Су қайда, «Қазсушар?»

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

09.09.2021, 11:19

820

Батыс Қазақстан облысындағы оңтүстік аудандар қара судың зарын тартқалы біраз болды. Ахуал, әсіресе, соңғы бір-екі жылда қатты қиындады. Ашуға мінген тұрғындар жиі-жиі әкімдікті «шабуылдап», су қашан келеді деген сауалдың жауабын сұрайды. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен таяуда өткен жиын осы күрделі мәселеге арналды.                 

         Атқамінерлердің          мәлімдеуінше, соңғы уақытта Жайық өңірінің 12 елді мекенінде жалпы құны 300 млн теңгеге құдық қазылып, 12 тоған қалпына келтірілген. Жанайқайы қатты Жаңақала ауданындағы су тапшылығы мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылып, мүшелері елді мекендерді аралап, шаруалармен кездескен. Биыл үкіметтің қолдауымен Ресейден су сатып алу үшін 1 млрд 100 млн теңге қосымша қаражат бөлінген. Қазір оңтүстіктегі екі ірі өзеннің бірі – Қараөзен суға тола бастапты.  

         Халықтан «таяқты» көп жейтін осы ауданның әкімі Наурызбай Қарағойшин көп қиындық каналдардың тазартылмай, бітеліп жатқанынан деп уәж айтты. «Аудан аумағындағы каналдар мен лимандарды күрделі жөндеу мен механикалық тазарту қажет. Оған жауапты «Қазсушар» РМК облыстық филиалы қырық сылтау айтып, бастарын алып қашады. Тіпті олар соңғы жылдары судың аздығын біле тұра, қажетті жеріне жіберуге көңіл бөлмей отыр. Біз облыстық бюджет есебінен алынған арнайы техникалардың күшімен ауданның коммуналдық меншігіндегі ұзындығы 26 шақырым болатын Балықты каналын тазартуды бастадық. Мақсат – соңғы үш жылда толық кеуіп қалған Мұқыр өзеніне су түсіру. Оның бойында үш елді мекен, 36 шаруа қожалығы отыр. Аудандағы малға 209 мың тонна шөп керек болса, осы жердегі көлтабандардан алынатын шөп осы қажеттіліктің 55-60 пайызын құрайды. Ауданда 17 көлдің екеуінде ғана су бар. Судың тапшылығынан Көшім өзені бойында орналасқан алты елді мекенді ауызсумен қамту мәселесі де жыл сайын күрделеніп келеді», – деді аудан әкімі. Айтса айтқандай, бір кездері облыстың жартысын жемшөппен еркін қамтыған Жаңақала соңғы үш жылда өздері сырттан шөп тасуға кіріскен. Тасымал шөптің бағасы да аспандап кететіні белгілі.

Жаңақаладағы «Мұрагер» ШҚ басшысы Біржан Айғалиев су тапшылығы мал баққан елге қиын тиіп жатқанын айтты.

          – Мұқыр өзені 5-6 жылдан бері құрғап, кеуіп жатыр. Жыл өткен сайын мал азығы қымбаттап барады. Жем де қымбат. Баққан малымыз еңбегімізді ақтамайтын болды. Суды бірнеше шақырым жерден тасып отырған шаруа қожалықтары бар. Шаруалардың біразы мемлекеттік бағдарламалар аясында асылтұқымды мал сатып алды. Алайда қазір несие төлеу де қиын болып тұр. Су тапшылығы шешілмесе, малды сойып, сатудан басқа амалымыз қалмайды, – деді шаруа.

Өзен-көлдердің кебуі біртіндеп экологиялық апатқа әкеле жатыр. Аудан орталығы іргесіндегі Соркөл табанынан көтерілетін тұз 9000-нан аса тұрғынның денсаулығына кері әсерін тигізуде. Көпжасар ауылы жанында орналасқан Жалтыркөлдің кеуіп қалуына байланысты 400-ге жуық тұрғын ауызсуға мал суаруда. Бұлай жалғаса берсе, жуық арада мал түгіл, адам ішетін су болмай қалу қаупі зор.

         Жиналыста айтылған сынның көбі «Қазсушарға» бағытталды. «Жылдың басында келген су, қардың суы бәрі нақты есептеліп, жоспарлануы керек. Биылғыдай ауа райының қолайсыз кезінде шабындыққа су шығару деген мүлде орынсыз. Сіздерде жүйелі жұмыс жоқ. Берген ақпараттарыңыз өзен-көлдердегі нақты су қорымен сәйкес келмейді. Ал мемлекеттен су алуға ақша бөлінді. Ендеше ақшасы төленген, халыққа жетуі тиіс су қайда кетті?» – деп сұрақты төтесінен қойды БҚО әкімі аппаратының басшысы Берік Батаев. Бұған «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев мардымды жауап бере алмады. Қалай болғанда да, халыққа биліктегілердің өзара «ырылдасқаны» емес, су керек.

Тегтер: су шаруашылығы мемлекеттік саясат ғылым білім мүмкіндік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39