Тұрғындарды титықтатқан жылу мәселесі шешілетін болды

Мариям МАҚСАТ

30.04.2021, 08:52

2349

Қыс келсе болғаны, Павлодар қаласындағы екі бірдей шағынаудан тұрғындарының құты қашады. Көпқабатты баспаналардағы пәтерлерге жылу жеткілікті көлемде жетпейді. Сондықтан көпшілік электр қуатына қосылатын құралдар арқылы пәтерлерді жылытуға мәжбүр болады. Ал бұл  қосымша шығын. Қалтасы жұқалау тұрғындарға үйлерінде бүрсең қағудан басқа амал қалмайды. Жұртшылықтың талайдан бері айтып келе жатқан шағымына билік биыл ғана құлақ түріп, жаңа магистраль салуды ұйғарды.

Павлодар қаласының тұрғыны Қайрат Әбдірахманов осыдан 10 жыл бұрын «Дачный» шағынауданынан үш бөлмелі пәтер сатып алған еді. «Сол уақыттан бері жылуға жарымай-ақ қойдық» дейді ол.  

– Күз келсе біздің үйдің тұрғындарының мазасы кетеді. Әркім пәтерлерін жылытудың әлегіне көшеді. Бірі қосымша жылытқыш құралдар сатып алады, бірі есік-терезелерді қаптайды, тағысын тағылар. Себебі әкімдік пен пәтер иелері кооперативтері тұрғындардың мәселесіне бас қатыра қоймайтынын баяғыда-ақ түсіндік. Олардан еш қайыр жоқ. Жыл сайын жылу маусымы басталғаннан аяқталғанға дейін үйдің суық екенін айтып, өтініш-шағымдарымызды жеткіземіз. Әкімдіктің бір-екі адамы келіп, бөлмелердегі температураны өлшейді. Сонымен іс бітеді. Температураны көтеру, үйді жылытуға қатысты еш әрекет жасалмайды. Сөйтіп жүргенде көктем шығады, – дейді Қайрат Әбдірахманов.

Жылуға қатысты мәселе «Усолка» шағынауданы тұрғындарын да мазалайды. Олар көршілес жатқан шағынаудан жұртшылығы сияқты үйлерінде бүрсең қақпаудың амалын жасайды. Өткен жылу маусымында түскен шағымдардың тең жартысы қаланың оңтүстік бөлігінде тұратын осы аудан тұрғындарынан келген екен.

Жергілікті билік шағымдардан әбден шаршаған болар, әйтеуір, биыл талай жылдан бергі мәселені шешетін сыңайлы. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктың айтуынша, екі шағынауданды жылыту үшін жаңа ТМ-42 магистралі салынады. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Айта кететін жайт, коммуналдық саладағы мұндай ауқымды жоба соңғы 25 жылда болмаған екен.

– Жаңа магистральдің ұзындығы төрт шақырым болады. Қазіргі уақытта мердігер компания анықталып, құбыр жүргізу үшін шұңқыр қазу жұмыстарын бастады. Траншеяның ені – 6 метр, тереңдігі 3 метрді құрайды. Осыдан-ақ жобаның күрделілігін аңғаруға болар. Бұл ретте ата-аналардан балалардың қауіпсіздігін қадағалауды өтініп сұраймыз. Ойын баласы абайсызда шұңқырлардың маңынан өтіп, құлап кетіп жүрмесін, – дейді Олег Крук.

Жылу магистралін тарту үшін 41 терек ағашын шабу керек екен. Әдетте бір ағаш кесілетін болса, шу шығаратын экологтар бұл жолы теректердің тамырына балта шабылуына аса қарсылық танытқан жоқ. Жобаның маңыздылығын олар да түсінетін болар. Тек «компенсациялық көшеттер отырғызылып, күтіп ұсталсын» деген ескерту жасаумен шектелді.

Жоспар бойынша жаңа магистральді жүргізу жұмыстары сегіз айдың ішінде аяқталады. Мамандар келесі жылу маусымына дейін белгіленген кестеден ауытқымай, жылу желісін пайдалануға беруі тиіс. Ол өз кезегінде «Дачный» мен «Усолка» шағынаудандарын ғана емес, жаңадан салынып жатқан «Достық» шағынауданын да жылумен үздіксіз қамтамасыз етуі шарт. Ендігі ретте жоспарлы істер уақтылы аяқталып, еш қиындық тумаса болғаны.

Тегтер: жылу жарық су жоспар мәселе әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 08:42
Жетімдерді жетелеген жігіт
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12.05.2021, 07:57
Мүгедектер арбасына жол тар болып тұр
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 11:37
Оралда мектеп оқушысы бесінші қабаттан құлап кетті
М.СӘУЛЕБЕК 08.05.2021, 09:23
Жолдың сапасы жақсарады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 07.05.2021, 09:09
Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
Сайт әкімшілігі 06.05.2021, 12:06
«Серпін» жобасы бойынша гранттардың 52% сұраныссыз қалды – Мәди Ахметов

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06