Екібастұзда екі ағайындының есірткі зертханасы әшкереленді
Павлодар облысының Екібастұз қаласында полиция синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананы анықтап, оның қызметін тоқтатты.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі жергілікті ағайынды ұсталды. Жедел-іздестіру шаралары кезінде гараждардың бірінен 10 келіден астам «альфа-PVP», шамамен 860 литр химиялық сұйықтық, сондай-ақ есірткі өндіруге арналған арнайы жабдықтар мен басқа да заттар тәркіленді.
Тергеу мәліметінше, өндіріс барысын сыртта жүрген куратор Signal мессенджері арқылы қашықтан бақылап, күдіктілерге нұсқаулар беріп отырған. Қазір екі күдікті де қамауға алынды.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.