Павлодар облысында жол апатынан төрт адам зардап шекті
31 мамыр күні Павлодар облысында болған жол апаты салдарынан төрт адам жарақат алды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша, Hyundai Tucson автокөлігінің жүргізушісі жол жиегіндегі қисық металл қоршауға соғылған.
«Жол апатынан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының ақпаратына сәйкес, зардап шеккен төрт адамның екеуі ауыр жарақаттар алып, травматикалық шок жағдайында ауруханаға түскен. Оларға оқиға орнында толық көлемде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, кейін Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілген.
Белгілі болғандай, 2005 жылы туған зардап шеккен азаматтың бір аяғы жұлынып кеткен. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлікті 2004 жылы туған жүргізуші басқарған. Автокөлік «Яндекс Такси» қызметі арқылы жолаушылар тасымалдаған.
Апат болған Астана – Павлодар тас жолының бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты қозғалыс бір бағытта ұйымдастырылған және көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Бұл туралы жол бойында арнайы ескерту белгілері орнатылған.
Зардап шеккендердің туыстары оқиғаның куәгерлерінен хабарласуды сұрап отыр.