Әлеумет

Трамп Конгресті Иранмен соғыс тоқтағаны туралы хабардар етті

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгреске хат жолдап, Иранмен сәуір айында жасалған атысты тоқтату келісімі соғысты іс жүзінде тоқтатқанын мәлімдеді.

Трамп

Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Ақ үй осылайша Конгрестен арнайы рұқсат алмастан жүргізілген әскери операциялардың заң аясында болғанын көрсетуге тырысып отыр.

1973 жылғы заңға сәйкес, АҚШ президенті Конгрестің рұқсатынсыз әскери іс-қимылдарды тек 60 күнге дейін жүргізе алады. Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттер басталғаны туралы Конгресті екі күннен кейін хабардар еткен, сондықтан бұл мерзім ресми түрде 1 мамырда аяқталған.

Президент өз хатында атысты тоқтату күшіне енгеннен бері тараптар бір-біріне оқ атпағанын атап өткен.

«2026 жылғы 28 ақпанда басталған әскери әрекеттер тоқтатылды», – делінген хатта.

Алайда Конгрестегі демократтар бұл пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, атысты тоқтату соғыстың толық аяқталғанын білдірмейді. Олар АҚШ әскери кемелерінің Иран мұнай экспортына тосқауыл қойып тұрғанын қақтығыстың жалғасып жатқанын дәлел ретінде келтіруде.

Сенатор Джинн Шейхин «Қақтығыс басталғанына 60 күн өтті, бірақ президенттің бұл соғыстан шығудың нақты стратегиясы әлі жоқ» деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Дональд Трамп өз хатында да қақтығыс толық аяқталмауы мүмкін екенін мойындап, Иранның АҚШ пен оның қарулы күштері үшін әлі де «елеулі қауіп» болып отырғанын айтқан.

Сол күні IRNA агенттігі Тегеранның Пәкістан арқылы АҚШ-қа жаңа келісім ұсынысын жолдағанын хабарлады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз