Әлеумет

АҚШ танкерге жасалған шабуылға жауап ретінде Иранға қайта соққы жасады

АҚШ әскері Иранның әскери бақылау инфрақұрылымына, байланыс жүйелеріне, әуе қорғанысы нысандарына, дрондар қоймалары мен теңіз миналарын сақтау орындарына соққы берді.

ұшақ

 Вашингтон мұны Иранның бейбіт коммерциялық кемелерге жасаған шабуылына жауап деп мәлімдеді.

27 маусым, сенбі күні АҚШ Әуе күштері Иранның әскери бақылау инфрақұрылымына, байланыс жүйелеріне, әуе қорғанысы нысандарына, дрон қоймаларына және теңіз миналарын сақтау орындарына соққы жасады. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады.

CENTCOM мәлімдеуінше, бір күн бұрын АҚШ Иранның Ever Lovely коммерциялық кемесіне жасаған шабуылына жауап ретінде соққы бергеннен кейін Тегеранға атысты тоқтату келісімін сақтауға мүмкіндік берілген. Алайда Иран бұл мүмкіндікті пайдаланбаған.

«Иран әскері Солтүстік Американың шығыс уақытымен таңғы 04:30-да  камикадзе-дрон ұшырып, Ормуз бұғазы маңында Панама туымен жүзіп келе жатқан Kiku танкеріне соққы жасады. Танкер бортында екі миллионнан астам баррель шикі мұнай болған», – делінген CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.

АҚШ әскері Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің қозғалысы жалғасып жатқанын, ал америкалық күштердің жоғары жауынгерлік дайындықта екенін мәлімдеді.

Иран Кувейт пен Бахрейнге шабуыл жасады

Кувейт армиясы әлеуметтік желіде елдің әуе қорғаныс жүйесі зымырандар мен дрондардың шабуылын тойтарып жатқанын хабарлады.

Иранның Press TV телеарнасы Бахрейнде жарылыстар болғанын мәлімдеді. Ал Бахрейн Ішкі істер министрлігі елде әуе дабылы сиреналары қосылғанын растап, тұрғындарды сабыр сақтап, қауіпсіз жерге жасырынуға шақырды.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Кувейт пен Бахрейнге жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Тегеранның мәлімдеуінше, шабуылдардың нысанасы АҚШ-тың әскери базалары болған және бұл америкалық соққыларға жауап ретінде жасалған.

Бұған дейін АҚШ пен Иран өзара соққы алмасты

26 маусым кешке CENTCOM Иранға Ормуз бұғазы арқылы өткен сауда кемесіне жасалған шабуылға жауап ретінде соққы бергенін хабарлаған.

Ирандық ақпарат құралдары елдің оңтүстігіндегі Сирик қаласы мен Кешм аралында жарылыстар болғанын жазды.

Осыдан кейін ИРСК Таяу Шығыстағы АҚШ әскери нысандарын атқылағанын мәлімдеп, егер «агрессия қайталанса, бұдан да ауқымды жауап берілетінін» ескертті.

Тегеран мен Вашингтон бір-бірін атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптап отыр.

Ever Lovely кемесіне жасалған шабуыл 17 маусымда АҚШ пен Иран арасында әскери қимылдарды тоқтату және Ормуз бұғазын қайта ашу жөніндегі рамалық келісімге қол қойылғаннан кейінгі алғашқы оқиға болды. Ол ИРСК Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өту тек Иран бақылауындағы бағыттармен қамтамасыз етілетінін мәлімдегеннен бірнеше сағат өткен соң орын алған.

Трамптың мәлімдемесі

АҚШ президенті Дональд Трамп 27 маусымда Иранға жаңа соққылар жасалғанын растады. Оның айтуынша, бұған Иранның атысты тоқтату туралы келісімді бұзуы себеп болған.

«Біз сабыр сақтай алмайтын кезең тууы мүмкін. Сонда біз өте сәтті бастаған істі әскери жолмен толық аяқтауға мәжбүр боламыз. Егер солай болса, Иран Ислам Республикасы өмір сүруін тоқтатады», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз