Субсидияның «жыры» - шаруаның мұңы

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

27.12.2020, 19:21

1147

Жуырда ғана дауға айналған мемлекеттік субсидиядан қағылып, жем-шөбіне қаржы таппай, шығынға батқан шаруа қожалықтарының өкілдері тікелей облыс әкіміне келген еді. Әншейінде әділеттік іздеп келгендердің меселін есіктің аузынан қайыратын әкімдіктегілер бұл жолы фермерлердің кәрінен ықты ма, оларды облыс әкімі қабылдап, мәселенің мән-жайына қанықты.

Жалпы Сыр еліндегі субсидия «жырына» келсек, шаруалардың айтуынша, малдың жем-шөбіне соңғы 5 жылда көк тиын төленбепті. Биыл ғана субсидияға деп 730 млн теңге бөлінген екен. Оны цифрландыру әдісімен электронды форматта үлестірген. Бірер мезетке ғана ашылған базадағы бөлінген қаржы санаулы минутта түгесіліп қалған. Осыған күйінген шаруалар электронды жүйенің құжат тапсыру, қаржы беру функцияларын өзгертсе дейді. Әрине, қотанындағы қойын иіріп жүрген шаруа адамы қайбір цифрландыруға бас қытырып көрген дейсіз. Оның үстіне аймақтағы 25 елді-мекенде интернет желісі жоқ, бар деген ауылдардың өзінде 2G, 3G дегендер там-тұмдап тартады. Осыған наразы налалы топ құжат тапсырудың бұдан өзге де қиындығын айтып берді. Атап айтқанда, шаруа қожалықтары «Ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуға» бөлінген қаржының жетіспеушілігі және САЖ бағдарламасының өтінім қабылдау кезіндегі қойылатын талаптардың қиындығына көңіл толмайтындарын жеткізді.

— Әрі кетсе 10 секундқа жеткен жоқ, база ашылды, салып үлгермедік, жабылып қалды. Тек «өздерінің» беретін адамдарына ғана беріп отырған белгілі бір топ бар сияқты, — деп күдіктенеді қожалық иесі Ербол Нұрманбетов.

Шаруа адамдары, желтоқсанның 14 күні ашылған жүйе бір минутқа жетпей жабылып қалғанын, сөйтіп, құжаттарын тіркеп үлгермеген. Тіркеліп үлгергендеріне «отбой» болған.

— Түк әділдік жоқ деп есептеймін. Әділеттілік нөл. Өйткені, Шиелі ауданының шаруаларының 80 проценті алды деп жатыр. Ал бізді өтірік алдап, лақтырып кетті, — дейді тағы бір шаруа қожалығының иесі Рүстембек Сәрсенбаев.

Осылайша күйінген олар облыс әкімнің жауап беруін талап етті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігімен сөйлесейін», деген Гүлшара Әбдіқалықова, «Нормативті өзгертуге болатын болса, әлі де кеш болмаса қазір көрейік. Бірақ құрметті кәсіпкерлер, бекітілген бюджет бар, заңды түрде биылға 730 млн-нан артық қазір ақша жоқ», — деді.

Осылайша «әділетсіз бөлінді» деген субсидия мәселесіне күні кеше облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жақсы жаңалығымен бөлісті. Онда, «Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №06/1-6/7115 хатына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан, 2020 жылдың 25-31 желтоқсан күндері аралығында «Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі» базасында статистикалық есеп жүргізу және бюджет қаражатының болжамын анықтау мақсатында ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азық құнын субсидиялау бағыты бойынша 2020 жылы субсидиялауға уақытылы өтінім бере алмаған шаруашылықтар үшін өтінімдерді жинақтау функциясы іске қосылды», делінген.

Осы арқылы ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бағытына және МІҚ аналығының, қой малы аналығының селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарын субсидиялау бағыттары (тауарлы және асыл тұқымды МІҚ, қой малының аналықтары бойынша) бойынша субсидиялауға уақытылы өтінім бере алмаған шаруашылықтар өтінімдерін тапсыра алады.

Енді 31 желтоқсан кешкі 19.00-ге дейін мал шаруашылығы бар шаруалар ИАС базасына құжаттарын субсидияға тапсыра алады. Шаруалардың заңды құжаттары резервке қойылады. Резервке қойылған соң шаруаларға Министрлік бұйрығы өзгерісімен субсидия қаржылары берілетін болады. Министрлік бұйрығының өзгерісінде 2021 жылдан бастап барлық шаруаларға қаржы жететіндей талаптар қойылатын болды.

Тегтер: нарық экономика қымбатшылық халық пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 21.01.2021, 17:44
"Ұлттық ат бәйгесін ас беру деңгейінде ғана қарастыруға болмайды"
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.01.2021, 16:13
Алименттен жалтарған әкенің көлігі тәркіленді
Мариям МАҚСАТ 21.01.2021, 14:14
Павлодар атауы өзгере ме?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 20.01.2021, 09:21
Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.01.2021, 14:46
Қарағандылық қайсар ана депутаттыққа неге ілікпеді?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 19.01.2021, 09:05
Әбдіқалықованы отставкаға жібереміз бе?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15