Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы Қызылордада мазмұнды шарамен аталып өтті
Аймақта бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар жария етілді.
Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты ХХVII сессия өтті.
Жиынға Мәжіліс депутаттары Қарақат Абден, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен БАҚ журналистері қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде Ассамблеяның мерейтойы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, «Қазатомпром» компаниясының қолдауымен құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын жаңа «Достық үйінің» құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні негізі қаланып, қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сонымен қатар, өткен жылы өңірде «Руханият жылы» жарияланып, барлық 7 ауданда қоғамдық келісім кабинеттері, кітапхана, музей, жастар сарайы, аналар мен ардагерлер үйлері орналасқан «Руханият орталықтары» салынғаны айтылды.
– Бір мақсат, бір мүдде аясында әрекет ету – әр азаматтың парызы. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау – ортақ міндетіміз. Алдағы уақытта Достық үйі тек бірлік символы ғана емес, туристік және мәдени орталық ретінде де қызмет етеді, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сессияда этносаралық татулықты сақтау бағытында бірқатар нақты ұсыныстар талқыланып, жұмыс жоспары нақтыланды. Облыс басшысы алдағы уақытта Ассамблея құрылымдарының кеңесін жүйелі өткізу, тиімділікті арттыру үшін кешенді ұсыныстар дайындау қажеттігін айтты.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Ассамблея төрағасының орынбасары Дильфура Байрахтарова, «DaRALAce» шығармашылық үйінің негізін қалаушы Светлана Цой, сондай-ақ журналист Айнұр Тұңғышбаева сөз алып, Ассамблеяның қоғамдағы рөліне қатысты пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай медальдармен, Президент Әкімшілігі мен облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қорытындылай келе, Қызылордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясы өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға жаңа серпін берді. Сессия барысында бірлік пен ынтымақты дәріптейтін нақты бастамалар ұсынылып, халықтар достығын одан әрі тереңдетуге бағытталған жобалар таныстырылды. Аймақта бой көтеретін «Достық үйі» мен «Руханият орталықтары» ел бірлігінің берік тірегіне айналмақ. Бұл — татулықты ту еткен Қызылорда жұртшылығының жарқын болашаққа деген сенімінің белгісі.