Руханият

Шырғалаңда ширыққан қайсар мінез иесі, профессор Қожакеев

Шырғалаңда ширыққан қайсар мінез иесі, профессор Қожакеев

Темірбек Қожакеев

Қаралау мен жазықсызға күйе жағу қазақы рухты тірілтіп, атойлатқан 86-ның желтоқсанынан ерте басталып еді. Коммунистік партияның кадр саясатының ақау беріп, небір тағдырларды шырғалаңға тастағаны күні бүгін де сабақ боларлық жағдай. Сол қым-қуыт, қатерлі күрестің бел ортасында жүріп, өзін ақтай алған қайраткер тұлғалардың бірі – ұстаз, ғалым Темірбек Қожакеев болды. 

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған декан еді, сол шындық үшін күресте ширығып, өз өмірі арқылы қайтпас қайсарлық, мойымас мінез, мұқалмас жігер мен принципшілдіктің айқын үлгісін көрсеткен күрделі тұлға, әділет жолындағы күрескер ретінде жадымызда сақталып қалды. Шым-шытырыққа толы күрестің кейбір тұстарына көңіл аудара отырып, ұстазымыздың 100 жылдығы қарсаңында қолға қалам алуды парыз санадым.

ТОЛАССЫЗ ШАҒЫМ ЖАУҒАН ЖЫЛ

1985 жылдың басында КОКП ОК бас хатшысы болып Михаил Горбачев сайланды да, іле сәуір пленумында "экономика мен әлеуметтік дамуды жеделдету, кадрларды жаңарту" ұранын тастады. Сол жылы 6,7 қыркүйекте Ақмола өңірінде болып, күн тәртібіндегі негізгі мәселе ауыл шаруашылығының жағдайы болғанымен, кімнің қожайын екендігін әйгілеп, "халықпен жақын болу" керектігін, ашықтықты үлгілеп кетті. Кейбір топтарға бұл қабырғаға мылтық іліп кеткендей әсер етті. Оңды-солды шағым тасқыны толастамады, оны қарайтын комиссия, жедел топтар құрылып, аласапыран уақыт басталды. Қаралаудың құрығына ілігіп, ұзақ жылдар тағдыры тартысқа, әуре-сарсаңға түскен қайраткер тұлға Асанбай Асқаров болғандығын, түбі ақталып, әділеттің салтанат құрғанын білеміз. Басымыздың бірікпеуінен көрінгенге жем, өктем жүйенің қолшоқпары болып небір тағдырлардың сынып кеткені де осы кезеңге тән құбылыс. Еңбегі сіңген партия қызметкерлері, оқу орындарының басшылары, жетекші ғалымдар жұмысынан айырылып жатты.

1985 жылдың соңында Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы ауысып, Зақаш Камалиденов ОК идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды да, орнына Мәскеудің көзі мен құлағы Виктор Мирошник тағайындалды. Барлық ақпараттың тасқыны келіп тоғысатын осы екі адамның жеке көзқарасы мен ұстанымы отқа май құйғандай әсер етті, арыздар легін үдете түсті. Қабырғаға ілінген мылтық жеке адамдарды нысанаға ала бастады…

1986 жылдың 6-8 ақпанында өткен Қазақстан Компартиясының XVI съезінен республика басшылығының ауысуын күткен адамдар болды. Дегенмен үлкен жиын сындарлы, қалыпты жағдайда өтіп, ел ардақтысы Дінмұхамед Қонаев бірауыздан бірінші хатшы болып сайланды. Мінберден сын да айтылады. Орталық комитеттің хатшысы Зақаш Камалиденов өз сөзінде: "Біз лениндік ұлт саясатының жетістіктерін шын мәнінде мақтаныш тұтамыз. Алайда, өкінішке қарай, оқшаулану сарқыншақтарының әлде де үйреншікті сана-сезім деңгейінде қалып отырғанын көрмей тұра алмаймыз", – дей келе, "оқуға білімгерлерді қабылдауда "тепе-теңдікті" талап етеді, еңбекшілер өздерінің хаттары мен ұсыныстарында әділ атап көрсетіп отырған басқа да өмірлік маңызы бар проблемаларды шешу керек" деп толғанады ("Социалистік Қазақстан" газеті, 8 ақпан 1986 жыл). Осы әділеттің жібі ерте үзілгені Желтоқсан көтерілісіне де жеткізді…

"ПАРТИЯЛЫҚ ПРИНЦИП, ӘДІЛДІК ҚАЙДА?"

Бұл – Қожакеев үшін зор беделі қалыптасқан, талантты ғалым һәм ұйымдастырушы ретінде танылған, журфакты билік мойындап, санасатын деңгейге көтерілген, шәкірттері бұқаралық ақпараттың сан-саласында тізгінді ұстап тұрған жұлдызды шағы еді. Содан аяқ астынан бұлт үйірілді,  "оқшаулану сарқыншақтары" сылтау екен, көреалмаушылық вирусы жайлады, баз біреулер деканның үстінен арыз жазып, өсек тасыды. Қазақ мемлекеттік университетіне комиссия келгіштей берді, арыздар тексерілгенімен дәлелденбеді, қолдау таппағаннан кейін, кейбір пысықайлар жоғары деңгейге шыға бастады.

1986 жылдың сәуір айында тарихта болмаған оқиға тіркелді – Қазақстан КП Орталық Комитеті өзінің секретариатында ҚазМУ-дың журналистика факультетінің жұмысын талқылап, декан Т.Қожакеевтің есебін күн тәртібіне шығарды. Бұл жағдайды сол уақыттағы Қазақстанның жоғары және арнаулы орта білім беру министрі Көпжасар Нәрібаев өз естелігінде былай деп жан-жақты талдап көрсетеді: "Т.Қожакеев өз сөзінде өзінің дәйекті деректерін келтіріп, барлық айыптауларды жоққа шығарды. Бірақ бұған құлақ қойған ешкім болмады, бар мақсаты Темекеңді кемсіту, таққан кінәні, жапқан жаланы мойындату екен. Осыған көзі жетіп, ашынған Қожакеев сөзінің соңында: "Осыншама жоғары лауазымды азаматсыздар, қалайша өсек-аяңға жол бересіздер, партиялық принцип, әділдіктеріңіз қайда?!" – деп өздеріне бас салды. Бұл, әрине, жанған отқа май құйғандай әсер етті. Сөйтіп, секретариат дайындаған алғашқы қаулыда "есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс жарияланып, декандық қызметтен босатылсын" деген жоба болса, кейін оған қосымша енгізіліп "баласы партиядан, аспирантурадан шығарылсын, өзі кафедра меңгерушілігінен де босатылсын" деген қаулының жаңа нұсқасы қабылданады".

Осылайша, Темірбек Қожакеев алғашқы ауыр соққыны өзі сенген партиясының мінберінен алады. ҚазМУ тарапынан партияның шешімін орындау да біраз әурешілікке ұрындырады, заңды белден басып, адам құқын ескермеуге жол беріледі. Басында қызметінен алып, орнына қою ғана пәлеқорлардың мақсаты болса, Темкеңнің қайсарлығы мен өткірлігі жағдайды ушықтыра түседі. "Мен өзім ақпын, тазамын, әділмін, аққа жала жабыспайды" деп жүре берген екен, енді нағыз күрестің майданы басталады…

 Қожакеев өзіне қатысты әділетсіздік жасалғанына шағымдана бастайды. Бұл әрекеті де сол меңіреу жарға соғылып, нәтиже бере қоймайды. Мәскеуден келген министрдің орынбасары, белгілі микробиолог ғалым  Н. Н. Егоровтың қабылдауында болады. Ол жағдайға қаныққан соң "партиялық органның шешіміне біз тікелей араласа алмаймыз, берер кеңесім – басқа оқу орнына ауыса тұрсаңыз" дегенде Темкеңнің тағы да қайсарлығы ұстап: "Бұл маған таққан айыптарды мойындағаным болады", – деп қасқайып қарсы тұрады.

ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ ЕМЕС, ӘДІЛЕТ ҮШІН КҮРЕС

Темірбек Қожакеев әділдік іздеп жүргенде қазақ жастары ұлттық рухтың жасампаздығын танытып, әділдік жолында күреске даярлығын әлемге паш етіп, биік мұраттар жолында жанқиярлық ерлікке бастап, алаңға шықты. Орталықтағы өктем күштер мен жекелеген шенқұмарлар бұл өрлеуді басып, жаныштауға, тұншықтыруға әрекет етті. Қазақ мемлекеттік университетінің ұжымы, оның басшылығы мен білімгерлері шырғалаң жағдайдың эпицентрінде қалды. Бұрынғы арыз-шағымдарға жел бітіп, саяси астар, қылмыстық әрекет қарастырыла бастады. Күнде тексеру, комиссиядан комиссия, тергеушілердің тегеуріні бас көтертпей тастады.

Естеліктерге құлақ түрсек, Желтоқсан дүрбелеңінен кейін Мәскеуден Михаил Соломенцев келеді де, ығай мен сығайларды бастап алдымен ҚазМУ-ға жетеді, 30-35 адам сиятын залда кездесу ұйымдастырылады. Түп мақсаттары – "қазақ ұлтшылдығы" деген саяси айыпқа қолдау есту. Алайда сценарий бұзылып, жағдай бақылаудан шығып кете жаздайды. Беделді ғалымдар Ә.Тұрсынбаев, А.Қасымжанов, О.Сегізбаев, Р.Алшанов және М.Барманқұлов сөз кезегінде "студенттердің шу көтергені рас, бірақ бұл билікке қарсы ұйымдастырылған көтеріліс емес, олай деп айтуға негіз жоқ, қазақтарды оқуға орынсыз көп аласыңдар деген әңгіме дұрыс емес" деген ойды сабақтайды. Осы жиында журналистика факультетінің деканы болып жарты жыл ғана жұмыс істеген Владимир Козьменко ерекше көзге түскен. Ол "студенттердің ұлттық құрамы дұрыс емес, ауылды жерден келгендер өте көп, оларды оқыту әрі тәрбиелеу оңай емес" деп Соломенцевтің ығына қарай жығылады. Одан кейін "Орталық комитет секретариаты шешімімен декандық қызметінен босап, ұлтшыл, жершіл деп танылған профессор Т.Қожакеев әлі факультетте жұмыс істеп жүр. Қожакеевті университеттен аластау керек" деп тағы бөседі. Осы жиын Қожакеевті қаралау мен жазалаудың екінші кезеңіне жол ашқан. Мұның соңы ҚазМУ-ды ұзақ жыл басқарып, беделді білім ордасына айналдырған қайраткер тұлға, көрнекті ғалым Өмірбек Жолдасбековтің ректорлықтан босатылуына әкеледі. Ұлтшылдық деген желеумен елес қуу, жаптым жала, тақтым кінә науқаншылығы белең алады. Әсіресе оңтүстік аймақтағы ондаған ректор еш себепсіз қызметтерінен босап қалады, жекелеген ғалымдарға ауыр айып тағылады.

Осы уақытта орталық газеттер Қазақстанда ұлт саясатындағы ауытқулар мен бұра тартушылық туралы жарыса жаза бастайды. Алдымен "Правда" от тастады, кейін "Известия" "шырмауығын өрді". Ол кезде мен журфакты жаңа ғана бітірген маманмын, Меркі аудандық газетінде еңбек ететінмін. "Известияның" "Шырмауық-Паутина" атты мақаласын газеттер аударып басып жатты. Аудандық газет қызметкерлері, мына біздер "Известияның" өтірігіне бас шайқадық. "Меркі ауданынан журфакты бітірген 25 маман жұмыссыз жүр, ал редакцияда мүлдем басқа мамандық иелері қызмет атқарады" депті. Жан-жағымызға қараймыз, санына жете алмаймыз. Газетті шығарып отырған журналистердің 95 пайызы журфак түлектері, жұмыссыз бос жүрген ешкімді көрмей отырмыз. Редактордың орынбасары Бектұрған Жамбабаев, жауапты хатшы Ермахан Сабеков, бөлім меңгерушілері Бақтыбай Абаев, Серік Құралбаев, Бауыржан Иманәлиев, Уәли Қырғызбаев, тілші мен – бәрімізде журфак дипломы бар екені рас. Аудандық газеттің бар қым-қуыт шаруасы осы мамандардың күшімен атқарылатын. Сөйтсек, көрші Луговой ауданын дa "Қожакеевтің территориясына" қосып алыпты. Партияның дa өтірікке жол беретіндігіне сол жолы көз жеткіздік.

Не керек, айналдырған алмай тынбайды екен, заңды-заңсызына қараған жоқ бір күні Қожакеев тe жұмыссыз қалды. 1987 жылы 12 қаңтарда шұғыл түрде ҚазМУ парткомының мәжілісі шақырылып, Қожакеевтің мәселесі қаралып, ол партиядан шығарылады. Осы атышулы партком мәжілісінде Темкең тағы да өзінің қайтпас қайсар мінезіне салып, хатшыға: "Қылмысым жоқ, құдайдың бұйрығы болса да, 40 жыл өмірімді өткізген университетті тастап кетпеймін! Партия сенің қолжаулығың емес шығар, ал тіпті менің партиялығым сенің қолыңда тұрса, онда білгеніңді істе!", – деп тағы қасқайып қарсы шығады. Алайда жарты айдан кейін, 1987 жылы 27 қаңтарда парткомның және кәсіподақ комитетінің келісімімен және ректордың бұйрығымен профессорлықтан босатылады. Әділеттің ту ұстаушысы деп сенген партиясы дa, коммунист әріптестері дe, жеке адамдар дa сатқындық жасайды. Бәрі жабылып, Қожакеевтің сынғанын тамашалағысы келеді. Бірақ олар күткен "кино" болмай қалды…

ӨЗ БАСЫНДАҒЫҒА ПАРАЛЛЕЛЬДІ ТАРИХТАН ТАПТЫ

Соңғы сәтіне дейін күрескен Қожакеев сынған жоқ, мойындаған дa жоқ, мойыған дa жоқ. Іле қаламын қару етті, жаңа майданды бастап берді. Қайта құру дақпырты, жұмыссыз қалуы көңіл түкпіріндегі армандарын тірілтті, өзін ғылыми ізденістен тапты, уақыты мен қуатын жазуға жұмсады. Бұрын дa баспасөз тарихына қатысты біршама зерттеулер жазып, кітаптарын жарыққа шығарған болатын. Енді кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет қайраткерлері мен жазушылар, журналистер мұраларын зерттеп, ақтаңдақтарды аршуға кірісті. Осы еңбектің нәтижесінде "Жыл құстары", "Жас тілшілер серігі" жарық көрді.

Ал "Көк сеңгірлердің" жөні бөлек, рухы асқақ еді. Осы арадан Қожакеевтің әділетсіздікке қарсы күрескерлік рухы тағы да атойлайды. Өз басындағыға паралельді осы зерттеулерінде тапты. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ журналистикасының, публицистикасының eң еңселі өкілдерін, баспасөз аспанында ерекше жарқырай көрінген, асқақ биігіне көтерілген, басқалардан шоқтығы тым жоғары тұрған қаламгерлерін бағалап, теңеп, бейнелеп, "Көк сеңгірлер" деп атайды. Ақиқат жолында теперішті көп көрген Алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосовтармен қатар сирек айтылатын Абдолла Асылбеков, Ибат Игенұлы, Сәдуақас Баймаханов, Иса Тоқтыбаев, Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Байділдин, Нәзипа Құлжанова сияқты есімдерді қайта жаңғыртты, халқымен қауыштырды, кейінгі зерттеушілерге жол көрсетті. Сөйтіп, қазақ сатирасын зерттеген сүбелі еңбектерінің қатарын тарихтан сыр тартқан сындарлы шығармалары толықтырды.

Профессор Темірбек Қожакеев қажымай, талмай, үш жыл бойы әділетсіздікпен күресті, шындықты іздеді, тіпті сотқа да жүгінді. Ақыры әділеттік орнады, шындық жеңді, профессор ақтық демі таусылғанға дейін университет қабырғасында дәріс оқыды.

ҚАТАЛДЫҒЫ МЕН ТЕКТІЛІГІ ТЕҢДЕЙ

Декан Темірбек Қожакеевтің қатал болғаны жиі айтылады. Бірақ бұл қаталдықтың түбінде талапшылдық, мамандыққа құрмет жатты. Сабаққа кешікпеу, тапсырманы уақытында орындау, деректі тексеру, сөзге жауап беру – Темкең үшін ұсақ тәртіп емес, журналистің мінезін қалыптастыратын қағида еді. Қожакеев өзіне ғана талапшыл болған жоқ, қарамағындағы қызметкерлерден дe, алдындағы студенттерден дe күрескерлікті талап етті, биік мұраттар мен межелерді белгілеп беріп отырды. Керек кезінде шәкірттерін қызғыштай қорғап, талай-талай қиянаттан аман алып қалатын. Осы тектілігін өз көзімен көрген адам ретінде бір-екі дәлел келтірейін.

80-жылдары ҚазМУ-де кубалық студенттер оқып, қалашықта жатақханада тұратын. Солардың арасындағы бір жетесізі қыздарға тиісіп қоймайды. Бұл жағдай құлағына жеткен жігіттер бас көтеріп, тәртіпке шақырмақ болады, жетесізді жеке шығарып алып, сыбағасын береді. Бұл іске елшілік өкілдері араласып, халықаралық шу көтеріледі. Курстасым Кенжеғали Жұмағұлов төбелестің ортасында фотосуретке түсіп қалыпты. Содан тергеушілер: "Мына студентті танисыз ба?", – деп деканның алдына келеді. "Жоқ!", – деп бетін қайтарып тастайды декан. Бірақ, біздің көзімізше, "қазақ қызының намысын қорғап, жорықсыздың сыбағасын берген жігітке кінә артқанымыз болмас" деп Кенжеғалиды ақтап сөйлегені есте.

Осыған ұқсас жағдай 5-курсты бітіріп, ертең диплом қолға тиеді деп тұрған уақытта қайталанды. Көшеде келе жатқан Кенжеғали бір әлсізге әлімжеттік жасап тұрған "ұзын сарыны" байқап қалады да, әй-шайға қарамай бір-ақ ұрып сұлатады. Сол арада милиция да жетіп, бәрін қамап тастайды. Бұл жағдай құлағына жеткен деканаттағы жандайшаптар студентке жаза қолдануға асығады. Қожакеев болса, мәселені сабырмен тыңдап, мән-жайға қанығады, тергеушімен өзі сөйлесіп, Жұмағұловтың кінәлі еместігіне көз жеткізеді. Содан Кенжеғалиды дедектетіп проректордың алдына апарып, арашалап алып шығады. Университет басшыларының бірі: "Бітіруші студентке салтанатты жағдайда дипломын қолына тапсырып, жолдамасын беріңдер", – дейді. Сол ҚазМУ жолдамасымен К.Жұмағұлов Целиноградқа жол тартты, ұзақ жыл телеарнада, газетте қызмет атқарды, астанада қазақтілді газет шығаруды ұйымдастырды, беделді басшы, қайраткер азамат ретінде танылып, ұстазының қамқорлығын ақтады. Қазір Еуразия университеті газетінің редакторы, әкесіндей болған Темкең туралы естелігін жастарға айтудан жалықпайды.

Студенттік өмірде қым-қуыт жағдайлар жиі болатын. Бірде журфак студенті көшеде тәртіп бұзып, милицияның құрығына ілігеді, қасындағы жігіттер құтылады да, бар кінә бір өзіне артылады. Содан студентті қамап тастап, тергейді. "Оқудан шығып қаламын-ау" деген қорқыныш оны аты-жөнін өзгертіп айтуға итермелейді. Содан милиция қызметкері қолына кісен салынған студентті журфакқа ертіп әкеліп, кім екенін анықтауға әрекет етеді. Осы жайды естіген Қожакеев: "Ай мен күннің аманында, адам өлтірмесе, ұрлық қылмаса, басқадай қылмыс жасамаса, совет студентінің қолын артына қайырып, кісен салып, мемлекеттік оқу орнына айдап әкелуге кімнің қандай моральдық құқы бар?! Әділдік үшін менің қолым олардың жағасында кетеді. Мен жазықсыздан-жазықсыз журфактың бірде-бір студентінің бір тал шашын қиянатқа бермеймін!", – деп ашу шақырады…

Қолға қалам алғанда біреуді кінәлау, аруақтарды қозғау емес, өткеннің сабақтары жадымыздан шықпаса екен дегенді ниет еттік. Арызқойлық, көреалмаушылық, шенқұмарлық, алауыздық сияқты пендешілік пиғылдар қазаққа кенедей жабысқан күндер келмеске кетсе екен деймін. Қазір де сырттан көз алартқандар баршылық, бірлігі бекем елді жау ала алмайтыны ақиқат. Темірбек Қожакеевтің тектілігі де, мықтылығы да оның әділдікке бас иіп, шындыққа табынып өтуінде болды. Осы ұстанымы, тұлғалық кредосы өнегелі өмірін өрнектеп, өшпестей із қалдырды!

Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ

журналист, ғалым

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз