Тұрғын үй бағасы қымбаттап жатыр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

11.02.2021, 14:07

2094

Қарағандыда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Цифр тілімен сөйлетсек, 2019 жылы өңірде 372 мың шаршы метр баспана тұрғызылды. Облыс орталығында тек былтыр 322 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтерді.  Былай қарағанда марқаятын жағдай. Олай деуіміздің негізі бар. Себебі ел  сұрғылт түсті  көне үйлерден арылуды  бұрыннан армандаған еді. Көрікті үйлер енді Қарағандыда да пайда болды. Сәулеті  заман талабына сай дизайнмен тұрғызылған әрі сапалы баспанаға қол жеткізуді кез келген адам армандайды. Алайда осынау су жаңа баспаналардың бағасы  ай сайын құбылып, өсу үстінде.

Қазір мұндағы коммерциялық пәтерлердің шаршы метрі 230 мыңнан 300 мың теңгеге жетіп отыр. Үйлердің санатына қарай бағасы да әрқилы. Шаһардан шаршы метрі 240 мың теңгеден төмен бағаға үй табу қиын. Тұтынушыларға ұсынылатын баспаналардың тапсыру шарты да әртүрлі.

— Компаниялардың тұрғындарға үй  тапсыруда сан алуан жолдары бар. Біреулері тиесілі келісілген шаршы метрді береді. Одан әрі қарай өзіңіз ішкі қабырғаларын қалап, бөліп аласыз. Қабырғасын әктеп, жарығын жеткізесіз. Одан кейінгісі – алдын ала әрленген пәтерлер. Үшіншісі –  таза, кәдімгі толыққанды  үйлер. Бұл кепілдігі бар бюджеттік үйлерге тән. Коммерциялық үй салатын компаниялар ішкі жұмысына босқа қаржы да, тер де төккісі келмейді. Себебі ол  құнына ықпал етеді, –  дейді қала тұрғыны Қызғалдақ Айтжан.

                           Пәтер бағасының көтерілуіне негіз қандай?

«Қарағанды ипотекалық-консалтинг орталығы» ЖШС мамандарының мәлімдеуінше, кеншілер шаһарында қазір баспананың орташа шаршы метрі – 280 мың теңгеге бағаланып отыр. Алайда тұрғын үй құны тұрақтанбай тұр.

— Оған нарықтағы сұраныстың артуы  басты себеп болып отыр. Халықтың санасында  бұрынғыдай «теңге құнсызданып кетеді-ау» деген екіұшты ой бар.  Сондықтан азын-аулақ жиып-терген қаражатына баспана алып, оны қосымша табыс көзі ретінде пайдалануды көздейді. Мұның сыртында,  мемлекеттің азаматтарға  зейнетақы төлемдерінен жиналған қаржының белгілі бір бөлігін алып, пайдалануға мүмкіндік беруі де пәтер құнының өсуіне әсерін тигізіп отыр. Демек, сұраныс болған  сайын, баспана нарқы  көтерілетіні заңды, – дейді Қарағанды ипотекалық-консалтинг орталығының директоры Айнұр Сүлейменова.

Сонымен қатар орталықтағылар  өткен жылы тұрғын үй бағасы 28 пайызға өскенін хабарлады.

— Қаладағы екінші нарықтағы  ескі тұрғын үйлердің де нарқы арзан емес. Айталық, қала орталығындағы 60-70 жылдары салынған үйлердің шаршы метрі – 250 мың теңге.  Құрылыс қарқын алған «Оңтүстік-Шығыс» ықшамауданында шаршы метрі 300 мың теңгеден кемін таппайсыз. Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда шаршы метрі 220 мың теңгеден асады. Басты кілтипан жекелеген сатушыларда. Олар бағаны негізсіз көтеріп қояды, – дейді Айнұр Сүлейменова.

       Түптеп келгенде, Қарағандыда баспана сатып алуға бейілді жандардың қатары күрт қарқын алды. Кепілдік мерзімін тергеп, сұрап жатқан адам жоқ. Әсіресе қаланың «Оңтүстік-Шығыс» ықшамауданындағы жаңа сәулетті үйлерге ықылас танытушылар көп. Қаланың бас жоспары бойынша болашақта орталық осы жаққа ойысады. Сондықтан болар, бұл аудандағы ескі пәтерлердің де құны шарықтап кетті.

Тегтер: тұрғын үй жоба жоспар компания

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым Еркебаева 28.01.2022, 21:08
Бұрынғы атауы қайтарылсын!
Сайт әкімшілігі 28.01.2022, 09:31
Түркістан облысындағы экономиканы жаңғыртудың бүгіні мен келешегі
Сайт әкімшілігі 27.01.2022, 17:08
Павлодарлық полицейлер басшылықтан қашанғы қысым көреді?
Сайт әкімшілігі 27.01.2022, 16:13
Ауылды «еститін Үкімет» қайда?
Сайт әкімшілігі 27.01.2022, 13:23
Түркістандағы қайғылы оқиға бойынша сот үкімі шықты
Арайлым Еркебаева 26.01.2022, 09:25
Зейнеткерлердің зейнетақысы бес жыл бойы ұрланып келген

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48