Жамбылда 1,8 тонна есірткі тәркіленді

Нұрболат ӘЛДИБЕК

10.11.2021, 16:39

530

Жамбыл өңіріндегі Шу алқабы – есірткі тұқымдас өсімдіктердің ірі көзі, жалпақ тілмен айтқанда қарасораның отаны деуге болады. Бұл аймақ есірткі заттарын жинауға, қайта өңдеуге жəне еліміздің аумағы мен өзге мемлекеттерге таралуына ыңғайлы өлке болып отыр. Әйтеуір, жылда тонна-тонна есірткімен бірнеше адамды құрықтап, темір торға тоғытып жатқанымен, қарасораны түп-тамырымен құртуға жауапты құқық қорғау саласының күші жетер емес. Қайта жыл өткен сайын қаулап, көбейе түсуде. Соңғы дерек бойынша өңірде қарасора өсетін алқаптың көлемі 140 мың гектарға жуықтап қалған.

Маусым айында Шу ауданында есірткі заттарының таралуына қарсы әрекет ету және жауапты құқық қорғау органдарының тиімді әрекетін ұйымдастыру мақсатында дәстүрлі «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алған болатын. Заңсыз есірткі айналымы еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселе болғандықтан, аталмыш шараға тұтас республика бойынша есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімдерінің қызметкерлері қатысып, үш ай бойы қарасораға қарсы жұмылдырылды. Ал күні кеше есірткі тасымалдауға қолайлы саналатын негізгі үш айдың аяқталуына байланысты «Қарасора-2021» іс-шарасының жабылу салтанаты өтті.

Өз кезегінде Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов өңіріміздегі рейдтердің нәтижесінде есірткіні дайындау, сақтау және өткізу дерегі бойынша 14 күдікті ұсталып, олардан 1,8 тоннадан астам каннабистік топтағы түрлі есірткі заттары тәркіленгенін атап өтті. Ал тұтас республика бойынша өткізілген іс-шараның қорытындысы бойынша 934 қылмыс анықталса, оларға 242-не – өсіру, 454-не есірткіні өткізу және 178-і сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасын дәл осы айларда өткізудің де өзіндік себебі бар. Өйткені осы үш айдың аралығы есірткі тұқымдас өсімдіктердің көбейетін және пісетін уақытымен тұспа-тұс келеді. Дəстүрге айналған шараның негізгі мақсаты мен міндеттеріне Шу алқабынан каннабистік топтағы есірткі дайындаумен, шығарумен айналысатын адамдарды анықтау жəне құрықтау, сондай-ақ «ауған» есірткі арнасының транзитін жою, каннабистік топтардағы есірткінің алғашқы шығарылатын жері ретіндегі есірткі өндірісін жою жатады. Сонымен бірге қылмыстық жолмен қаржы табатын топтарды түп-тамырымен ұстау да шараның басты міндеттеріне кіреді.

Ал «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жоғарыда аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырылып отыр. Мұндағы түнде қолданылатын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған мобильдік жедел-іздестіру топтары да есірткі бизнесіне тосқауыл болу үшін барын салуда. Бөлім қызметкерлері жедел әрекет етуге қиындық тудыратын жерлерде арнайы әуе техникаларын қолданса, құмды жерлерде арнайы мақсаттағы өткізгіштігі өте жоғары автомашиналарға жүгінеді. Сондай-ақ марихуана дайындаумен айналысатын қылмыстық топтарды ұстау үшін ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының көмегімен аудан аумағында іс-шаралар кешені іске асырылған.

Жалпы өңіріміз үшін маңызы зор «Қарасора-2021» іс-шарасы республика көлемінде өткізілгенімен, көбінесе Жамбыл облысына басымдық беріледі. Өйткені өңіріміз географиялық табиғатына байланысты қарасора көп өсетін аймақтардың алдыңғы қатарында тұр. Табиғи аймақта орналасуына қарай облысымыздың территориясы есірткі жəне психотроптық заттардың транзиттік тасымалдау жолында орналасқандықтан, осы жол арқылы тасымалданатын есірткі заттарының бір бөлігі осында қалып, ары қарай заңсыз айналымға түсіп, сатылымға ену жағдайы да жиі кездеседі.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізіліп, өз нəтижесін беріп келеді. Олардың қатарында маусым-қазан айларында өткізілетін осынау «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасының алар орны ерекше екені сөзсіз. Аталған іс-шараның қорытынды жиынында облыстық полиция департаментінің «Арлан» арнайы жасағы ұрыс жүргізу әдістерінен, ұлттық ұланның «Бүркіт» жасағы автокөліктегі қылмыскерді құрықтау тактикаларынан арнайы көріністер көрсетті.

Тегтер: есірткі қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20