Қызылордадағы жұмысшы жастар слеті: жалпыұлттық бірлік, даму, жаңа мүмкіндіктер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, қоғам назарын еңбек адамына аударуға, жұмысшы кәсібінің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды бастама көтерді.
Бұл бастама аясында еліміздің барлық өңірінде жүйелі жұмыстар қолға алынып, түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сыр өңірі де бұл бағыттан шет қалмай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен арнайы кешенді жоспар қабылданып, нақты жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – Қызылорда қаласында ұйымдастырылған «Жұмысшы жас мамандар слеті». Ауқымды жиынға еліміздің түрлі өңірлерінен және облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 100-ден астам жұмысшы жас маман қатысты.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жастар саясаты, кәсіби бағдар және техникалық білім беру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіліп жатыр.
Қазіргі таңда өңірде 28 колледж жұмыс істесе, оның 19-ында 45 мамандық және 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярлануда. Жалпы саны 20 мыңнан астам студенттің 4890-ы – дәл осы жұмысшы мамандықтарында білім алып жатыр. Сонымен қатар колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, биыл екі оқу орнында тігін цехтары ашылды.
Өңірлік білім беру жүйесінің халықаралық деңгейге шығуы да назарда. Түркия, Германия, Польша, Қырғызстан, Латвия, Ресей, Өзбекстан сынды елдердің 7 халықаралық, 98 республикалық және 56 аймақтық оқу орындарымен 161 ынтымақтастық меморандумы бекітілген. Оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында «Мансап компасы» платформасы іске қосылып, 3 мың оқушыға бағыт-бағдар берілді. Сондай-ақ, 20 мың оқушы кәсіпорын базаларымен танысып, тәжірибеден өтті. 40 мектепте бейінді сыныптар ашылды. Бұл – ертеңгі білікті мамандардың іргетасы дәл мектеп қабырғасынан қаланатынын көрсетеді.
Облыста ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Жаңа өндіріс ошақтарының ашылуы жұмыс орындарының көбеюіне жол ашты. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандық иелеріне деген сұраныстың артуына себеп болуда. Слет аясында жастар бастама көтеріп, «Қызылорда облысының жұмысшы жас мамандарының ассоциациясын» құру жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастамаға өзге өңірден келген қатысушылар да қолдау білдіріп, оны республикалық деңгейге шығаруға мүдделі екенін жеткізді.
Жиын соңында ел мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жастар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қатысушылар өңірдегі ірі кәсіпорындарды, өндіріс орындарын, спорт және мәдени нысандарды аралады. Атап айтқанда, «Orda Glass Ltd» шыны зауыты, Бесарық ауылындағы өндірістік нысандар, «Qaysar Arena» стадионы, Оқушылар сарайы, Теннис орталығы, музыкалық колледж, тарихи-өлкетану музейі мен «Анаға тағзым» орталығы жастар назарына ұсынылды.
Сонымен қатар слетке қатысушылар С. Ықсанов атындағы құрылыс және бизнес колледжі мен И. Әбдікәрімов атындағы политехникалық колледждің оқу-өндірістік базасымен танысты. Жастар мұнда заманауи жабдықтармен жабдықталған шеберханаларды көріп, өндірістік тәжірибенің барысын өз көздерімен көрді.
Айта кетейік, 25 шілде күні слет делегаттары Байқоңыр қаласына арнайы сапар жасап, әлемге әйгілі ғарыш айлағымен, тарихи нысандармен танысады. Бұл сапар жастарға ғылым мен техниканың жетістіктерін көру, Байқоңырдың ел дамуындағы орны жайлы тереңірек мағлұмат алу мүмкіндігін береді.
Қоғамдық келісім мен этносаралық татулық – басты тірек
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы бұл бастамалар жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға да бағытталған. Өңірдің барлық аудандарынан жиналған түрлі ұлт өкілдері – қазақ, орыс, өзбек, кәріс, түрік және басқа этностардың жастары бір мақсатта бас қосып, ортақ мүдде үшін тәжірибе алмасып, болашаққа бірге қадам басуда. Бұл – Қазақстандағы этносаралық татулықтың, бейбітшіліктің және қоғамдық келісімнің айқын көрінісі.
Бірлік пен еңбек ұштасқан жерде – даму мен өрлеу бар. Ал жастар – сол дамудың қозғаушы күші.