Астаналық тұрғын концертке жалған билет сатқан
Астанада әлеуметтік желі арқылы концертке жалған билет сатып, екі адамды алдаған 30 жастағы ер адам сотталды.
Тергеу дерегіне сүйенсек, ол алдымен ресми сайттан екі билет сатып алған. Кейін билеттердің деректерін өзгертіп, жалған нұсқаларын жасаған. Содан соң Threads әлеуметтік желісінде билеттерді сататыны туралы хабарландыру жариялаған.
Оған екі адам, соның ішінде кәмелетке толмаған азамат та хабарласқан. Сатып алушылар сатушыға тиісінше 50 мың және 40 мың теңге аударған. Ақшаны алғаннан кейін ер адам екеуін де бұғаттап, байланысқа шықпай қойған.
Осылайша, жәбірленушілерге келген жалпы шығын 90 мың теңгені құрады.
Сот кінәні толық мойындауы мен келтірілген залалды өтеуін ескеріп, ер адамды екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сондай-ақ оған жазаның бүкіл мерзімі бойы пробациялық бақылау белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.