Бүгін ұлттық мереке – Республика күні

Бүгін қазақстандықтар Республика күнін атап өтіп жатыр
1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Құжатта ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде танылды.
Сондай-ақ декларация аясында ел аумағының жеке дара тұтастығы, жеке төл мерекелері мен салт-дәстүрлерін ұлықтау, тілді дамыту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Декларацияда еліміз мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру туралы айтылған. Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы саналды.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 25 қазан Республика күні мерекесі ретінде аталып өтіле бастады. Алайда 2009 жылы сәуірде Республика күні мерекелер қатарынан алынып тасталды. Бірақ 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні тарихи мерекесін қайтаруды ұсынып, ұлттық мереке мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
Осылайша 2022 жылдан бастап қазақстандықтар Республика күні мерекесін атап өтеді.