Ақтөбе облысында есірткі сатты деген күдікпен екі полиция қызметкері ұсталды
Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз өткізді деген күдікпен екі полиция қызметкерін ұстады.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер көліктегі желілік полиция бөлімінің ғимараты маңында қылмыс үстінде қолға түскен. Ұсталғандардың қатарында полиция майоры шеніндегі жедел уәкіл мен кіші инспектор-кинолог бар.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бұл баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында өмір бойы қызмет атқару құқығынан айыруды көздейді.
Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмысқа өзге тұлғалардың қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеріп жатыр.