Трамп, Путин және Си Цзиньпин Қытайда кездесті: үш держава не талқылап жатыр?
Трамп, Путин және Си Цзиньпин Қытайда кездесті: үш держава не талқылап жатыр?
19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің тарихи үшжақты кездесуі басталды
Келіссөздер Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында өтіп жатыр. Бұл – үш ел басшысының алғаш рет осындай форматта бас қосуы.
Кездесудің басты тақырыптары – Украинадағы соғыс, Иран төңірегіндегі жағдай, ядролық қаруды қысқарту және халықаралық қауіпсіздік мәселелері.
Келіссөздер басталар алдында Трамп үш державаның тікелей диалог жүргізуінің маңызын атап өтті. Ол ядролық қаруды қысқарту мәселесін талқылауды ұсынды.
«Біз шынымен де тарих жасап жатырмыз», – деді АҚШ президенті.
Ал Владимир Путин экономикалық байланыстар, энергетикалық қауіпсіздік және аймақтық қақтығыстар мәселелерін көтерді. Ресей басшысы Украинадағы соғысты бұған дейін Трамппен және Си Цзиньпинмен жеке кездесулерінде талқылағанын жеткізді.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин үшжақты саммитті тарихи оқиға деп атады.
Reuters мәліметінше, тараптардың ядролық қаруды бақылау мәселесіндегі ұстанымдары әртүрлі. АҚШ бұл бағытта жаңа келісімге қол жеткізуді көздесе, Қытай ядролық арсеналын шектеуге сақтықпен қарайды.
Келіссөздердің Украинадағы соғысты тоқтатуға ықпалы да халықаралық қауымдастықтың назарында. Алайда Украина өкілдері бұл үшжақты кездесуге қатысып отырған жоқ.
Әзірге тараптардың нақты келісімге келгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Сарапшылар үш ел арасындағы қайшылықтарды ескере отырып, кездесуден бірден ірі дипломатиялық нәтижелер күтпеуге шақырады.