Сараптама

Әл-Фараби даңғылындағы өліммен аяқталған жол апаты: прокуратура полицейге қатысты іс туралы мәлімет берді

Алматы прокуратурасы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол-көлік оқиғасына қатысты жаңа мәліметтерді жариялады.

Жол апаты

Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Үш адамның қазасына әкелген апат фактісі бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы 4-бөлігімен («Мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу») тергеліп жатыр.

Бұл бап бойынша жаза – 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру.

Бұған дейін іс 345-баптың 4-бөлігімен («Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу») қаралған болатын. Ол бойынша жаза 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 7 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салуды көздейді.

Прокуратура мәліметінше, іс бойынша барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Тағы бір қылмыстық іс

Негізгі іспен қатар, полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Еске салайық, 26 наурызда ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.

Прокуратураның хабарлауынша, бұл іс ҚР ҚК 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы («Қызметтік әрекетсіздік, ауыр салдарға әкелген») бойынша тергелуде. Аталған бап бойынша жаза – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру.

Сонымен қатар бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Іс қашан сотқа жолданады?

30 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов істегі негізгі сараптамалардың басым бөлігі аяқталғанын айтты.

Оның сөзінше, алдағы екі аптада тергеу аяқталып, іс сотқа жолдануы мүмкін.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдікулов көшесінің қиылысында болған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes автокөлігімен соғысқан.

Апат салдарынан 29 жастағы жүргізуші және Mercedes көлігіндегі 20 және 22 жастағы екі қыз оқиға орнында қаза тапты.

Zeekr жүргізушісі тірі қалып, ауруханаға жеткізілген. 26 наурызда сот оны қамауға алды. Сараптама оның апат кезінде жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсетті. 7 сәуірде күдікті ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз