Атыраудағы отбасы өлімі: марқұмдардың туыстары 70 млн теңге өтемақы талап етті
Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты сот отырысында жәбірленуші тарап айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтен 70 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді талап етті.
Кезекті сот отырысында қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шылмағанбетова азаматтық талап-арыз түсірді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасының өмірі күрт өзгерген. Туыстарының көпшілігі ауыр психологиялық соққы алған, ал кейбірінің денсаулығы сыр берген.
– Өзімнің де жүрегім сыр бере бастады. Бұл қайғы бүкіл әулетке ауыр тиді, – деді жәбірленуші.
Сондай-ақ марқұмдардың жерлеу рәсімдері мен ас беру шығындарына қомақты қаражат жұмсалғаны айтылды.
Ал қаза тапқан Нәсіп Өтешқалиеваның туыстары моральдық немесе материалдық шығынды өтеу туралы жеке талап қойған жоқ.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде Атырау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті департаменті де танылған. Ведомство сотталушыдан 776 мың теңгеден астам қаржы өндіріп беруді сұрады. Бұл бұрын марқұмдарға төленген зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен мүгедектік жәрдемақыларына қатысты талап.
Өз кезегінде Сұлтан Сәрсемәлиев келтірілген шығынды өтеуден бас тартпайтынын, алайда қазіргі уақытта жылжымайтын мүлкі жоқ екенін және материалдық жағдайының ауыр екенін айтты.

Пышақ жарақаттарының тереңдігі 18 сантиметрге жеткен
Сотта сот-медициналық сарапшы Сержан Сейдешов жауап берді.
Оның айтуынша, Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіті эксгумацияланған кезде бас сүйегінің денеден бөлек табылуы табиғи ыдырау процестерімен байланысты.
Сараптама барысында оның сүйек қалдықтарынан он пышақ жарақаты анықталған.
Сарапшының мәліметінше, Мақсот Қарабалинге, Нәсіп Өтешқалиеваға және Мейрамгүл Қарабалинаға салынған кейбір жарақаттардың тереңдігі 18 сантиметрге дейін жеткен. Бұл қолданылған пышақ жүзінің ұзындығы кемінде осындай болғанын көрсетеді.
Ал Мейрамгүл Қарабалинаның денесінен 32 пышақ жарақаты анықталған.
– Бір ғана соққыдан екі жарақат пайда болуы мүмкін. Сондықтан анықталған жарақат саны нақты соққы санымен сәйкес келе бермейді. Біздің пайымдауымызша, Мейрамгүл Қарабалинаға шамамен 27 рет соққы жасалған, – деді сарапшы.
«Жалғыз болсам, ұстатпас едім»
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев қамауға алынбауға мүмкіндігі болғанын да айтты.
– Мұны ашық айтамын. Егер жалғыз болғанымда, мені ұстай алмас еді. Бірақ әйеліммен бірге жүрген соң ұзап кете алмадым, – деді айыпталушы.
Сондай-ақ оның үш ұялы телефон пайдаланғаны белгілі болды.
Сотта Сәрсемәлиев 2024 жылдың тамыз айында Наурыз Мұқанғалиев пен Нәсіп Өтешқалиева арасында болған WhatsApp хат-хабарларын көрсетпек болды. Оның сөзінше, жазбаларда өзінің де аты аталған.
Алайда сот отырысы кезінде қосымшаны ашып, хат алмасуды көрсету мүмкін болмады.
Жангелдин ауылындағы төрт адамның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр.