Тегеран АҚШ-пен келісім бойынша міндеттемелерін орындаудың шартын атады
Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ өз міндеттемелерін орындаған жағдайда ғана Тегеран да келісім талаптарын орындайтынын мәлімдеді.
Саясаткер X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Иран мен АҚШ арасындағы кез келген келісім өзара құрмет пен екі тараптың міндеттемелеріне негізделуі тиіс екенін, ал қоқан-лоқы мен біржақты қысымға сүйенбеуі қажет екенін жазды.
«Өзара түсіністік – екіжақты көше. Егер америкалық тарап келісімді сақтаса, біз де өз міндеттемелерімізді орындаймыз. Қару күшімен қорқыту мен негізсіз қысымға біз парасаттылық пен адамдық қадір-қасиетке сүйене отырып жауап береміз. Ал әрекет ету қажет болған жағдайда, өзімізді батыл әрі табанды қорғаймыз», – деді Пезешкиан.
Иран тарапы әділдік пен теңдік қағидаттарына негізделген байыпты диалогқа дайын екенін бірнеше рет мәлімдегенімен, елдің егемендігі мен ұлттық мүддесін қарумен қорғауға да әзір екенін атап өтті.
Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи АҚШ-пен техникалық келіссөздер екіжақты өзара түсіністік туралы 14 тармақтан тұратын меморандумның негізгі талаптары толық орындалғаннан кейін ғана басталатынын айтты.
Оның сөзінше, Иран жақын күндері АҚШ-пен Катар аумағында келіссөз өткізуді жоспарлап отырған жоқ.
Дипломаттың айтуынша, келіссөздердің басталуы меморандумдағы бірқатар маңызды тармақтың орындалуына байланысты. Олардың қатарында Ливан аумағындағы әскери іс-қимылдарды тоқтату, Иранның бұғатталған активтерін босату, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалыпқа келтіру және АҚШ берген лицензия негізінде Иранның мұнай өнімдерін сатуға мүмкіндік алуы бар.
18 маусымға қараған түні Иран мен АҚШ әскери қақтығысты тоқтатуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қашықтан қол қойған болатын. Құжатта АҚШ-тың теңіз блокадасын алып тастау мерзімі мен Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру тәртібі де белгіленген.
Сонымен қатар Иран ядролық қару иеленбеуге міндеттеме алды. Елдің ядролық бағдарламасына қатысты мәселе бөлек келісім аясында қаралып, тараптар бұл бағытта 60 күн ішінде келіссөз жүргізуге келіскен. Келіссөздердің басты нәтижесі ретінде Тегеран Иранға қарсы санкциялардың алынуын күтеді.