Тасқынның тақсіретін тартпаймыз десек...

Б.СӘРСЕНБІ

17.06.2022, 16:20

2780

Соңғы екі жылдың көлемінде Мақтаарал өңірі су тасқынының зардабынкөптартты. Әсіресе 2020 жылдың мамырында көршілес ӨзбекстанныңСырдария облысындағы Сардоба су қоймасының жарылуынан болған тасқын халықты есеңгіретіп кетті.

Бұл апат ұзақ уақыт бойы ұмытылмайтын шығар, сірә. Сардоба  су қоймасындағы бөгеттің жарылуы 1 мамырда орын алды. Тасқын су осы күні кешкісін Мақтаарал ауданындағы елді мекендерге жетті.  Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты алғашқы кезекте 2243 азамат көшірілді. Толығымен су астында қалған   Нұрлыжол мен Фердоуси ауылдарынан үш мыңнан астам азамат қауіпсіз аймаққа шығарылды. Ал түн ортасында 12 мың тұрғыны бар  Мырзакенттің халқы 68 автобуспен Атакент және Асықата  елді мекендеріне көшірілді. Себебі сарқынды су Мырзакенттің іргесіне жақындап қалған болатын. Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18  эвокуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтаарал, Жамбыл елді мекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары да ұйымдастырылды.  Құтқару, алдын алу жұмыстарына көршілес Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдіктері атсалысты. Осы жерде Мақтааралдағы жағдайға республикадағы барлық өңірлердің бейжай қарамағанын атап өту керек. Азық-түлік, киім-кешек, басқа да көмектер жан-жақтан ағылып жатты.

Мақтааралдағы апат салдарын жоюда 2019 жылдың маусымында Арыстағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс кезіндегі тәжірибелер ескерілді. Әкімдік Арыстағы қателікті қайталағысы келмеген сияқты. Сол себепті су астында қалған Өргебас, Фердауси ауылдарындағы баспана салу жұмыстары басқаша әдіс-тәсілмен басталды. Мемлекет құрылысқа қажетті қаражатты екі бөліп аударып берді. Нәтижесінде Арыстағыдай үй иелері тарапынан құрылыстың сапасына көңіл толмаушылық, басқа да дау-дамайлар туындаған жоқ. Ал қалған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары қалпына келтірілмеді. Үш ауылдың тұрғындарына арнап аудан орталығы Мырзакенттен арнайы мөлтекаудан салынды. Тұрғын үйлер үкіметтен бөлінген қаражаттың, «Б.Өтемұратов», «Салиқалы ұрпақ» және «Біз Біргеміз» қорларының есебінен тұрғызылды.

Үкімет тарапынан Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас елді мекендерінің тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы берілді.

Бұдан бөлек миллиардер Алишер Усмановтың қоры есебінен 5202 отбасыға 1000 АҚШ долларынан бөлінді. Бұл қаражатты су астында қалған 5 елді мекеннің және тұрғындары эвакуацияланған 8 елді мекеннің халқы алды.

Мақтаарал өңірінде биыл наурызда да су тасқынының қаупі төнді. Екі апта бойы толассыз жауған жауын-шашынның салдарынан жер асты суы көтеріліп, бірнеше елді мекендерде көшелер мен үйлердің аулаларын су басты. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін аудандағы түрлі ірілі-ұсақты коллекторлар мен арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Мамандардың айтуынша,  2020 жылы Өзбекстандағы Сардаба су қоймасында болған апаттың салдарынан аудан аумағы өтетін Орталық Мырзашөл коллекторына  515 миллион текше метр су құйылған екен. Салыстырмалы түрде алғанда коллекторға биыл наурызда құйылған ағын су елді мекендер мен егістік жерлерге қауіп төндірген жоқ. Дегенмен Мақтааралда жер асты суларының көтерілуі, оның тұрғын үйлердің аулаларын басуы, жердің тұздануы, көктемгі егістік жұмыстарына кері әсерін тигізуі өзекті мәселеге айналғалы қашан. Бұл әсіресе ерте көктемде қатты байқалады.  Осы проблеманы біржолата шешу үшін Мақтаарал ауданы аумағында 2019 жылдан бастап «Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы жүргізілуде. Жоба аясында жалпы 223 канал, 208 коллектор, 150 тік дренажды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. 

Мақтаарал ауданы әкімдігінің бізге берген мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда жоба аясында 229 каналда ұзындығы 147,4 шақырымды құрайтын топырақты тегістеу жұмыстары, 156 шақырымда темір бетонмен қаптау және 8,5 шақырымда лоток орнату жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 3 жыл ішінде 557 шақырымды құрайтын 127 дана коллектор механикалық тазалаудан өткен.

Аталған жобаға енген 150 дана тік дренажды ұңғыманың 133-інде  бақылау ұңғымаларының құрылыс жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта жөндеуден өткен дренаждар толықтай іске қосылатын болса, ауданның егістік жерлерінің тұздануы төмендеп, жер асты суларының көтерілуі алдын алынбақ. Қаржыландырудың 30 пайызын Дүниежүзілік Даму банкі, 70  пайызын республикалық бюджет мойнына алып отыр. Құрылыс жұмыстары 30 айға жоспарланған.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданда 60,9 мың гектар егістік алқабын ағын сумен қамтамасыз етуге арналған 1142 шақырымды құрайтын 532  канал, 841 шақырымды құрайтын 288 коллектор және 341 тік дренажды ұңғымалар бар.

Тегтер: төтенше жағдай жоспар шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.10.2022, 17:25
Қарағандының уақыты тоқтап тұр
Сайт әкімшілігі 04.10.2022, 12:01
Сырым батыр туған топырақта дүбірлі той өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.10.2022, 16:15
Қарағандыда Мұхтар Әуезовке бюст қойылды
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 29.09.2022, 14:10
Сот саласындағы маңызды жүйе
Сайт әкімшілігі 28.09.2022, 16:56
БҚО әкімдігі: Ресей мен Қазақстан шекарасы аумағындағы ахуал толық бақылауда
Бифат ЕЛТАЕВА 28.09.2022, 10:36
Шыныққан бала шымыр болады

Аңдатпа


  • Jusan-ды жусататын күн туа ма?
    06:13
  • «Назарбаевсыздандырумен» қашанғы алысамыз?
    06:12
  • Ұлттық идеологияда неге ұтылып жүрміз?
    06:11
  • «ҚОРАҒА» кірдік. Берешекке құмар үкіметте бедел қалды ма?!
    05.10.2022, 09:29
  • Ресей – өтірікшілер елі. Қазақстанға не жорық?
    05.10.2022, 09:28