Тоқаев Қырғызстан Жогорку Кеңешінің төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Жогорку Кеңешінің төрағасы Марлен Маматалиев қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент қонақты қарсы алып, оның Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
– Сіздің елімізге келуіңізге қуаныштымыз. Бұл сапардың маңызы зор. Ол екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп сенемін. Біздің мемлекеттер арасында ешқандай қайшылықтар мен келіспеушіліктер жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөз тарихи шындықты білдіреді. Бауырлас халықтар ретінде біз алдағы уақытта да тату көршілік қатынастарымызды нығайта береміз. Қырғыз Республикасының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Біз бұл оң үрдісті қолдаймыз. Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – ел үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін тарихи оқиға. Осы айтулы жетістікке байланысты мен Президент Садыр Жапаров атына құттықтау жолдадым, – деді Тоқаев.
Президент Маматалиевтің Қазақстанға алғашқы ресми сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Өз кезегінде Марлен Маматалиев қабылдау ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың сәлемін жеткізді.
– Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық реформаларды қырғыз тарапы толық қолдайды. Бұл реформалар әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құрудың берік негізін қалайды. Сізге және бауырлас қазақ халқына бейбітшілік, өркендеу және жоспарланған реформаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін, – деді ол.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар екі елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасты.
Келіссөз қорытындысында тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға бейілді екенін растады.