Түркістандағы су дауы
Қазіргі кезеңде кез келген елдің тұрақты дамуы оның экономикалық және әлеуметтік жүйелерінің алға басуымен тікелей сабақтасып жатыр. Әсіресе инфрақұрылымдық салалар, соның ішінде ауыз су жүйесі халықтың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналған.
Әсіресе ауыз су – қоғамдық тұрақтылықтың, денсаулықтың, өндірістік және аграрлық дамудың өзегіне айналған стратегиялық құндылық. Сондықтан су көздерін тиімді басқару, оны заң аясында пайдалану және халыққа әділ әрі тұрақты түрде жеткізу мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырылуы заңды құбылыс.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы «ТП-32» ұңғымасына байланысты түйткілді мәселе туған болатын. Әдетте мұндай жағдайлар жалпы су ресурстарын басқару жүйесіндегі өзекті түйткілдердің көрінісі іспетті. Бұған дейін «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде болған аталмыш су нысаны ұзақ жылдар бойы, нақтырақ айтқанда, 27 жыл көлемінде дәл осы жеке кәсіпкердің құзырында болған. Алайда жалға алу мерзімінің 25 сәуірінде аяқталуына байланысты әрі қарай бұл ресурсты пайдалану құқығын қайта рәсімдеу мәселесіне байланысты дау туды.
Су ресурстарын пайдалануға рұқсат беру ісімен айналысатын «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы бұл мәселеде санитарлық талаптардың сақталмауын негізге ала отырып, су пайдалану құқығын ұзартудан бас тартқан. Бұл шешім, бір жағынан, экологиялық және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындаса, екінші жағынан, бұрынғы басқару жүйесінде орын алған олқылықтарды айқындап бергенін айтады. Себебі кез келген су көзі, әсіресе ауыз су ретінде пайдаланылатын нысан қатаң санитарлық нормаларға сай болуы тиіс. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда оның салдары тек техникалық мәселе шеңберінде қалмай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруі әбден мүмкін.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Дербісек ауылындағы ауыз су мәселесі тұрақты бақылауда және қалыпты режимде қамтамасыз етіліп отыр. Халық саны шамамен 18 мыңға жуық елді мекенде үш мыңнан астам абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қызмет көрсетуді «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырып, су жеткізу гидранттық жүйе арқылы үздіксіз жүргізілуде. Бұдан бөлек, «№2-ТП» ұңғымасының қосымша ресурс ретінде іске қосылуы ықтимал су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымдық жүйенің баламалы көздер арқылы тұрақтандырылып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар егер «ТП-32» ұңғымасы мемлекет меншігіне қайтарылатын болса, тұрғындардың суға қолжетімділігі сақталып қана қоймай, бұрынғы пайдаланушы тарапқа да қажетті су көлемі заңда белгіленген тәртіппен берілуі қарастырылып отырғаны айтылды. Бұл жерде мемлекет тарапынан теңгерімді ұстаным байқалады: бір жағынан, қоғамдық мүдде қорғалса, екінші жағынан, жеке кәсіпкердің құқықтары да назардан тыс қалмайды. Мұндай тәсіл құқықтық мемлекет қағидаларының нақты көрінісі ретінде бағалануға лайық.
Мәселенің құқықтық қырына келер болсақ, облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан сотқа талап-арыз жолданып, «Рауан» ЖШС-на тиесілі 0,15 гектар жер телімін жалға беру туралы шешімді заңсыз деп тану мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл іс сот өндірісінде, яғни түпкілікті шешім тек құқықтық рәсімдер толық аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады. Бұл жағдай да су ресурстарын басқарудағы кез келген даулы мәселенің тек заң аясында шешілуі қажеттігін тағы бір мәрте айқындай түседі.
Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жүргізген тексеріс нәтижесінде «Рауан» ЖШС-на қарасты ұңғыманың санитариялық қорғау аймағына қатысты жобалық құжаттамасының тиісті қорытындысы жоқ екендігі анықталған. Бұл – техникалық қана емес, қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды кемшілік. Нәтижесінде сот шешімімен серіктестікке айыппұл салынған. Мұндай шаралар, бір жағынан, жауапкершілікті күшейтсе, екінші жағынан, алдағы уақытта ұқсас заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тетік ретінде қызмет етеді.
Бұдан бөлек, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметтері де жағдайдың күрделілігін аша түседі. Атап айтқанда, ұңғымадан алынатын су көлемінің белгіленген лимиттен асқаны, сондай-ақ су беру құбырларында есепке алу құралдарының орнатылмағаны анықталған. Бұл – ресурсты бақылаусыз пайдалану қаупін күшейтетін факторлар. Мұндай жағдайда су шығынының нақты көлемін анықтау қиынға соғып, бұл өз кезегінде жалпы жүйенің тиімділігін төмендетеді. Осы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік іс қозғалып, айтарлықтай көлемде айыппұл салынуы – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған қадам.
Ең маңыздысы – бұл мәселеге жергілікті тұрғындардың да белсенді араласуы. Олар аталған су ұңғымасын мемлекет меншігіне қайтару туралы талап қойып отыр. Бұл халықтың су ресурстарының әділ әрі ашық басқарылуына деген сұранысының артқанын білдіреді. Қоғамдық бақылаудың күшеюі – кез келген саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Жалпы алғанда, Дербісек ауылындағы «ТП-32» ұңғымасына қатысты жағдай су ресурстарын басқарудағы жүйелік мәселелерді айқындай отырып, оларды шешудің құқықтық, әкімшілік және әлеуметтік тетіктерін қатар қарастыру қажеттігін көрсетеді. Бұл оқиға табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, заң үстемдігін сақтау және қоғамдық мүддені қорғау секілді кең ауқымды мәселелердің тоғысқан тұсы. Сондықтан мұндай жағдайлардан алынатын сабақ – тек нақты шешім қабылдаумен шектелмей, болашақта осындай түйткілдердің алдын алуға бағытталған жүйелі реформаларға ұласуы тиіс.
С.Бақберген
Түркістан облысы