Ақмола облысында вейп саудасынан 221 млн теңге тапқан қылмыстық топ ұсталды
Ақмола облысында вейптерді, оларға арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштерді заңсыз сатумен айналысқан топтың әрекеті әшкереленді.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер тыйым салынған өнімдерді әлеуметтік желілердегі онлайн-дүкендер арқылы өткізіп отырған.
Тапсырыстарды сатып алушыларға курьерлер жеткізген. Заңсыз бизнесті жасыру үшін ұйымдастырушылар қаржы айналымын бүркемелеудің түрлі тәсілдерін қолданған. Атап айтқанда, ақша аудару мен қолма-қол қаражатқа айналдыру үшін дропперлердің қызметіне жүгінген.
Алдын ала есеп бойынша, заңсыз саудадан түскен табыс көлемі 221 миллион теңгеге жеткен.
Тергеу аясында күдіктілерге тиесілі мүлікке шектеу қойылды. Сот шешімімен олардың пәтері мен автокөлігіне тыйым салынып, қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген негізгі күдікті қамауға алынды.
Құзырлы органдардың мәліметінше, жыл басынан бері вейп өнімдерін заңсыз сатуға қатысты 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 717 мыңнан астам өнім тәркіленген.