Түркістанда кімнің депутат болатыны шешіліп қойылған ба?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

19.11.2020, 17:04

3000

Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының өткізген  праймеризінде бір топ шенеунік бақ сынап, саяси додадан бірінші болып келді.

Мәселен, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек өзі басқаратын қалада шашасына шаң жұқтырмай, қарсыластарынан оқ бойы озық келді.  Отырар ауданында Шөкеевтің кеңесшісі Гүлжан Құрманбекованың алдына түсетін ешкім табылмады. Қазығұрт ауданы бойынша бірінші орынды облыс әкімі аппаратының басшысы  Әуелхан Тұрғымбеков иеленді. Ал Бәйдібек ауданынан түскен облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбеков үздік төрттікке іліккен еді.

Алайда oсы аптада өткен «Nur Otan»-ның  облыстық филиалының конференциясында Мәжіліске, облыстық мәслихатқа ұсынылатын кандидаттардың аты-жөндері белгілі болды. Праймеризде «жүзден жүйрік шыққан»  шенеуніктердің ішінде тек Құрманбекова ғана Мәжілістің мандатынан үміттілердің тізіміне қосылды. Қалғандарының бәрі  осы қарқындарымен тоқтап, депутаттықтан дәмелерінің жоқ екендіктерін байқатты. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген осы.

Шенеуніктердің орта жолда жалт бұрылып кетуіне нендей жағдайлардың себеп болғаны белгісіз.  Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ.

Дегенмен біздің болжамымыз бойынша атқамінерлер бұл бәсекеге Мәжіліс депутаты болу үшін қатысты (лауазымды қызметін тәрк етіп, мәслихат депутат болу үшін түспегені онсыз да түсінікті ғой). Алғашқы қадам сәтті жасалды. Алайда соңғы сәтте олардың кандидатуралары жоғары жақтан сызылып тасталған болуы әбден мүмкін. Басқаша болжам жоқ. Яғни, бұл Мәжіліске, мәслихатқа кімдердің баратыны алдын ала шешіліп қойылғанын білдіретін сияқты. Облыстық конференцияда алдымен Мәжілістің мандатынан үмітті кандидаттар пікірсайысқа түсті.

Дауыс беру нәтижесінде белгілі кәсіпкер Қайнар Абасов (127 дауыс), Мәжіліс депутаты Құдайберген  Ержан (120 дауыс), кәсіпкер Сырым Ертаев (118 дауыс), опера әншісі Мөлдір  Бақытжанова(115 дауыс), Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Гүлжан Құрманбекова  (110 дауыс) Кентау трансформатор зауытының басқарма төрағасы Хайрулла  Қожабаев  107 дауыс) және «Атакент» ауруханасының бас дәрігері  Ұлжанат  Жұрымбетова (100 дауыс) жеңімпаз атанып, олардың кандидатуралары Мәжіліске берілетін партиялық тізіміне ұсынылды. 

Осылайша дауыс берудің нәтижесінде жасақталған  тізім нағыз іздегенге сұраған  болып шықты.  Партия төрағасы Н.Назарбаевтың бұған дейін депутаттардың 50 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан құралуы тиістігін тапсырғаны есте. Ал жоғарыдағы жеті кандидатураның 3-еуі нәзік жанды, оның ішінде біреуі 35-ке толмаған жас. Осыдан кейін төрағаның тапсырмасы мен праймериздегі дауыс берудің  нәтижесінің бір-бірін іздеп тапқандай өзара үйлесе қалғанына таңқалмасқа шараң жоқ. 

Ал облыстық мәслихаттың депутаттығына  билік партиясының атынан 84 кандидатура ұсынылды. Оның 13-і партия төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің квотасы бойынша енгізілді. «Nur Otan» облыстық филиалының таратқан мәліметіне қарағанда,  Түркістан облысы бойынша жетінші  шақырылымда облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарға 320 мандат беріледі. Оның 275-і аудандық және қалалық мәслихатқа жіберілсе, 45 депутат облыстық мәслихатқа сайланбақ. Бұған дейін облыстық мәслихаттағы 45 мандаттың небәрі 1-еуі ғана әйел депутатқа тиесілі болса, енді әйелдердің саны 30 пайызға дейін артпақ. Ал қазіргі шақырылымда 35 жасқа дейін бірде-бір депутат жоқ болса, енді ол 20 пайызға көбейеді. Осы шақырылымдағы 45 депутаттың 24-і бұл саяси додадан қалыс қалып отыр.

 Айтпақшы праймеризде аудан бойынша  үздік төртіктен көрінген облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерғали Білісбеков осы аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып кетті. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 19:38
Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
Бақыт ТІЛЕГЕН 20.10.2021, 18:42
Ерікті болу еріккеннің ісі емес
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.10.2021, 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 19.10.2021, 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31