Тоқаев пен Сапарбаев әкімқаралардың өтірігіне қашанғы сене береді?

Макен УАҚТЕГІ

06.07.2021, 07:57

4023

Шу ауданының орталығы, 21 мыңнан аса халық қоныстанған Төле би ауылы тұрғындарын 2015 жылдан бастап газдандырып, жарылқаймыз деп келген  «Париев» ЖШС басшылары жергілікті әкімқаралармен ауыз жаласып, елімізде жоқ аспандаған бағамен халықты алдап, ойларына келгенін істеп келе жатқанына қол қусырып қарап отыруға қаламгер-журналист ретінде шыдам-төзімім жетпеді. Осыған орай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ауданды газдандыру жұмыстары төңірегіндегі былықтар туралы бірнеше фактіні ұсынғым келеді.

1. Ресми дерекке қарағанда, атышулы мердігер мекеме мемлекеттік тіркеуден өтпеген (Дело. № 3154-18-00-3/16.ПОСТАНОВЛЕНИЕ 09.02.2018 года. Село Мерке. Судья Е.Кенбаев УСТАНОВИЛ: «… Согласно письма Департамента за №207 от 30.01.2018 года и как было установлено в ходе судебного разбирательства, ТОО «Париев» не состоит в Государственном реестре субьектов рынка, занимающих доминирующие или монопольное положение»). Осыған қарамастан, сол кездегі облыс әкімі К.Көкірекбаевтың  пәрменімен Шу ауданы әкімі Б.Нұркенов пен орынбасары Е.Өмірәлиев Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберовті «Париев» ЖШС-ін «тұрғындар келісімі хаттамасымен» қабылдауға мәжбүрлейді.

2.  Е.Даберовтің орынбасары Талғат Ахметов 2015 ж. 14 мамырда жерүсті болат құбырлармен ауылдағы 4200 отбасына газ кіргізу құны 380 мың теңгеден деп бекітілген хаттаманы 2017 жылғы 14 маусымдағы сот отырысында «черновой вариант» деп, оны 480 мың теңгеге арттыру керек екенін айтып, сотпен қоса, бәрімізді жаңылдырды (жұмысымызға кедергі келтірді деп, мердігер басшылары Шу аудандық сотына арыз беріп, менен моральдық шығын ретінде 4 млн теңге өндірмекші болғанымен, арам ойлары іске аспай, заңгер М.Нүсіпов бастаған ардагерлер мен мердігер басшыларының әкімқаралармен ауыз жаласқан былықтары ашылып қалған еді).  

3.  2016 жылдың 1 қаңтарынан «құбырлардың бағасы қымбаттады» деген желеуімен бағаны 150 мың теңгеге, яғни 570 мың теңгеге көтеріп тастады. Ал қымбаттады деген D 315 мм Төле би ауылының ешқандай көшесіне төселінбеген. Аса қымбат бағаға ешкім қосылмаған соң, 2016 жылы наурызда «Париев» ЖШС басшылары  «біз ҚҚС-ын төлемейтін мекеме екенбіз» деп, 570 мың теңгеден 508 мың теңгеге арзандатты. Осы аралықта 2016 жылы 1 қарашада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедке көпшілік атынан өзім хат жазып, нәтижесінде 2017 жылдың  сәуірінде облыстық бюджеттен 251 млн 145 мың теңге қаражат бөлініп, бір-ақ айға газдандыру бағасын 60 мың теңгеге түсіргенімен, ҚҚС-ын сылтауратып, қайтадан 475 мың теңгеге қымбаттатып жіберді.

4.   Аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев нақты арзандаған 33 мың теңге мен жаңағы 62 мың теңгені қосып, 95 мың теңгеге арзандатудың орнына бұрынғы бағаларын ұстап отыр, яғни президент Қ.Тоқаев  пен облыс әкімі Б.Сапарбаевты алдап келе жатыр.

5. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде технологиялық талаптарды сақтамағандықтан, 2018 жылдың 11 ақпанында ауыл орталығындағы «Жандос» дүкенінің алдында жерасты жарылысы болып, газға қосылған 400-дей үй қақаған суықта 2-3 тәуліктей жылусыз қалды. Сондықтан 1200-ден аса ауыл тұрғынының өтінішхатымен әлдеқайда арзан «Еркебұлан и К» ЖШС-іне қосыламыз дегенде, сол кездегі ауылдық округтің бұрынғы әкімі Е.Даберов кедергі келтірген көшелерді қазғызып тастап, тұрғындардың келісімінсіз барлығы 5,8572 га жекеменшік жер телімдерін «Париев» ЖШС-не «сыйлай» салды.

6. 2019 жылдың қаңтарынан Шу қаласынан Төле би ауылы аралық 8,7 шақырымдық жоғары қысымды магистральды газ құбырының  жобалық-сметалық құжаты бойынша бастапқы үш шақырымына жерасты төселетін D 315  мм құбырларды екі еседей арзан әрі жіңішкелеу құбырлармен айырбастап жібергені үшін Жамбыл облыстық экономикалық тергеу департаменті «Париев» ЖШС басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде екі мәрте хат жолдағанымен, іс облыстық прокуратура тарапынан жабылып қалды. Осы қылмыстық әрекеттерден хабардар бола тұра, халықты емес, париевтіктерді қолдаған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев пен аудандық билер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов және бұрынғы аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиевтің ымыраласқан жалпақшешейлігінің салдары деп  түсінемін. 

7. Аудан орталығы Төле би ауылын газдандыруда еліміз бойынша кей үйлерге миллион теңгеден астам бағамен жүргізіліп жатқанда, Шу қаласында газ кіргізу 330 мың теңге екенін сөз етіп, тәубе айтып жүргенбіз. 2017 жылдары ауданға газдандыру жұмыстарымен тексеруге келген «ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің» бас маманы Л.Оспанованың мәліметінше, Шу қаласы тұрғындарының газға қосылу құны 330 мың теңгеден емес, 120 мың теңгеден айналуы керек еді деп салды. Сонда шулықтар газ кіргізу үшін 175 пайызға артық ақша төлеп келген. Оның сыртында, пеш т.б. қосымша шығындарды қосқанда, 550-700 мың теңгеге көбейгеніне қарамастан, халық газға  қосыла бастады. Сонда Жамбыл облыстық энергетика басқармасының есебінде көрсетілген 10 312 үй 210 мың теңгеден артық төледі десек, бұл 2 млрд 228 млн 520 мың теңгені құрайды.  Ал бұл артық ақшаның қайда жұмсалғанын, қалай қолды болғанын облыс әкімі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшыларынан сұрау керек шығар?!

Осы нақтылы деректере сүйеніп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті» басшысы М.Қарымсақовқа алдымен ауызша баяндап, 2018 жылдың 9 шілдесінде өз атына жазбаша хат түрінде тапсырғаныммен, осы уақытқа дейін жауап ала алмадым.

Жамбыл облысының әкімі  Б.Сапарбаевқа 2020 жылдың 30 қыркүйегінде хат жазып, жалған жауаптарымен аңқау халықты алдап келген аудан әкімі Н.Жақсыбаевқа қатаң шара қолдануды сұрағанмын. Сапарбаев биылғы халыққа есеп беру жиынында Төле би ауылындағы газ құбырларының «Париев» ЖШС-іне заңсыз берілгенін, іс сотта қаралып, шешім шыққанын, мемлекеттік меншікке қайтарылатынын айтқан. Содан бері төрт айдай уақыт өтсе де, париевтіктер баяғы қымбат бағамен өз жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр.

Сондықтан  11.05.2021 жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атына ашық хат жолдадық. Бірақ 15 маусым күні президент әкімшілігінен емес, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Мұздыбековтен жауап келді.  Бұрыннан облыс әкімімен қоса, өздеріне де аудан әкімі Н.Жақсыбаевтың жалған жауаптармен халықты, сондай-ақ президент Қ.Тоқаевты да алдап келе жатқанын талай ескерткеніммен, сол жауаптарын тағы қайталапты. Шу қаласындағы әр отбасының қалтасын 210 мың теңгеге қағып отырған газдандыру мәселесі жайлы ләм-мим демепті.  

Құрметті Қ.Тоқаев мырза!

Бүгінгідей қымбатшылық қысып тұрған уақытта пандемиямен қабаттасып халықты сүліктей сорып жатқан мердігерлер мен әкімқараларға шара қолданылып, тосқауыл қойыла ма, жоқ па? Әлде халықты тонау әрі қарай жалғаса бере ме?!

Тегтер: әкім жергілікті әкімдік ашық хат арыз шағым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12:03
Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:58
Ермекбаев айтқан «диверсия» дәлелденді ме?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 03.08.2021, 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58