Теміртаулықтар қатты аязда жылусыз қалды

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

02.03.2021, 18:02

1192

Арқаның қысы ақпанның соңғы онкүндігінде жұртты әбден әбігерге салды. Ақтүтек боран соңы аязға ұласып отырды. Осындай саршұнақ аязда теміртаулықтар екі күн бойы жылусыз қалды. Баспаналарынан қысты күні пана таппай дірдектеуі Теміртау жұрты үшін жыл сайын қайталанатын машақатқа айналды. 25-26 ақпан күндері қаланың көпқабатты тұрғын үйлерінде жылу деңгейі күрт төмендеп кетті. Тұрғындар үйлерінің  пана болмай кеткенін айтып, шағым білдірді. Аяз күшейген бұл күндері Теміртау жұрты жанұшырып биліктен көмек сұрады. Алайда жұрттың сұранысын орындауға келгенде биліктегі атқамінерлер қауқарсыз болып шықты.

      25 ақпанда Теміртаудағы екінші  жылу энергоорталығындағы бес қазандықтың үшеуі бірдей, бірінен кейін бірі істен шығып, жұмысын тоқтатты. Осының салдарынан тұрғын үйлерде жылу мөлшері төмендеп кетті. Кейбір тұрғын үйлерде жылу мүлдем сезілмеген. «Мынау бір сұмдық жағдай болды, үйде үсіп қала жаздадық. Сосын, кішкентай балаларымыз болған соң, ауылдағы ата-анамыздың үйін паналауға мәжбүр болдық. Екі күн бойы қалада толық жылу болған жоқ, сенбі күні ғана жылу берді. Мұндай жағдай былтыр да, алдыңғы жылы да қайталанған болатын. Жылу орталығында не болып жатқанын бізге ешкім түсіндірмейді», – деп қынжылады Теміртау  тұрғыны Анар Сұлтанбекова.     Пәтерлерінде қатып қалмаудың амалын қарастырған жұрт тоқпен жылынатын құрылғыларды көп қосқан. Олардың айтуынша, кейбір аудандарда электр жарығы да сөніп қалып отырған.  Арқаның қатты аязын баспаналарында отырып сезінген жұрт депутаттар мен жыл сайын есеп беріп көлгірситін әкімдерден әбден жалыққандарын айтып,  әлеуметтік желіде жаппай жанайқайларын жариялады.

        «Тұрғындарға шыдамдылық танытқандары үшін  рақмет»

       Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртауда жылуды жетістіре алмаған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясын сынға алып тұрып, тұрғындарға алғыс айтты. Мұны «сасқан үйрек артымен жүзеді» деп айтуға болатын шығар. Аймақ басшысы аталмыш компанияға жедел арада екінші жылу энергоорталығындағы жетінші қазандықтың құрылысын аяқтауға тапсырма берді. Жетінші қазандықты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы үш жылдан бері орната алмай келеді. Бұл жайсыз жағдайдан кейін прокуратура мамандары екінші жылу энергоорталығын тексеруге кірісті.       «Екі күн бойы Теміртауда жылуға қатысты жағдай қиын болды. Тұрғындарға шыдамдылығы үшін алғыс айтамыз. «Арселор Миттал Теміртау» және жылу энергоорталығының басшылығы осындай олқылыққа жол берді. Біз жетінші қазандықтың аяқталуын талап етеміз. «Арселор Миттал Теміртау»  компаниясы оны мерзімінде жүзеге асырмай, кешіктірулеріне қатысты түрлі себептер айтты. Биыл жобаны аяқтауды қарастыру қажет», – деді Жеңіс Қасымбек .      Теміртауда 27 ақпанда үйлерге  жылу беріле бастады.

Тегтер: жылу жүйесі әкімдік тұрғындар мәселе жанайқай

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24