Банк кассирі 88 жастағы әженің 13 млн теңгесін сақтап қалды
Астанада банк қызметкерлері мен полиция алаяқтардың арбауына түсе жаздаған зейнеткерді құтқарып қалды.
Қарт әйел барлық жинағын беруге шақ қалған. Ол алаяқтардың айтқанымен депозитінен 7 миллион теңге шешіп үлгерген кезде күмәнді әрекет әшкереленді. Кассирлер телефоннан көз алмай, біреудің нұсқауын орындап тұрған егде жастағы клиенттің қатты қобалжып тұрғанын байқап, бірден полицияға хабар берген.
Алаяқтардың схемасы бірнеше кезеңнен тұрған. Алдымен олар өздерін телекоммуникация компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, «модемді ауыстыру» сылтауымен зейнеткердің сеніміне кірген. Кейін әңгімеге жалған полиция қызметкерлері араласып, оның банктік шоттарына кибершабуыл жасалып жатқанын айтып қорқытқан.
Олар әйелді ақшасын «сақтап қалу үшін» барлық жинағын шешіп алуға көндіріп, қаражатты қалай буып-түю және оны «банктің уәкілетті қызметкеріне» қалай тапсыру керектігін егжей-тегжейлі түсіндірген. Нәтижесінде әйел депозитінен 7 миллион теңге шешіп алған.
Бұдан бөлек, алаяқтар одан басқа бөлімшеден тағы 6 миллион теңге алуды және үйдегі қолма-қол ақшаны тапсыруды талап еткен.
Алайда банк қызметкерлері мен полицияның дер кезінде араласуының арқасында алаяқтық әрекеттің жолы кесіліп, зейнеткердің барлық қаражаты сақталып қалды.