Live

Қызылордада ұлтаралық келісім мен бірлікті сақтау мәселесі талқыланды

Қызылордада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті.

келісім

Қызылорда облысында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жуырда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов төрағалық етті.

Кеңес жұмысына өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ассамблея жанындағы құрылымдар мен белсенді азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Басқосу барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды.

Күн тәртібіндегі басты мәселелер

Кеңесте өңірдегі этносаралық тұрақтылықты сақтау, Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру, қоғамдық-саяси процестердегі орнын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің әлеуетін арттырып, жастарды бейбітшілік пен толеранттылық идеясына тарту бойынша ұсыныстар айтылды.

Күн тәртібінде облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі екі орынбасарын сайлау мәселесі де қаралды. Бұл қызметті бұған дейін атқарып келген түрік этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі, тәжірибелі ұйымдастырушы Дильфура Байрахтарова көпшіліктің қолдауымен қайта сайланды. Сонымен қатар шешен этномәдени бірлестігінің ардагері, қоғамда беделді азаматтардың бірі Хусайн Домбаевтың кандидатурасы ұсынылып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Жаңа сессияға дайындық

Кеңес соңында басқарма басшысы Руслан Мұхамедәліұлы алдағы жоспарлар жайын қозғады. Оның айтуынша, таяу күндері Қызылорда облысының әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Ассамблеяның XXVII сессиясы өтеді. Аталған сессия «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында ұйымдастырылады.

– Қазір сессияға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Іс-шаралар жоспары әзірленіп, қоғам өкілдерімен кездесу, ақпараттық түсіндіру және мәдени-ағартушылық бағыттағы бірқатар бастамалар қолға алынды. Сессия барысында Мемлекет басшысының Ассамблея қызметіне қатысты хаттамалық тапсырмалары сараланып, нақты міндеттер айқындалады. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Баршаңызды осы маңызды бастамаларды бірлесіп іске асыруға шақырамын, - деді басқарма басшысы.

Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі

Отырыс барысында қатысушылар түрлі ұсыныс-пікірлер айтып, Ассамблея жұмысын жаңғырту жолында бірлесіп әрекет етуге ниет білдірді. Бұл – өңірдегі этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуына жол ашатын нақты көрсеткіш.

Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік – елдің ішкі тұрақтылығы мен өркендеуінің басты кепілі. Қызылорда облыстық ҚХА кеңесінің кезекті отырысы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мен жаңа белестерге жетуге жол ашатыны анық.

Оқыңыз