Жаңа буын мектебі деген не?
Алматыда жаңа буын мектептерінің жұмысы жанданып келеді, мұны білім беру саласындағы тың серпілістердің бірі деп бағалауға болады. Қалалық білім басқармасы мен аудандық бөлімдердің ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында журналистер Алатау ауданындағы заманауи білім ордаларын аралап, олардың материалдық-техникалық базасымен, оқыту тәсілімен және оқушыларға жасалған мүмкіндіктермен танысты.
Бұл бастама елімізде білім сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі болып отыр. Әсіресе «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордалары уақыт талабына сай инфрақұрылым мен инновациялық шешімдердің тоғысқан тұсы саналады.
Қазір Алматыда 314 мыңнан аса оқушы білім алып жүр. Қалада 31 мыңнан аса орын тапшылығы сақталып отыр. Мамандар мұны мегаполистің дамуына орай туындаған өзекті мәселелердің бір екенін айтады.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет кейінгі жылдары мектеп құрылысына ерекше көңіл бөліп келеді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Алматыда 35 мыңға жуық оқушыға арналған 21 мектеп салынған. «Биыл 23 мың оқушыға арналған 13 мектеп жұмыс істеп тұр, тағы 8 мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі», – дейді білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмұрзаева.
Бұл деректер мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Елімізде мектеп салу бағытында бірнеше ірі бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, өңірлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы білім беру нысандарының саны артып, сапасы жақсарып келеді. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – үш ауысымды оқуды жойып, апатты мектептердің мәселесін шешу және әрбір балаға қолжетімді, сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Баспасөз туры барысында Алатау ауданындағы мектептер ерекше назарда болды. Өйткені бұл өңірде оқушы орындарының тапшылығы 5 мыңнан асады. Жаңа мектептердің салынуы осы мәселені біртіндеп шешіп, білім беру сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Мысал ретінде №213 мектепті атауға болады. Білім ордасы 2000 оқушыға арналған, қазір онда 1 625 бала білім алып жатыр.
«Материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік деңгейі жоғары: мектеп ішінде – 134, сыртында 43 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлық жүйе полиция және білім басқармасымен біріктірілген», – дейді мектеп директоры Өмірбек Айтуғанұлы.
Жаңа буын мектептерінің басты ерекшелігінің бірі қауіпсіздік, цифрландыру және жайлы орта екенін айта кеткен жөн.
Жаңа буын мектептері деген не? Мұны жай жаңа ғимарат деп емес, білім беру философиясының өзгеруі деп бағалаған жөн. Мұндай мектептерде «оқушы тұлғасы басты назарда болады; заманауи технологиялар кеңінен қолданылады; білім беру мазмұны тәжірибеге негізделеді; қауіпсіздік пен қолжетімділік жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі». Яғни мұндай мектепте оқушы білім алушы ғана емес, болашақ маман, зерттеуші әрі шығармашыл тұлға болып қалыптасады.
Жаңа мектептер толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған. Оқу процесінде 3D-принтер, робототехника құрылғылары, дрон, жасанды интеллект элементтері және виртуалды шындық кеңінен қолданылады.
«VR-көзілдірік арқылы зертханада сабақ өткізіледі, ал Canva сияқты платформалар оқу материалдарын дайындауда қолданылады», – дейді директор.
Бұл тәсілдер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мектептерде цифрлық бақылау жүйелері енгізілген. Кіру картасы мен асханадағы Face ID жүйесі қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға арналған.
Жаңа буын мектептері инклюзивті білім беруді де назардан тыс қалдырмайды. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға барлық жағдай жасалған. Сенсорлы бөлме, логопед және дефектолог кабинеттер бар.
«Мұнда балалар тынышталып, жайлы ортада білім ала алады», – дейді №154 мектеп директоры Қаламқас Алмасбаева.
Бұл білім беру жүйесінің гуманистік бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа мектептердің тиімді екенін ата-аналар да айтып отыр. Олардың айтуынша, мектептегі тәжірибе сабақтары балалардың білімді терең меңгеруіне ықпал етеді.
Жаңа мектептер оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше мән береді. Мысалы, кітапхана мен ағылшын тілі мұғалімдерінің қолдауымен оқушылар ағылшын тілінде шығармалар оқып, сахналық қойылымдар қояды. Мұны жаңа білім беру моделінің нақты нәтижесі деп бағалауға негіз бар.
Алматыдағы баспасөз туры «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі шарамен жалғасты. Мектеп аумағында «Түлектер аллеясы» ашылып, оқушылар мен ұстаздар ағаш отырғызды.
Алатау ауданындағы жаңа мектептер білім беру саласындағы үлкен өзгерістердің айқын көрінісі болып отыр. Оларды жай инфрақұрылымдық жоба деп емес, болашақ ұрпақты тәрбиелеудің жаңа үлгісі деп қабылдаған жөн. «Келешек мектептері» жобасы нақты нәтиже бере бастады. Ол оқушылардың сапалы білім алып, технологияны меңгеруіне және заманауи қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Қуан Өмірхан
Алматы қаласы