Улы шөп жан-жағын жалмап барады

Мариям МАҚСАТ

02.09.2021, 15:24

2495

Соңғы 10-15 жыл аралығында циклахена деп аталатын өсімдік Павлодар облысы тұрғындарының әбден құтын қашырды. Оның улы болғаны соншалық, маңында басқа өсімдіктер тамыр жая алмайды. Ал адамдар аллергиямен ауырып, мазасы кетеді. Бірақ жергілікті шенеуніктер улы өсімдіктің тамырына балта шабуға асығар емес.

АҚШ-тан жеткізілетін жеміс-жидекпен бірге аймаққа жетіп, тұқым шашқан циклахена адамзат баласы мен экожүйеге қауіп төндіріп тұр. Бұл шөптің зиянды болғаны соншалықты, оның маңында өсімдік түгілі, арамшөп өспейді. Құстар да, малдар да жемейді. Ал байқаусызда циклахена мал азығымен жанасып қалса, төрт түлік арам қатады.

Бірақ бұл мәселелердің барлығы атқамінерлердің басын ауыртпайды. Экологтар соңғы 10 жыл бойы өсімдікпен күресу қажеттігін айтып, дабыл қаққанымен, мемлекет тарапынан жасалған бірде-бір қадам жоқ.

«Берегиня–Био» қоғамдық қорының биологы Татьяна Пономареваның айтуынша, бұлай жалғаса берсе, өсімдік пен жануарлар әлемінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Әсіресе, циклахенаның Баянауыл табиғи ұлттық паркі аумағына дейін таралуы қауіп тудырмай қоймайды.

– Бұл өсімдіктің тұқымы өте тез таралады. Сондықтан өсіп жатқан аумағын дөп басып айту қиын. Десе де, циклахенаның, кем дегенде, 200-300 гектар аумақты алып жатқаны анық. Жыл сайын Ертіс өзені алқабында, көлік жолдары бойында, қала көшелерінде кеңінен таралып келеді. Оны биологиялық жолмен құрту мүмкін емес. Яғни, бұл улы шөпті аң-құстар, жәндіктер жемейді. Сондықтан механикалық әдіспен азайтудан басқа амал жоқ, – дейді биолог.  

Аталмыш өсімдіктің тұқымы жер астында 10 жылға дейін сақталатын көрінеді. Сондықтан оны түбегейлі жою үшін гербицидтерді қолдану қажет. Жергілікті экологтар химиялық, биологиялық, агротехнологиялық шараларды қамтитын кешенді жобаны әзірлеп те қойды.  

– Біз 2008 жылдан бері циклахенаның қауіпті екенін айтып, дабыл қағып келеміз. Бірақ әлі күнге дейін нақты шаралар қабылданған жоқ. Кешенді жобаны жүзеге асыратын қаражат қарастырылмай отыр. Республикалық деңгейде циклахенаға қарсы күрес шаралары бекітілген жоспар, ережелер жоқ. Биліктегілердің бұл өсімдіктің қауіпті екені туралы ойланбайтыны қынжылтады, – дейді Т.Пономарева.  

Циклахена өсімдіктермен қатар, адамдарға да қолайсыздық тудыруда. Ол тұқым шашатын тамыз-қыркүйек айларында кейбір тұрғындардың көзі қызарып, мұрны бітіп, аллергиясы пайда болады. Дәрігерлердің пайымдауынша, бұдан бірнеше жыл бұрын аталмыш өсімдік аллергиялық жағдайлардың 25 пайызына себепші болса, бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайыздан асып жығылады. Бұл ретте, мәселенің екінші ұшы шығады. Облыста аллергиялық ауруларды емдейтін мамандар тапшы. Нормативтік көрсеткіш бойынша, 50 мың адамға бір аллерголог қызмет көрсетуі тиіс. Алайда 750 мың тұрғыны бар Павлодар облысында небары 3 аллерголог бар. Сол себепті ақ халаттылардың қабылдауына жазылу мүмкін емес. Сондықтан адамдарға циклахенадан пайда болған аллергиямен өз бетінше күресуге тура келеді.

Осылайша, Америкадан жеткен улы шөп адамға да, өсімдік пен жануарға да күн көрсетпей отыр. Бірақ мұны билік басындағылар әлі ұғына қоймаған сияқты. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірсе, эколог, биологтармен бірге әрекет етіп, кешенді жоспар дайындау мәселесін талқылайтын еді. Алайда шенеуніктер бұл мәселеге пысқырып та қарамайды. Ал бұл уақытта зиянды өсімдік тамырын кеңге жайып, уын тарата бермек.

Тегтер: қуаңшылық құрғақшылық мал шаруашылығы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39