілікпеді?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 19.01.2021, 09:05
Әбдіқалықованы отставкаға жібереміз бе?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15