Су электр стансасы қажет пе?

Еңлік АБАҒАН

02.07.2021, 13:25

8893

Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылында BASKAN POWER компаниясы жоғары Басқан өзеніне үш су электр стансасының құрылысын жүргізіп жатыр. Инвестор қаржысы есебінен жүзеге асып жатқан жоба құны – 14 млрд теңге. Бірінші ГЭС 2015 жылы іске қосылып, толық қарқында жұмыс істеуде. Қазіргі таңда екінші стансаның құрылысы басталып кетті. Жоба сәтті аяқталса, Екіаша ауылдық округіндегі суармалы жер көлемі 32 мың гектарға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Бастапқыда «ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтитын су электр стансасы салынады» деген хабарды халық қуанышпен қабылдаған. Алайда ГЭС-2, ГЭС-3-тің құрылысы кезінде қарсылық туындады. Оның себебі – жерасты құбырлары арқылы Үлкен Басқан және Кіші Басқан өзенінің суын ағызу.

Тұрғындар экологиялық апат  туындап, жерасты сулары тартылып, ауызсусыз қалудан әрі бау-бақша суғара алмай қалудан қауіптенеді. Сонымен бірге қазылған шұңқырлар адам мен малға да қиындық тудырып отырғанын айтқан ауыл тұрғыны Серғазы Сарыбаев:

– Біздің мердігер компанияға ұсынысымыз – трубадан басқа жолын жасасын. Біз ГЭС салуға қарсы емеспіз. Қуана қолдағанбыз. Бірінші ГЭС салғанда осы ауылдан бірнеше адам барып жұмыс істеп, еңбекақы алып жақсы болған еді. ГЭС салынса, халыққа да жұмыс болады. Зияны жоқ. Бірақ ауылға дейін немесе ауылдан кейін салынсын, – деген арыз-талабын айтады.

Инвесторлардың айтуынша, бұлай болуы мүмкін емес-ті. Себебі жоба заңнамада көрсетілген барлық талапқа сай орындалып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сараптамадан өтіп, салынуға рұқсаты бар. Оның үстіне ГЭС-1 электр энергиясын өндіріп жатқанның өзінде, өзенде су тартылу байқалмаған.

ГЭС және басқа да баламалы энергия көздерін іздеу, салу бүгінде басым бағыттың бірі. ЖЭК елдің экологиясын жақсартуда үлкен рөл атқарары сөзсіз. Осы орайда, Алматы облысы мемлекет деңгейінде жасыл энергетиканың көшін бастап тұр. Баламалы энергия көздерін іздеу бағытында біршама жұмыстар да атқарылуда. Соның бірі Үлкен Басқан өзенінде салынып жатқан ГЭС екені белгілі. Дейтұрғанмен, тұрғындар наразылығына құлақ асыла ма? Су электр стансасы қажет пе? Онсыз да су көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Осы мәселе төңірегінде жауапты мекемелерге хабарластық.

– Халық трубалардың Екіаша ауылының маңынан өткеніне қауіптеніп отыр. Оны біз түсіндіріп айттық. Ары қарай құзырлы мемлекеттік органдардың және халықтың қатысуымен жұмыс тобы құрылады. Бас жобалаушыға тапсырма берілді. Осының есебін жүргізіп, жауапты органдар мемлекеттік қорытынды бергеннен кейін халыққа қосымша хабарлаймыз. Жалпы, жоба мемлекеттік сараптамадан толықтай өткен. Сонда да екіашалықтардың өтініші бойынша қайтадан жіті зерттеу жүргіземіз, – деді Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.

Басшылық тарап барлығы дұрыс деп көндіргенімен, екіашалықтар су электр стансасының құрылысы кезінде жерасты құбырларын орнатпай, балама жолды іздеуді талап етуде. Яғни Сарқан ауданы Екіаша ауылының тұрғындары су электр стансасын салу үшін құбырды жерасты арқылы жүргізбеуін сұрайды. Өйткені оларда «ауызсусыз қаламыз» деген қорқыныш басым.

Өз кезегінде «Baskan Power» ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаев су аз болған кезде 50х50 пайыз мөлшерімен алатынын жеткізді. Ал су мол болса, өзеннің тек 30-40 пайызын ғана тұтынатын көрінеді. Одан артық бұл құбырға су сыймайды.

Үлкен Басқан өзенінде жұмыс істеп тұрған бірінші ГЭС-те 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал екінші стансаның құрылысына 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Оның басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Одан бөлек, 34 бірлік ауыр техника бар. Бүгінде 1,5 шақырым құбыр тартылған екен.

Айта кетерлігі, елдегі тау өзендерінен алынатын электр энергиясы қорының 65 пайызы Алматы облысына тиесілі. Баламалы қуат көзін өндірудің аймақтық бағдарламасына сәйкес, Жетісу жерінде 2025 жылға дейін 28 электр стансасы салынуы тиіс. Сол арқылы облыста 850 мегаватт электр қуаты өндірілетін болады. Осыдан кейін құрылысы аяқталмай жатып дау тудырып жатқан су электр стансасы шын мәнісінде халыққа қажет пе деген ой туары шүбәсіз.

Тегтер: ауыз су мәселе әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29