Грузияда орысша сөйлеген әйелдің мұрнын сындырған күдікті қолға түсті
Грузияның Телави қаласындағы қонақүйлердің бірінде ресейлік әйелді соққыға жықты деген күдікпен ер адам ұсталды.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал әйелдердің орыс тілінде сөйлегенінен кейін басталған. Олардың сөзінше, қыздар қонақүй балконында тұрған кезде шампан шашырап кеткен. Осы сәтте төменде тұрған ер адам олардың орысша сөйлеп тұрғанын естіп, бөлмеге көтеріліп, әйелдердің біріне шабуыл жасаған. Салдарынан жәбірленушінің мұрны сынған. Алайда Грузия Ішкі істер министрлігі оқиғаның басқа нұсқасын келтірді.
Ресми мәліметке сәйкес, қыздар қонақүй маңында өтіп жатқан той қонақтарын балағаттап, музыкалық аппаратураға су шашқан. Осыдан кейін той қонақтарының бірі олардың бөлмесіне көтеріліп, жанжал төбелеске ұласқан.
Sputnik Georgia мәліметінше, ұсталған азаматқа үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.