23.11.2020, 19:07
89
Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов 10 айда атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қаратау ауданы аумағында биыл ауыз су, электр желісі, табиғи газбен жабдықтау бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тассай тұрғын алабы, Тұран, Достық, Асар-2 шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Сондай-ақ, Тұран, Достық, Асар-2, Тассай, Азат шағынауданында электр желілері құрылысы жүргізілуде. Биыл 39,3 шақырым жаңа электр желісін тарту, 9 трансформатор орнату жұмыстары жоспарланған.
Биыл аудан аумағындағы Азат, Асар-2, Тұран, Нұртас, Мирас, Қайтпас, Бозарық шағынаудандары, Бозарық саяжайы мен Таскен, Сайрам, Қызыл су, Шапырашты, Орманшы, Мәртөбе, Қайнарбұлақ, Достық тұрғын алаптарындағы 38 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Азат, Ақжайық, Тұран, Нұртас және Қайтпас шағынауданында ұзындығы 52,8 шақырымдық 29 көшеге күрделі жөндеу және 35,2 шақырымдық 39 көшеге орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. 19,6 шақырымға аяқжол төселді.
Аудан аумағындағы тозығы жеткен 8 аула толық абаттандырылып, аулаларға заманауи үлгідегі балалар ойын элеметтері мен жаттығу тренажерлары орнатылды.
Абзал Шымкентбайұлы аумақтарда санитарлық тазалық, коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, карантиндік талаптардың сақталуы, дезинфекциялау, әлеуметтік салаларда жүзеге асып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР