Тұрсаң тұр, тұрмасаң қой...

          Билік қоныс аударушыларға адам тұрғысыз үйлер беріп отыр

Мариям МАҚСАТ

02.06.2021, 08:58

2244

Елімізде жұмыс күші көп оңтүстік өңір тұрғындарын солтүстікке көшіру үшін «Еңбек» бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Оның талабы бойынша қарсы алушы тарап қоныс аударушыларды үймен және жұмыспен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда кейбір шенеуніктер бұл міндетке салғырт қарап, теріскейге тіршілік қамымен келушілерге тұруға жарамсыз баспана беріп отыр.

Алматы облысының тұрғыны Башир Костоев өткен жылы Павлодардың Шарбақты ауданына қоныс аударған болатын. Солтүстікке келе сала, аудандық әкімдік тегін үй берді. Бірақ бұл баспанада тұру мүмкін емес. Құрылысшылардың үйді сапасыз салғаны соншалық – қабырғалардың арасы ашылып, үйдің іргетасы қисая бастаған.

– Құрылыс жұмыстарын есеп тапсыру үшін ғана жүргізген сияқты. Олай дейтінім, шенеуніктер мердігерлердің сапасыз жұмысын тексеріп қадағаламастан қабылдап алып, үйдің кілтін қолымызға ұстата салды. Қабырғалар шұрық-тесік болғандықтан, қыс бойы үйдің ішінде жел гулеп, тоңып шықтық. Ауланы абаттандыру жұмыстары да қалай болса солай атқарылған. Барлығы  көзбояушылық. Бұл осы аудандағы ондаған қоныс аударушының басына түскен қиындық, – дейді Башир Костоев.

Өткен жылы Шарбақты ауданының әкімдігі оңтүстіктен келушілерге жалпы құны 168 млн теңге болатын 10 үй сатып алған еді. Олардың басым бөлігінде осындай олқылық көп. Сапасыз салынған үйлерді қабылдап алғаны үшін аудандық нақты экономика секторы бөлімінің басшысы Равиль Гумаровтың ісі жақында әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Жиын барысында оның Александровка ауылында 2014-15 жылдары салынған, әрқайсысының аумағы 67,7 шаршы метр болатын төрт үйді 30 млн теңгеге сатып алғаны анықталды. Ал мемлекеттік конкурста көрсетілген техникалық талап бойынша баспаналар кемінде 2019 жылы салынып, аумағы 74 шаршы метр болуы тиіс еді. Яғни атқамінерлер бұл талаптарға пысқырып та қарамады.

Бөлім басшысы ауылда одан басқа үйлердің болмағанын әрі бюджеттен қарастырылған қаржыдан артық қалған сома – 3,6 млн теңгені қазынаға қайтадан қайтарғанын айтып ақталмақ болды. Бірақ кеңес мүшелері шенеуніктің бұл уәжі қисынға келмейтінін алға тартып, атқарып отырған қызметіне сай келмейтін әрекет жасады деген байламға келді.

Павлодар облысында мұндай келеңсіз жағдай тек осы ауданда тіркеліп отырған жоқ. Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Кенжекөл ауылында қоныс аударушыларға берілген баспаналар да оңып тұрған жоқ.

Өткен жылдың қараша айында қалалық құрылыс бөлімі мен «Ибрагимов» ЖК арасында баспаналар құрылысына қатысты келісімшарт жасалған. Соған сәйкес, мердігер оңтүстік өңірлерден келген азаматтарға ішіне санитарлық тораптары тартылған, барлық инженерлік желілермен қамтылған үйлерді таза күйінде тапсыруы тиіс еді. Алайда осы жылдың ақпан айында жергілікті прокурорлар қоныс аударушыларға дайындалған баспаналарда желілер тартылмақ түгіл, құрылыс материалдарының қалдықтары шашылып жатқанын анықтады. Ал бұл уақытта жергілікті шенеуніктер құрылыс компаниясының шотына 25,2 млн теңге аударып үлгерді.

Сол сияқты Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдардағы үйлер де адам тұрғысыз. Өткен жылы әкімдік «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған 20 үйді 400 млн теңгеге сатып алған. Бірақ осы уақытқа дейін оның бар-жоғы екеуі пайдалануға берілді. Ал қалған 18 баспана тұруға мүлде жарамайды. Сондықтан жергілікті билік өзге өңірден келушілерді бұл үйлерге көшіре алмай отыр.

Тізе берсек, мұндай олқылықтар аз емес. Оңтүстіктен солтүстікке еңбек етіп, жайлы өмір сүруге келген адамдар осындай түрлі кедергілерге тап болуда. Беті қайтып, кері кеткендері де аз емес. Айтпақшы, былтыр 1546 адам қоныс аударған болатын. Биыл да шамамен осынша адам келеді деп күтілуде. Оларға да сапасыз үйлерді ұсынбасына еш кепілдік жоқ.

Тегтер: баспана мәселе тұрғын үй кешен тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02