Әлеумет

Қостанай облысында заңсыз құм өндірген кәсіпорын басшысы сотқа тартылды

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті жер қойнауын заңсыз пайдалану және пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру фактілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

Сот

Тергеу амалдарына сай, «СТС-Цемент» ЖШС-нің басшысы мемлекет белгілеп берген жер қойнауы учаскесінен тыс жерде, Тобыл өзенінің арнасы мен жағалауынан өнеркәсіптік көлемде өзен құмын заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Жұмыстар өзен түбінен екі жер снарядтың көмегімен гидромеханикаландырылған тәсілмен жүргізілген. Өндірілген өзен құмы байланысы бар кәсіпорындарға өткізілген. Жалпы сатылған құм көлемі 113 мың текше метрден асып, оның құны 719 млн теңгені құрады.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан су және жер ресурстарына елеулі экологиялық зиян келтірілген. Атап айтқанда, Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, жағалау сызығы бұзылған, гидрологиялық режимге нұқсан келіп, батпақтанған аумақтар пайда болған. Ғарыштық түсірілімдердің деректеріне сәйкес, су қоры жерлерінің бүлінген аумағы 28 мың шаршы метрден асқан. Табиғи кешенді қалпына келтіру үшін жағалауды бекіту, өзен арнасын тазарту және бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмыстары қажет.

Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, 12 автокөлікке, 10 жер учаскесіне және бір тұрғын емес үй-жайға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз