29.09.2021, 19:13
1131
Бүгін Қостанайда білім беру саласындағы маңызды салтанатты іс-шара өтті. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Бұл туралы Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.
Биыл оныншы рет өтіп жатқан мерейтойлық рәсім Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты іс-шара ұлы ағартушының туған жерінде өткізіледі деп шешім қабылданған болатын.
2020 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Президенттің қолдауының арқасында және осы Заңның қабылдануының нәтижесінде мұғалімдердің жалақысын артып, педагогтерді өзіне тән емес функциялардан босату бойынша жұмыстар жүргізілді.
«Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен келген 64 мұғалім «Үздік педагог-2021» атағына ие болды. Педагогтердің әрқайсысы 1000 АЕК көлемінде сертификатпен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар ақшалай сыйақылар жергілікті атқарушы органдар тарапынан да бекітілді. Бұл күні 10 педагог «Еңбек ардагері» медалімен және «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Педагогика саласының еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.
Барлық жеңімпазды лайықты марапаттарымен құттықтаймын! Қажырлы еңбектеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын», — дейді А.Аймағамбетов.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР